Экономика • 15 Тамыз, 2022

Орталық және Оңтүстік Азия интеграциясы Еуропаға жол ашады

537 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақстан сауда тасымалдарын нығайту жолында Орталық Азия елдерімен кең тынысты қарым-қатынас орната бастады. Алдағы бес жыл – Орталық Азияның транзиттік мүмкіндіктерінің кеңейе түсіп, бес елдің бір-біріне шынымен қолғабыс тигізер сәті. Осы бес жылдықта қолға алынған бастамалар сәтті болса, онда одан әрі қарай сауда байланыстарындағы оңтүстік дәліздің басымдығы біржола артып, шын мәніндегі азиялық интеграция көрініс бермек.

Орталық және Оңтүстік Азия интеграциясы Еуропаға жол ашады

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шолпан-Атада өткен Орталық Азия мемле­кет бас­шыларының IV консуль­татив­тік кездесуінде өңірдегі ынты­мақ­тастық пен дамуға серпін бере­тін 6 негізгі бағытты атап өт­кен еді.

Олар – өңірдің қауіпсіздігі, мемлекетаралық шекара дауларын шешу, экономикалық кооперация, трансконтиненталдық сауда, өңірдегі климат өзгерісі және мәдени-гуманитарлық байланыс.

Әңгімемізге арқау болары – төртінші, трансқұрлықтық сауда қатынасы бағыты. Мемлекет басшысы «Мазари-Шариф – Кабул – Пешавар» теміржол құрылысына қатысуға Қазақстанның дайы­н екенін айтып, серіктестерді «Қа­зақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолын белсенді пай­далануға шақырған еді. Пре­зидент сондай-ақ «Түрікмен­ба­шы – Қарабұғаз – Қазақстан ше­карасы» жаңа автомобиль жо­лының құрылысына да қолдау білдіретінін мәлімдеді.

«Жаңа геосаяси реалияда біздің өңірдің транскон­тинен­талдық сау­даны ілгерілету мен дамытудағы рөлі қарқынды өсуде. Осындай жағ­дайда Қазақ­стан Транскаспий ха­лық­аралық транспорт маршру­тын белсенді дамытып жатыр. 2017 жылдан бері аталған дәліз мар­шруты бо­йынша контейнер тасымалы 3 есе – 25 мыңға дейін өсті. Сонымен қатар біз «Мазари-Шариф – Кабул – Пешавар» те­мір­­жол құрылысына қатысуға дайынбыз. Атап айтқанда, темір жол­дардың үстіңгі құрылысына үздіксіз материал жеткізіп, жылжымалы құрамды қамтамасыз ете аламыз», деді Президент.

Осыдан бірер күн бұрын Түрік­менстанда «Түрікменбашы – Қа­рабұғаз – Қазақстан шекарасы» автомобиль жолы маңындағы Қа­рабұғаз-гөл шығанағын көктей өтетін автомобиль көпірінің құ­рылысы ресми түрде басталды. Ұзындығы – 354, ені 21 метр болатын көпір Қазақстан шекарасына дейін келіп тіреледі. Көпір 2024 жылдың маусымында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Түрікменстан президенті Сер­дар Бердімұхамедовтің айтуын­ша, жаңа көпір Түрік­мен­стан, Қазақстан, Ресей, Иран және Үн­дістан жүк тасымал­даушы­ла­рының қысқа мерзімде Сол­түстік және Шығыс Еуропаға шығуына мүм­кіндік береді.

Телеграмдағы dalainside каналы осы көпір «Солтүстік – Оң­түстік» халықаралық көлік дәлізін жаңа деңгейге көтереді деп пайым­дайды.

«Қазақстаннан келген жүк Түрікменстан арқылы Иранға өтіп, ары қарай Түркия арқылы Еуро­паға немесе Парсы шығанағы ар­қылы Үндістанға кете алады. Сердар Бердімұхаммедовтің тран­зиттік жобаларға бет бұруы түрікмен экономикасында транс­формациялық процестердің бас­талғанынан хабар беріп отыр. Бұл ретте, шығысты жауып тұрған Қазақстан және оның артында тұрған Қытайсыз түрікмен логис­тикасын дамыту мүмкін емес. Сондықтан президент Сердар кө­пірді тез арада салып, 2024 жылы іске қосуға тапсырма бе­ріп отыр. Осы транзиттік дәліз Қытай үшін Иранға жетудің ең тез жолы. Ал Қазақстанға өз көшін Ресей арқылы емес, оңтүстік ба­ғытпен бұрып, солтүстік көр­шінің экономикалық бопсалауын болашақта болдырмау қажет болып отыр», деп жазады канал авторы.

Осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иранға са­парлап, Түрікменстан мен Иран территориясын басып өтіп, Түркияға баратын тұңғыш кон­тейнерлік пойыз тасымалын ресми іске қосқан еді. Прези­дент­тің сөзіне сүйенсек, бұл логис­тикалық шешім 6 мыңнан аса шақырымды небәрі 12 күн­де жүріп өтуге жағдай жасайды. «KTZ Express» АҚ компаниясы ұйымдастырған қанатқақты контейнерлік пойыз 20 футтық 48 бірліктен тұрады.

«Қазақстандық Ақтау және Құрық порттары Таяу Шығыс пен Еуропа елдерінің нарығына шығуға мүмкіндік ұсынады. Түрік­менбашы портының ин­фра­құрылымын дамытып жат­қан Түрікменстан да осындай по­зиция ұстанып отыр деп сене­мін. Біздің елдер өзара транс­порттық коммуникацияны дамыту мүмкіндігін уыстан шыға­рып алмауы керек. Қазір біз Өзбек­станмен де белсенді байланыс­тамыз. «Дарбаза – Мақтаарал» темір­жол желісінің іске қосылуы өткізу қабілетін 2 есе арттырып, жүктерді тасымалдау мерзімін 1,5 есе азайтады», деп атап өткен болатын Қ.Тоқаев.

Қазақстан араласуға ынта танытып отырған «Мазари-Ша­риф – Кабул – Пешавар» темір­жол құрылысына келейік. Қы­тайдың Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Юэ Сяйонның айтуынша, бұл жобаға Қытайдың да қызығушылығы бар. «Қытай би­лігі трансөңірлік жобаларды, соның ішінде «Мазари-Шариф – Кабул – Пешавар» теміржолын және Батыс Қытай мен Орталық Азияны жалғайтын теміржол жобасына көмектесуге дайын. Мұн­дай мега-жобаларды жүзеге асыру ауған жерінде тұрақты бей­бітшілік орнатуға, сондай-ақ өңірлік өзара байланысты ны­ғайтуға ықпал етеді» дейді ол.

2021 жылдың 2 ақпанында Өзбекстан, Ауғанстан және Пә­кістан өкілдері Ташкенттегі ке­ліссөздерден кейін ұзындығы 573 шақырым, транзиттік әлеуе­ті жылына 20 млн тонна бо­латын «Мазари-Шариф – Ка­бул – Пешавар» теміржол құ­ры­лы­сы бойынша бірлескен жос­парға қол қойған еді. Жобаны қар­жыландыруға Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Еуропалық инвестициялық банк, АҚШ Ха­лықаралық қаржылық даму корпорациясы қызығушылық білдірген.

«Мазари-Шариф – Кабул – Пе­шавар» теміржол желісі неліктен маңызды? Бұл теміржол магистралы Оңтүстік-Шығыс Азия нарығы мен ТМД, Қытай және Еуропа нарығын өте ыңғайлы, сондай-ақ өте қысқа мерзімде байланыстырады. Алдын ала жоспар бойын­ша, трансауғандық теміржол жобасы жүк тасымалының құны мен уақытын 30-40 пайызға жеңілдетпек.

Халықаралық теміржол жобаларына қосылу үшін отандық теміржол саласы да қамшы салдырмас жүйрік болуы шарт. Бірақ «Қазақстан темір жолы» компаниясын жүйрік деп сипаттай алмаймыз. Бұл компанияға қатысты сын көп. Президенттің өзі де ұлттық компанияны жедел түрде жаңғырту қажет деген еді. Транспорттық-транзиттік әлеуетті дамытуға арналған жиын­да Президент елімізді се­німді транзиттік хаб ретінде дамытудың маңыздылығын, бұл үшін балама теміржол бағыттарын қа­лыптастыру қажеттігін айтты. Яғни Қазақстан тез арада темір­жол паркін нығайтып, жол­дарды күрделі жөндеуден өткі­зуі қажет. «ҚТЖ-ны ұлт­тық көлік-логистикалық компа­ния­ға айналдыратын кез келген шығар. Бұл ҚТЖ-ның өкілеттігі мен міндеттерін кеңейтеді, ком­панияға еліміздің көліктік-тран­­зиттік әлеуетін дамыту бо­йын­ша кешенді жұмыс жүргі­зуге мүм­кіндік береді», деді Пре­зидент.

Әзербайжандық Report порта­лының хабарлауынша, Түрік­менстанмен Серахс теміржол өткеліндегі кіріс және шығыс транзит, экспорт және импортты қоса алғанда, халықаралық жүктерді ауыстырып тиеу көлемі жылына 7,5 млн тоннаны құрайды. Өткен жылы Серахс стансасы арқылы Түрікменстанмен және Орталық Азияның басқа елдерімен 3 млн тоннаға жуық халықаралық жүк айырбасталыпты.

«Жыл сайын Қазақстаннан Түркияға Иран арқылы 5 млн тонна транзиттік жүк тасымалдау жоспарлануда, оның басым бөлігі Серахс теміржол шекарасы арқылы өтеді. Жақында Ресей – Үндістан бағыты бо­йын­ша алғашқы транзиттік пойы­з елдің оңтүстік порттары ар­қылы Үндістанға транзиттік қоз­ғалысын жалғастыру үшін өз жүктерін, соның ішінде құрылыс материалдарын Серахс арқылы Иранға жеткізді. Қазақстан – Түрікменстан – Иран дәлізі бо­йынша теміржол тасымалын белсенді ете түсу Азия мен Еу­ропа арасындағы жүк тасы­ма­лын ұлғайтады. 2021 жыл­дың қара­шасында Иран, Қазақ­стан және Түрікменстан Ашға­бадта теміржол саласындағы ынты­мақтастық туралы үшжақты өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды», деп мәлімдеді Report.

Орталық Азия елдерінің қа­рым-қатынасы, Түрікменстан, Иран, Қазақстан үштігінің уағдаластығы бағзыдан бар мә­мілелер. Бірақ сол мәмілелер 2022 жылы кенет жанданды және басқаша сипат алды. Қ.Тоқаев теміржол компания­сын модер­низациялауға тапсыр­ма берді, Каспий теңізі мүмкіндігін молынан пайдалану үшін Ақ­тауды сенімді теңіз хабына айналдыру қажеттігін айтты және бұ­дан былай Транскаспий дәлі­зіне басымдық беретінін анық аң­ғартты. Одан бөлек жоғарыда аталып өткен «Түрікменбашы – Қара­бұғаз – Қазақстан шекарасы» автомобиль жолы және сол жол бойында салынып жатқан көпір әлеуеті де біздің пайдамызға жұмыс істеуге тиіс. Сондай-ақ Қазақ­станның «Мазари-Шариф – Кабул – Пешавар» теміржол магистралының құрылысына да тектен текке араласқысы келіп отырмағаны белгілі. Мұның бәрі біздің транзиттік-транспорттық әлеуетімізді нығайтады және Қазақстаннан шыққан жүк тасы­малының Оңтүстік Азияға, Еу­ропаға жедел әрі сенімді же­туіне жол ашпақ. Сондай-ақ атал­ған магистралдар арқылы Қы­тайдан келе жатқан жүктер де Қазақстанды басып өтіп, Азия мен Еуропаға жол тартады. Қазақ­стан өзінің осынау әлеуеті мен маңызды географиялық нүктеде орна­ласуын ұтымды пайдалана білсе қысқа мерзім ішінде эконо­микалық қызметі де, инвес­ти­циялық тартымдылығы да бір­неше есе өседі деген сенім басым.