Саясат • 16 Тамыз, 2022

Жаңа Қазақстан – шетелдіктер көзімен

613 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрлігінде «Жаңа Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» байқауының қорытындылары жарияланды. Биыл жетінші рет өткізілген байқауға Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Бас редакторлар клубының басшысы Бибігүл Жексенбай және Kazakh Tourism ұлттық компаниясы АҚ Басқарма төрағасы Талғат Аманбаев қазылық етті.

Жаңа Қазақстан –  шетелдіктер көзімен

Қазылар алқасы соңғы он екі айда жарияланған 40 елден түскен шетелдік журналистер мен блогерлердің материалдарын, жалпы саны 50-ден астам өтінімді қарастырды. Үміткерлердің материалдары газет­терде, журналдарда, интер­нет-басылымдарда, танымал интернет-платформаларда, блогтарда, сондай-ақ подкаст түрінде жарық көрді.

Қамтылған тақырыптар ішінде халықаралық қаты­настар, тарих, мәдениет, туризм, денсаулық сақтау, спорт, ядро­лық қарусыздану, жаңар­тылатын энергия көздері се­кіл­ді мәселелер қамтылған. Шет­елдік БАҚ елімізде жыл басынан бері болып жатқан жүйе­лі өзгерістерге, «Жаңа Қа­зақстан» аясындағы саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларға ерекше назар аударды.

Қазылар алқасының шеші­мімен биылғы байқаудың жеңім­пазы болып жеті шетелдік автор атанды. Америка аймағында Ottawa Life журналының жур­налисі Донован Маккензидің Қазақстандағы саяси реформалар бағдарламасы туралы мақаласы үздік деп танылды.

Еуропа елдері арасында британдық блогер Тристан Хьюз­дің өтінімі ең қызықты деп бағаланды. Оның подкасты былтыр Кембриджде өткен сақ­тардың археологиялық мұрасына арналған көрмеге арналған болатын.

«ТМД және Еуразия» аталымында грузин сарапшысы Гүлбаат Рцхиладзенің Қазақ­стан мен Грузия арасын­дағы тарихи байланыстар тақырыбына арналған мақаласы атап өтілді.

«Азия – Тынық мұхиты аймағы» номинациясында Қазақ­станның инвестициялық мүмкіндіктері мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) қыз­меті туралы мақалалар жария­лаған The Korea Herald газетінің журналисі Санджай Кумардың өтінімі үздік деп танылды.

Қазылар алқасы Таяу Шығыс пен Африка елдерінен бірден екі үміткерді таңдауды жөн көрді. Марокконың Le Matin және 12.ma басылымдарының журналисі Дрис Лакубидінің өз елі мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық тақырыбына арналған мақалалар топтамасы және түрік сарапшысы Эмра Кайдың «Жаңа Қазақстанды» құру туралы талдамалық мақа­ласы жеңімпаз атанды.

Биыл алғашқы рет еліміздің туристік әлеуетін айшықтайтын жеке номинация тағайындалды. Қазылар алқасының шешімімен Қазақстан туралы араб тіліндегі электронды кітап үшін марапат­талған кувейттік турист-блогер Халид Альмутаири үздік шықты.

Байқау жеңімпаздары марапат ретінде биылғы қыркүйекке Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан қала­ла­ры мен Бурабай курорт­тық аймағына барып, Қазақ­станды араламақ. Сондай-ақ жеңімпаздар адамзаттың ең ірі конфессияларының жетекші қай­раткерлері қатысатын Әлем­дік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының VII съезіне шақырылады.

«Қазақстан – шетелдік БАҚ көзімен» байқауы 2014 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Конкурс еліміздің дамуы­ның өзекті үрдістеріне, оның бай табиғи және мәдени мұра­сына, инвестициялық және туристік әлеуетіне халықаралық қызы­ғушылықтың одан әрі артуын ынталандыруды көздейді.