Білім • 16 Тамыз, 2022

Жаңа мектептер көбейеді

453 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекенованың мәліметінше, жаңа оқу жылында 200 мектепте алғашқы қоңырау соғылады. Білім ордаларындағы сабаққа 138 мыңнан астам оқушы келеді.

Жаңа мектептер көбейеді

– Өңірдің әлеуметтік-эконо­ми­калық даму жоспарына сәйкес, 2025 жылға дейін 48 жаңа мектептің ғимараты кезең-кезеңімен пайда­лануға беріледі. Биылғы жаңа оқу жылында үш мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазір барлық мектепте жөндеу жұмыс­та­ры аяқталды. Жаңа оқу жылы дәс­түрлі форматта басталады, – дейді А.Дүйсекенова.

Оның айтуынша, Атырау қала­сын­дағы 63 мектептің жөндеу жұмыс­тарына 69,5 млн теңге бөлінген. Күзгі-қысқы кезеңге дайындық ке­зін­де орталық жылу қазандығына қосылған 27 мектептің жылу жүйесі гидравликалық сынақтан өткізілген. Ал 36 мектептің жылу қазандығы жылыту маусымына толық дайындалған.

Облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрберген Құсайыновтың дерегіне сүйенсек, биыл жаңадан бес мектептің құрылысы басталады. Оған рес­пуб­ли­ка­лық бюджеттен қаржы бөлініп отыр.

– Былтыр төрт мектептің құры­лы­сы аяқталды. Атап айтқанда, Қызыл­қоға ауданының Мұқыр ауылында – 424 орындық, Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында – 580 орындық, Атырау қаласындағы «Береке» шағын ауданында 1 200 орын­дық орта мектеп пайдалануға бе­рілді. Сонымен қатар Индер ауда­нының орта­лы­ғы Индербор кен­тін­дегі Көктем орта мектебіне 80 орын­дық жапсаржай салынды. Ал биыл республикалық бюджет есе­бінен бөлінген қаржыға Атырау қала­сын­да әрқайсысы 600 орындық төрт мек­теп пен Индер ауданында 300 орын­­дық мектеп-интернаттың құры­лы­­сын бастау көзделіп отыр, – дейді Н.Құсайынов.

Қазір Атырау қаласы мен Жылы­ой, Индер, Махамбет, Исатай аудан­дарында 7 мектептің құрылысы жүріп жатыр.

 

Атырау облысы