Білім • 16 Тамыз, 2022

Шалғайдағылар шағым айтады

247 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Статистикаға сүйенсек, Кереку өңірінде 212 шағын жинақты мектеп бар. Осыдан біраз жыл бұрын облыс басшылығы өңірде болашағы жоқ ауылдар деп танылған шалғай елді мекендердің мектептерін жаппақ болып, ел-жұртты шулатқаны есімізде. Ондаған шағын білім мекемесі әне жабылады, міне жабылады деп жүріп, көптің тілеуімен әупірімдеп сақталып қалды. Онсыз да алақандай ауылдың ұйытқысына, тұрғындардың қотарыла көшіп кетпеуіне сеп болып отырған мектептердің кейбірінде әлі де мәселе жетерлік. Әсіресе модернизация игілігіне іліге алмай отырғаны қынжылтады.

Шалғайдағылар шағым айтады

Мәселен, Баянауыл ауданындағы Қ.Кемеңгеров атындағы орта мектеп директоры Мәдиян Қабдуова ауылдық жерде мұғалімдер жетіспеушілігі барын айтады. Әрі интернет жылдамдығына да көңіл толмайды.

– Білім саласына жауапты мекемелер ауылдық мектептерде қызмет ететін мұғалімдерге қарайласса екен дейміз. Қазір ауыл мектептерінде мұғалімдер тапшы. Маман жетіспеушілігіне байланысты бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ беруге мәжбүр. Бұл дегеніміз – ұстаз жұмысын екі есе көбейтеді деген сөз. Әсіресе қағаз жұмыстары, есеп беру, күнделік толтыру көп уақытты алады. Қазір күнделік электронды формат түрінде болғандықтан, кейде Kundelik.kz сайтына кірудің өзі көп уақытты алады. Сондықтан кеңжолақты интер­неттің сапасы біз үшін өте ма­ңыз­ды, – дейді мектеп басшысы.

Электронды «Күнделік» жүйесіне облыстың барлық мектебі 100 па­йыз қосылған. Облыстық білім беру бас­қар­ма­сының басшысы Самал Айт­қа­зина осылай деп ақпар берді. Бүгін­де қосылған қолданушылардың бар­лығы, яғни 211 881 аккаунт порталды жүйелі түрде қол­данады. 2022-2023 оқу жылында өңірде 359 мектеп (355-і - мемлекеттік, 4-еуі - жеке меншік) жұмыс істейтін болады, оның ішінде 271 ауыл мектебі бар. Облыстың екі мектебі тех­никалық мүмкіндіктің жеткілік­сіз­­дігінен кеңжолақты интернет­ке қо­сылмаған. Олар – Май ауда­нындағы Ақшиман ауылдық мектебі және Успен ауданының Дмит­риевка ауылындағы білім ордасы. «Қос ауылда ұялы байланыс бар. Білім ұйымдары ұялы байланыс операторларының жылдамдығы төмен интернетін пайдаланады. Бұл мәсе­ле жергілікті атқару органдарының ба­қы­лауында, алдағы уақытта мәселе шешіледі», деп сендірді басқарма басшысы.

Шағын жинақты мектептердің басым бөлігі бүгінде ескіріп тұрғаны да рас. Ғимараттары мен инженерлік желі­ле­рі әбден тозған нысандар жыл са­йын ағымдағы жөндеумен ғана шектеліп келе жатқаны да белгілі. Биыл «Заманауи мектеп», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында облыс бойынша 46 мектепке жөндеу жүргізіліп жатыр. Мектептерді модернизациялау бо­йынша 33 нысан, «Заманауи мектеп» аясында 4 мектеп және «Ауыл – ел бесігі» бойынша 9 білім ошағы жөнделуде. Барлығына қазынадан 10 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Атап өтерлігі, соңғы 3 жылда аймақта «Заманауи мектеп» бағдарламасы табысты жүзеге асуда. 2025 жылға дейін бұл бағдарлама арқылы 85 мектеп күрделі жөнделіп, жаңа кейіпке енеді деп жоспарланған. Орта мектептерді заманға сай жаңартып, арнайы сыныптарды жаңа технологиялармен жаб­дықтауды мақсат еткен өңірлік жо­баға көбіне қалалық және қалаларға жақын орналасқан білім мекемелері еніп отыр­ғанын айту керек. Шаһарлардың бюджеті жеткілікті. Онсыз да қысқа жібі күрмеуге келмейтін аудандарға өңір­лік бағдарламаны толығымен бұ­рып, ауыл мектептерін, оның ішінде шағын жинақты мектептерді жаңар­татын уақыт жеткен сыңайлы. Ауыл жұртының сұрауы да осы.

 

Павлодар облысы