Кеше Мемлекет басшысы, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә. Назарбаев Отан қорғаушы күніне арналған әскери парадқа қатысты.
Парадты «Даңқ», «Айбын» ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Мұрат Майкеев басқарды.
Қалыптасқан дәстүр бойынша Мемлекеттік туды алаңға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің ту тобы әкелді. Ту ұстаушы – сержант Ақжолбек Ерболұлы. Оның ассистенттері ағайынды Евгений және Александр Бекбосыновтар болды. Олар – Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусының түлектері. Ту тобына «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегері, подполковник Бауыржан Таңатаров жетекшілік етті.
Бұл кезде алаңда Қорғаныс министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің шеру шептері толық даярлықта тұрған болатын. Ал әскери шеруге қатысатын механикаландырылған лек қозғалу үшін бастапқы шепке орналасты. Сонымен қатар, әуе айлақтарында авиация ұшуға әзір тұрды. Осылайша, шеру алаңға Қорғаныс министрі Серік Ахметовтің келуімен басталды.
Тәуелсіздігіміздің тарихында Қазақстан әскері қалыптасу мен дамудың күрделі жолынан өтті. Бұл жылдары Қазақстан Қарулы Күштерінің жаңа келбеті қалыптасты. Жоғары кәсіби, ұтқыр, заманауи қару-жарақпен және техникамен жарақтандырылған әскер құрылды. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, ел Президенті Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы болып табылады. Әр азамат Отан қорғаушы санатына қосылғанда, Қазақстан халқына және оның Президентіне адал болуға ант береді.
Бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында Қазақстан бейбітшілік пен келісімнің, бірлік пен тұрақтылықтың бесігіне айналды. Қарулы Күштеріміз қасиетті Отанымызды, ел тәуелсіздігінің теңдессіз жетістіктерін сеніммен қорғауға толығымен қабілетті.
2012 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Отан қорғаушы күні туралы Жарлыққа қол қойып, оған мемлекеттік мереке дәрежесінде мәртебе бергеннен кейін біздің Армиямыздың елдің қауіпсіздігі мен оның азаматтарының тыныштығын қамтамасыз етудегі рөлін атап өткен болатын.
Қарулы Күштер қатарында қызмет ету – шын мәнінде зор абырой. Жыл өткен сайын өмір жолын Отан қорғауға арнаған жастар саны артып келеді. Қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді ескере отырып, жауынгерлік даярлықтың қарқындылығы едәуір артты. Әскерлеріміз оқу-жаттығуларын ұрыс қимылдарына барынша жақын жағдайларда, күндіз-түні, кез келген ауа райында өткізіп жүр. Елбасының тікелей қамқорлығымен Қарулы Күштерді мүмкіншіліктері мол қару-жарақпен және әскери техниканың жаңа үлгілерімен жоспарлы түрде қамтамасыз ету жүргізіліп жатыр. Бұл ретте еліміздің Қарулы Күштерінің қалыптасу кезеңін әрдайым Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстыру керек.
Кешегі әскери шеруге қатысқан Президент өз сөзінде де осыны тағы бір айғақтай түсті. Нұрсұлтан Назарбаев шеруде Отан қорғаушыларды және барша қазақстандықтарды патриотизм, ерлік, жауынгерлік даңқ мерекесімен құттықтай келе, былай деді:
– Тәуелсіздік жылдары мемлекетіміз кәсіби армия қалыптастырды, ел мүддесіне толық сай келетін Әскери доктрина қабылдады. Біздің қасиетті топырағымыз әуеде де, жерде де және суда да қорғаныс аясында. Біз барлық көршілес елдермен достық қарым-қатынастамыз. Қазіргі уақытта армия әрдайым сақадай-сай болуға тиіс. Бұл – әскери қызметшілер алдына мемлекет қойып отырған міндет.
Мемлекет басшысы бұдан әрі өткен жылы қабылданған «Қазақстан-2050» Стратегиясы бойынша еліміз қарышты дамып келе жатқанын атап өтті.
– Біздің тұрақты экономикамыз, біртұтас қоғамымыз, дайындықтан өткен қуатты армиямыз бар. Біз жаңа Қазақстан рухына, прогресс және жасампаз болашақ қалыптастыру рухына адалмыз. Бұл – елімізді әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарынан көруді армандайтын барша қазақстандықтардың мақсаты. Бүкіл өңірлеріміз, қалаларымыз, аудандарымыз бен ауылдарымыз бір қарқынмен дамып келеді. Біздің басты байлығымыз – татулық пен келісім. Елдің әрбір азаматының борышы – халқымыздың бірлігін сақтап, оны қорғау, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті әскери қызметшілер үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалғанын айтты.
– Армия заманауи қару-жарақпен жабдықталуда, жаттығулар тұрақты өткізіліп тұрады, сарбаздар мен офицерлерді әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз етіп келеміз. Барлық жерде әскери қалашықтар абаттандырылып, жаңа баспана, спорт кешендері салынып жатыр. Бұл – елдің армиямызға деген қамқорлығы. Қазақстанның Қарулы Күштері, Ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдары, Мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық ұлан, Төтенше жағдайлар министрлігі – бәрі алдарына қойылған міндеттерін лайықты орындауда, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев келесі жылы еліміз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын кеңінен атап өтетінін еске салды.
– Әрбір ардагерге көңіл бөліп, қолдау көрсету керек. Адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғыста жеңіске жеткен ерлер рухын біз әрдайым қастер тұтамыз. Біз ХХІ ғасырда бейбітшілікке бағытталған жаһандық ауқымдағы бастамалар көтеріп, жүзеге асырудамыз. Қазақстан – ядролық қаруға қарсы жалпыға ортақ дүниежүзілік қозғалыстың локомотиві, мұны бүкіл әлем жоғары бағалап отыр, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы сөзін Отан қорғаушыларға арнады.
– Өз қастерлі борыштарыңызды абыроймен атқарыңыздар. Сіздердің басты міндеттеріңіз – туған жердің тыныштығын күзету, тәуелсіздігімізді аянбай қорғау. Сіздер қазақстандықтардың барлық буыны үшін ар-намыстың, жауапкершіліктің, патриотизмнің үлгісі болуға тиіссіздер. Бүгінгі парад – армиямыздың қуатын, биік жауынгерлік рухын және дайындығын көрсетудің тағы бір мүмкіндігі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент сөзінен кейін Парад қолбасшысы салтанатты шеруді бастауға бұйрық берді. Парадты Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің барабаншылар ротасы ашты.
1999 жылғы 4 қарашада мектептің ашылу рәсімі осы арнайы оқу орнын ашу идеясын ұсынған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен болатын. Сол жылы мектепке өмірі мен еңбегі жас Отан қорғаушылар үшін үлгі болып табылатын армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілді. Мектеп 2002 жылдан бастап 500-ден астам түлекті түлетті. Олардың негізгі бөлігі бүгінде өз өмірлерін Отанға қызмет етуге арнап жүр.
Барабаншылардың сапында 10-сынып ұландары келе жатты. Олар – Қазақстанның барлық өңірлерінің өкілдері, оқу және спорт озаттары. Олардың ішінде Нұртас Қадыров, Ақтөре Естаев, Сергей Карпин, Нұрлыбек Нұрташ сынды үздіктердің болғанын да атап өткен жөн.
Барабаншылардың парадтық есептобын «Жас ұлан» республикалық мектебінің бастығы, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері полковник Марат Ботин бастап келді.
Алаңға бұдан әрі еліміздің Қорғаныс министрлігінің офицерлері шықты.
Офицерлер – сарбаздар тағдыры сеніп тапсырылатын армияның абыройы. Олардың кәсібилігі мен жеке қадір-қасиеттерінен көп жағдайда ұрыс-майдан жаттығуларының орындалу нәтижелері көрінеді. Бұл сапта тұрған әскерилер арасында Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың үздік офицерлері – полковник Қайрат Бозтаев, подполковник Аслан Түркеев, майор Қазбек Әйтенов болды. Шерудің алғы қатарын «Қызыл Жұлдыз» және ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерінің иегері, генерал-майор Мүслім Дайыров бастап өтті.
Бұдан ары орталық мінбердің алдынан Құрлық әскерлері офицерлерінің парадтық есептобы салтанатты шерумен өтті.
Құрлық әскерлері – армиямыздың екпінді күші. Қарулы Күштердің бұл түрі – Қазақстан Республикасындағы ең маңызды және саны жағынан көп әскер болып табылады. Құрлық әскерлерінің құрамына мотоатқыштар, танк, десантты-шабуылдаушы және артиллериялық бөлімдер, сондай-ақ, теңіз жаяу әскерлері мен материалдық-техникалық қамтамасыз ету бригадалары кіреді. Сапты Құрлық әскерлері жауынгерлік даярлық басқармасының бастығы генерал-майор Сәбит Құдайбергенов бастап келді.
Бұлардан кейін шеру кезегін Әуе қорғанысы күштері жалғастырды. Әуе қорғанысы күштерінің негізгі міндеті – Отанымыздың әуе кеңістігін қорғауды қамтамасыз ету, мемлекеттік және әскери нысандарды әуеде қорғау, басқа да әскери құрылымдарға авиациялық қолдау көрсету. Бүгінде әскери қорғаныс күштері заманауи қару-жарақтармен және кәсіби мамандармен қамтамасыз етілген. Сол арқылы олар өздерінің жоғары шеберліктерін тәжірибе жүзінде және түрлі оқу-жаттығулар кезеңдерінде дәлелдеп келеді. Шеру кезінде бұл құрамды Әуе қорғанысы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Нұржан Мұқанов бастап жүрді.
Шеру кезегін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің парадтық есептобы жалғастырды. Әскери-теңіз күштерінің жеке құрамы қойылған міндеттерді табысты орындап, еліміздің теңіз шебінде сенімді күзетте тұр. Қысқа мерзім ішінде кадрларды дайындау жүйесі қалыптасқанын, еліміздің әскери-өнеркәсіп кешені жауынгерлік кемелер құрылысын жолға қойғанын да атап өткен абзал. Сондай-ақ, кеше Орал қаласында отандық «Сарыарқа» зымырандық-артиллериялық кемесі суға түсірілгені де шеру барысында айтылды. Парадтық есептопты ІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері, Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, контр-адмирал Жандарбек Жанзақов бастап келді.
Келесі кезекте алаңға Құрлық әскерлері әскери институты ротасының курсанттары шықты. Бұл институт 40 жылдан астам уақыт танк әскерлері мен мотоатқыштар үшін мамандар дайындап келеді. Ал Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылған сәттен бері әскери десанттық-батыл әрекет ету, тау-мергендері, барлау бөлімшелері үшін офицерлер дайындауда. Институттың іргесі қаланғаннан бері мұнда 16 мыңнан астам офицер дайындалды, олардың 54-і генерал шенін алған. Аталған әскери оқу орнының түлектері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің негізгі офицерлік құрамы болып саналады. Шерудің бұл кезегін ІІ дәрежелі «Даңқ» және «Құрмет» ордендерінің иегері, институт басшысы, генерал-майор Николай Куатов бастады.
Парадты Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары жалғастырды. Бұл институт – Қазақстан Республикасы мен Орталық Азия өңіріндегі әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерін, байланыс және автоматтандырылған басқару жүйесі мамандарын дайындайтын бірден-бір оқу орны. Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты жоғары зияткерлік және жоғары технологиялық жүйелерді басқаруға қабілетті жоғары білікті офицер-инженерлер дайындайды.
Парадтық есептопты институт бастығы полковник Қайрат Садықов бастап өтті.
Елбасы жайғасқан орталық мінбердің алдынан екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері әскери институтының үздік курсанттары да жүріп өтті. Бұл шепті ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, институт басшысы, полковник Нариман Мусин бастап шықты.
Бұдан ары қазақ халқының даңқты қыздары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың қаһармандық дәстүрлерін бүгінгі күні олардың ізбасарлары абыроймен жалғастырып жүрген әскери қызметші әйелдердің парадтық есептобы өтті. Әскери қызметші әйелдер психолог, медициналық қызметкер, мергендер, байланысшылар мен басқа да мамандықтарды жетік меңгерген. Парадтық есептопты осыған дейін үш мәрте әскери шеруге қатысқан аға лейтенант Марал Илаева бастады.
Одан әрі алаңға Қарулы Күштер Жоғарғы Бас қолбасшысының резерві – Аэроұтқыр әскерлері шықты. Десантшылар үнемі жауынгерлік әзірлікте тұрады. Олар ұлттық мүддені көздейтін кез келген тапсырманы орындауға қашанда дайын. Бұл шепті ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері генерал-майор Дәулет Оспанов бастап шықты.
Парадты теңіз жаяу әскерлері гвардиялық бригадасының ротасы жалғастырды. Бұл бригада еліміз үшін маңызды Каспий маңы өңірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларды орындайды. Теңіз жаяу әскерлерінің ұраны – «Біз қайда болсақ, жеңіс сонда!». Мұны жауынгерлер көптеген оқу-жаттығуларда, оның ішінде халықаралық деңгейдегі оқу-жаттығуларда үнемі дәлелдеп келеді. Парадтық есептопты «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, полковник Мұрат Нұғыманов бастап келді.
Бұдан әрі алаңға шыққан елімізге «Қазбриг» атауымен танымал 38-ші десанттық-шабуыл бригадасы бітімгершілік ротасы құрамасын бригада командирі ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, подполковник Шайх-Хасан Жазықбаев бастады.
Одан соң алаңнан жауынгерлік амуниция тағынған арнайы операциялық күштердің бөлімшелері өтті. Тәжірибе көрсеткендей, қазіргі заманғы қарулы қақтығыстарда басты рөлді құрамы жағынан шағын, алайда ұтқыр және оңтайлы бөлімшелер атқарады. Операциялардың табысты өтуі олардың мерзімді және табанды іс-әрекеттеріне байланысты. Парадтық есептопты жасақ командирі, полковник Равиль Жанұзақов бастап өтті.
Бұдан кейін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери полициясы сап түзеді. Бұл шепті Әскери полиция Бас басқармасының басшысы, ІІ дәрежелі «Айбын» ордені иегері, әділет полковнигі Тимур Дандыбаев бастады.
Салтанатты шеруге Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің парадтық есептобы да шықты. Оған Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің атынан Шекара қызметі академиясының жеке құрамы қатысты. Академия өзінің 83 жылдық тарихында 10 мыңнан астам офицерді дайындап шығарды, олардың ішінде 44 офицер Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Парадтық сапты Академия бастығы, полковник Павел Поливанов бастап келді.
Шеруді Қазақстан Республикасы Ұлттық гвардиясы әскери қызметшілері жалғастырды. Бұл шептің басында Ұлттық гвардияның Ұрысқа дайындық бас басқармасының бастығы, подполковник Ілияс Сағындықов болды.
Мінбер алдынан Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері сап түзеп өтті. Парадтық сапта Бауыржан Момышұлы атындағы Ұзынағаш азаматтық қорғаныс полкінің әскери қызметшілері болатын. Полктің 40 жылдық жауынгерлік жолы бар. Тек соңғы үш жылда полк 20 құтқару операциясына қатысып, 500 адамды құтқарды, 7 мыңнан астам адамды қауіпсіз аумаққа көшірді. Азаматтық қорғаныс полкі зардап шеккен тұрғындар үшін сыйымдылығы 2 мың адамдық лагерь құра алады, тәулігіне 1,5 мың шақырымға дейін жол жүріп, 400 тоннаға дейін гуманитарлық жүкті жеткізеді. Парадтық сапты Азаматтық қорғаныс бөлімдерінің басқарма бастығы, полковник Мұрат Тілеубердинов бастап өтті.
Жаяу әскери шеруді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің рота колоннасы аяқтады. Бұл шепті батальон командирі, подполковник Кәрібай Жұмағұлов бастады.
Шеруді Қарулы Күштердің қару-жарақ және әскери техникасынан құрылған механикаландырылған қатары жалғастырды. Шынымен де, армияны жаңғыртуда отандық қорғаныс-өнеркәсіптік кешені ерекше орын алады. Бүгінде «Қазақстан Инжиниринг» ұлттық компаниясының зауыттары мен басқа да кәсіпорындарда қолдағы әскери техниканы жаңғырту жүргізілуде. Жаңа үлгідегі қару-жарақтар, оқ-дәрілер мен арнайы жабдықтар шығару жолға қойылған.
Механикаландырылған лектің алдында жол талғамайтын «Лэнд Ровер» автокөліктері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің үш түрі – Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштерінің және Әскери-теңіз күштерінің туларымен жүріп өтті. Оны Құрлық әскерлері Қару-жарақ штабының бастығы, полковник Асылбек Сатыбалдинов бастап келді.
Бас алаңнан Қарулы Күштердің негізгі танкісі – Т-72Б-нің 10 бірлігі жүріп өтті. Бұл танктер бөлімінің ең негізгі қаруы саналады. Олар жоғары әлемдік стандартқа сай. Т-72Б отандық «Қазақстан Инжиниринг» кәсіпорнында қайта жаңғыртылудан өткен. Сол арқылы тиімділігі 1,5 есе артқан. Шеруде аталған колоннаны подполковник Нұржан Байбазаров басқарды.
Техникалық колоннаның соңын ала алаңда Құрлық әскерлері қаруының жаңа үлгісі, яғни 2012 жылы әскери техникамызға қосылған, танкке қолдау көрсететін жауынгерлік машиналар көрінді. Машина жауынгерлік тәжірибе негізінде жасалған. Жоғары қорғаныс қабілетімен, отты қуатымен және жеңіл басқарылуымен ерекшеленеді.
Әскери техниканың маршын ТОС-1А ауыр от шашатын жүйе жалғастырды. Ол жойқын күші бар түрлі оқ-дәрілерді пайдалана алады, жауынгерлік және көліктік-тиегіш машиналардан тұрады. Жауынгерлік машина қуаты бір демде 40 000 шаршы метр аумақты қамтиды. Нысананы көздеу ғылымның соңғы жетістіктерімен жасалған. Ауыр от шашатын жүйе көптеген аймақтық қақтығыстарда пайдаланылған.
Жаяу әскер жауынгерлік машиналарындағы (БМП-2) мотоатқыштар ротасының классикалық нұсқасы да алаңға шықты. БМП-2 қуатты агрегаттары мен қару-жарақ кешенінің жаңғыртылуы оны кез келген жағдайда, соның ішінде шөлді және таулы жерлерде, сондай-ақ, қарсыластың үздіксіз атыс жүргізуіне қарсы пайдалану үшін тактикалық-техникалық мүмкіндіктерін жақсартты. Қаһарлы машина 30 мм автоматты зеңбірекпен, танкке қарсы басқарылатын зымырандармен және оқшашармен жарақтандырылған. Жаяу әскердің жауынгерлік машинасы өз қару-жарағынан жер үстіндегі, сонымен қатар, әуе нысаналарын жоя алады. БМП-2 су бөгеттерінен жүзіп өтуге де қабілетті. Ұрыс даласында жаяу әскердің жауынгерлік машиналары – мотоатқыштар және десанттық бөлімшелердің сенімді қорғаны.
Құрлық әскерлері механикаландырылған колонналарының шеруін «Стрела-10М» зенитті-зымыранды кешені жалғастырды. Ол өзінен 5 шақырымдай қашықтықтағы және 3,5 шақырымдай биіктіктегі нысаналарды жойып жібере алады.
Әскери техника легін танкке қарсы зымырандық «Штурм-С» кешені жалғастырды. Аталған кешен көпнысаналы жеңіл сауытты тартқыш негізінде 5 км қашықтыққа дейін қалыңдығы 56 см болатын сауытты тесіп өтіп, қарсыластың сауытты техникасын талқандайды. «Штурм-С» артиллериялық бригадалардың танкке қарсы дивизиондарының қару-жарағы болып табылады.
Бұдан соң алаңға «Хаммер» автокөліктеріне мінген «Қазбат» қазақстандық бітімгершілік батальонының арнайы мақсаттағы ротасы шықты. «Хаммер» автокөліктері аэроұтқыр әскерилерінің құрылымына енген. Олар күшті дизельді қозғалтқыштармен жарақтанған. Бұл колоннаны Аэроұтқыр әскерилері қолбасшысының орынбасары, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, полковник Еркін Алашбеков басқарды.
Одан кейін алаңға Құрлық әскерлері барлау бөлімшелерінің «Кобра» жауынгерлік барлау машиналар легі шықты. Аталған машинаны «Қазақстан Инжиниринг» кәсіпорындарында шығару жоспарлануда. Жауынгерлік барлау машиналарының негізгі міндеті – арнайы және барлау операцияларын жүргізу, көлік лектеріне ілесіп жүруге қатысу, түрлі жолдар мен жолсыз жерлерде аумақты тору. «Кобраның» корпусы тұтастай құрыштан құйылған және ол жеңіл атыс қаруынан, артиллериялық жарықшақтардан, жаяу әскерге және танкке қарсы миналар мен қолдан жасалған жарылғыш қондырғылардан қорғауды қамтамасыз етеді.
«Кобрадан» кейін шеруді теңіз жаяу әскерінің бригадасы жалғастырды. Одан ары алаңға БТР-82А бронетранспортерлерінің легі шықты. Бұл жауынгерлік машинаның бұрынғы үлгілерінен ерекшелігі – оның ұзақ өміршеңдігі, жүріп өту мүмкіндігінің жоғарылығы, сенімділігі мен пайдалану ресурсының көптігі. Бронетранспортер жарқыншаққа қарсы қорғаныспен және кондиционер жүйесімен жарақтандырылған. Сарапшылардың қорытындысы бойынша, БТР-82А жауынгерлік тиімділігінің коэффициенті БТР-80-мен салыстырғанда екі есе артқан және одан барлық көрсеткіштері бойынша асып түседі. Қазіргі уақытта Құрлық әскерлерін өз мүмкіншіліктері бойынша бұрынғы үлгілерінен асып түсетін, БТР-82А бронетранспортерлерімен жоспарлы түрде жабдықтау жүзеге асырылуда.
Алаңға танкке қарсы артиллерияның МТ-12 зеңбіректер батареясы да шықты. МТ-12 «Рапира» зеңбірегі механикаландырылған бригадалардың танкке қарсы батареяларының қару-жарағы болып табылады. Калибрі 100 мм «Рапира» 1 минутта ұрыстық әзірлікке келтіріледі және ол қарсыластың 8 км қашықтықтағы сауытты нысаналарын жоя алады.
Калибрі 152 мм «МСТА-Б» гаубицалар батареясы да көрінді. «МСТА-Б» гаубицалары артиллериялық бригаданың қару-жарағы болып табылады. 25 километрге дейінгі қашықтықта орналасқан сауытты нысандарын жоюға арналған. 7 адамнан тұратын зеңбірек есептобы 3 минутта қаруды ұрыстық әзірлікке келтіруге және қарсыласты жоюға кірісуге қабілетті. Ату жылдамдығы – минутына 8 снаряд. Зеңбіректің салмағы 7 тонна.
Алаңға бригадалық артиллерияның қаруы – калибрі 122 мм өздігінен жүретін 2С1 «Гвоздика» гаубицалары тиелген тралдар шықты. «Гвоздика» жеңіл жүреді және ұтқыр. Бірақ айтарлықтай салмағы ауыр – 16 тонна. Атыс қашықтығы 15 км-ге дейін жетеді. Оқ-дәрісі – 80 снаряд. Өздігінен жүретін «Гвоздика» гаубицалары Құрлық әскерлерінің механикаландырылған және танк бригадаларының артиллериялық дивизиондарының қаруы болып табылады.
Зымыран әскерлері және артиллерия қару-жарағы мен әскери техникасының легін «Точка-У» тактикалық зымырандар кешені аяқтады. Зымыранның салмағы 2 тонна бола тұра, ол қарсыластың 120 км қашықтықтағы маңызды нысандарын жояды. Бір жіберу құрылғысының жалпы салмағы 18 тоннаны құрайды.
Механикаландырылған лек қозғалысын «Да Винчи» және «Скайларк» ұшқышсыз ұшатын аппараттары жалғастырды. Салмағы 10 килограмнан аспайтын ұшқышсыз ұшу аппараттары, 40 км-ге дейін жерден оператордың басқаруымен, 10 шаршы км-ден артық аумаққа бақылау жүргізе алады. Бұл кешендер әуе барлауын жүргізуде нағыз төңкеріс жасапты. Заманауи қуатты электронды аппаратура жердегі жекелеген адамдарды көріп, операторға бейнені нақты уақыт режімінде бере алады. Ұшқышсыздар аэродромдар және жанармай құю пункттері сияқты қосымша инфрақұрылымдарды қажет етпейді, сондай-ақ, жердегі радарларға көрінбейді.
Механикаландырылған лекті арнайы әскерлер техникасы жалғастырды. Алаңға су тазартқыш станса – «Тазасу-М» шықты. Оны «Қазақстан Инжиниринг» мекемесінде отандық инженерлер жасап шығарған. «Тазасу-М» 1 сағатта ішуге жарамды 4 текше метр су шығара алады. Олардың соңынан Қазақстанда жетілдірілген радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскерлерінің АРС-14KZ стансасы жүріп өтті. Бұл әмбебап машина арнайы өңдеу, дезактивациялау және зарарсыздандыру мен өрт сөндіру үшін қолданылады.
Арнайы техникалар легін автомобильге орнатылған АПП-90 әуе айлақтық отырғызу прожекторы аяқтады. Ол жер мен әуе нысандарына жарық беруге арналған.
Алаңға әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасының С-300 көпарналы зениттік-зымырандық кешендері де шықты. С-300 әуедегі нысаналарды 300 км қашықтықтан жоюға мүмкіндігі бар, бір кешен бір мезгілде 6 нысананы алып жүреді және оларға 12 басқармалы-зениттік зымырандарды бағыттай алады. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің дәл осы ең жетілдірілген құралдары Астана қаласы әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Шеру көк жүзіне Әуе қорғанысы күштері армиялық авиациясының Ми-17 тікұшақтары шыққанда қыза түсті. Әуе қорғанысы күштерін «Даңқ» орденінің иегері, ұшқыш-мерген, авиация генерал-майоры Нұрлан Орманбетов басқарды. Ал Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы – «Айбын» орденінің иегері, ұшқыш-мерген, полковник Дәурен Қосанов.
Әуедегі армиялық авиацияның көпнысаналы Ми-8 тікұшақтар тобын звено командирі, майор Ардақ Нұғыманов бастап шықты. Аталған тікұшақтар атыстық және десант түсіру-көліктік міндеттерден басқа іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін, су төгетін құрылғы көмегімен өрт сөндіру үшін, сыртқы ілгішпен жүктерді тасымалдау үшін де пайдаланылады. Тікұшақ 300 кг салмақ көтеретін борттық шығырмен жабдықталған, бұл көтергіш орындық пен құтқару себетінің көмегімен зардап шеккендерді немесе жүктерді көтеруге мүмкіндік береді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің ЕС-145 тікұшақтары да әуеден көрінді. Бұл ұшу аппараттары іздеу, апаттан құтқару жұмыстарын және медициналық-тасымалдау іс-шараларын жүргізу мақсатында қолданылады.
Сондай-ақ, Су-27 жойғыш ұшақтарының сүйемелдеуімен Ту-154 ұшағы шеруге шықты. Ұшақ Қорғаныс министрлігі басшылығының әуедегі басқару пункті болып табылады.Әуе кемесін ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, полковник Вадим Голубятников басқарды.
Бұдан ары Л-39 оқу-жаттығу ұшақтарының сүйемелдеуімен Ан-72 әскери-көліктік ұшағы ұшып өтті. Ан-72 ұшағын полковник Орынбасар Жүнісов басқарды. Ан-72 ұшағы тактикалық, бітімгерлік және гуманитарлық міндеттерді атқару үшін арнайы жасалған. Оның негізгі міндеті – әскерлерді, әскери техника мен жүктерді тасымалдау. Санитарлық үлгідегі Ан-72 ұшағы зембілге салынған 42 науқас пен жаралыларды тасымалдай алады, сондай-ақ, онда медициналық жабдықтар мен медициналық қызметкердің жұмыс орнын құруға болады.
Шеруден Л-39 оқу-жаттығу ұшақтарын да көрдік. Ұшақтарды Балқаш оқу-авиациялық орталығының ұшқыштар құрамын дайындау бойынша ұшқыш-нұсқаушылары басқарды. Топқа оқу орталығының командирі 1-сыныпты ұшқыш, подполковник Асқар Ізбасов басшылық етті. Л-39 турбореактивті қозғалтқышты екі орынды оқу-жаттығу ұшағы күндізгі және түнгі уақытта жай және күрделі метеорологиялық жағдайларда алғашқы ұшу техникасын үйретуге арналған, сондай-ақ, ұшқыштар құрамын жаттықтыру үшін жеңіл шабуылдаушы ретінде де пайдаланылады. Ұшақ жай, күрделі фигураларды және ұшудың ең жоғары өнерін, сонымен қатар, жеке және топпен ұшу кезінде ұшақты жүргізудің радиотехникалық құралдарын қолдана отырып, бағдарлы ұшуларды атқара алады.
Алаң үстінен МиГ-29 майдандық жойғыштар тобы да ұшып өтті. Аталған ұшақтар жоғары маневрлігімен ерекшеленеді. Ұшақ күрделі және жоғары пилотаждың барлық элементтерін орындай алады. Топты авиациялық база командирі, полковник Нұрболат Топаев бастап келді. Бұл 4-ші буынның ең үздік реактивті жойғыштарының бірі және әуеде үстемдікті жеңіп алуға арналған. Аталған ұшақтың қару-жарағы әуе және жерүсті нысаналарын күндіз-түні, кез келген ауа райы жағдайында жоя алады.
Ал МиГ-29 жойғыш ұшақтары мен қашық радиустағы іс-қимылды жойғыш-тосқауылшы МиГ-31 ұшағын Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіров атындағы авиациялық база командирі, полковник Ермек Сапаров бастап келді. Ұшақтың ұшу жылдамдығы дыбыстан да жоғары, яғни сағатына 3000 шақырымды құрайды. Бүгінгі күні бұл әлемдегі ең жылдам және биік ұшатын ұшақ болып табылады. МиГ-31 әуе шабуылына қарсы қорғаныс мүддесінде жасалған төртінші буын ұшағы болып табылады.
Сонымен қатар, шеруде көрінген Су-25 шабуылдаушы ұшақтары Құрлық әскерлеріне ұрыс кезінде қолдау көрсетуге арналған. Ұшақ қуатты қару-жарақ кешені – авиазеңбіректермен, түрлі калибрлі және мақсатты авиабомбалармен, «әуе-жер» басқарылатын және басқарылмайтын зымырандарымен, «әуе-әуе» басқарылатын зымырандармен жарақтандырылған. Шабуылдаушыға жүктелген тапсырмаларға байланысты барлығы 30-дан астам қару-жарақ түрін орнатуға болады. Ұшақ таулы және төбелі жерлерде де нақты соққылар жасауға қабілетті.
Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты әскери шеру біздің армиямыздың құдіреті мен күшін әйгіледі. Оған Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Мемлекеттік күзет қызметінің парадтық есептоптары, сондай-ақ, әскери техника мен авиация түгелдей қатысты.
Әскери парадта салтанатты маршпен 2500-ден астам әскери қызметшілердің жаяу легі шеру тартып өтті. Механикаландырылған лекке 200-ден аса әскери техника тартылды. Әуедегі шеру сапының жалпы құрамында майдандық, армиялық және әскери-көліктік авиация топтары болды. Алаң үстінен қазақстандық әскери-әуе күштерінің 70-тен астам авиациялық техникасы ұшып өтті. Жалпы, шеруге қатысу үшін еліміздің барлық әскери бөлімдері мен гарнизондарынан әскери қызметшілер тартылды. Парадқа қатыстырылған әскери техниканың бір бөлігі отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарында шығарылған немесе қайта жаңғыртылып, жетілдіруден өткен.
Әскери шеруді Президент оркестрінің бастығы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, полковник Талғат Бердіғұлов бастаған біріккен әскери оркестр аяқтады.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.
* Лебіздер легі
Уап ХАСЕНБАЕВ,
Ақмола облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Елорда төріндегі әскери шеру ойдағыдай өтті. Себебі, өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әскери салада, қауіпсіздік саласында қуатты күшіміз бар екен. Біз соған қуандық. Соған риза болдық. Әскери техникаларымызды көріп, жігерлі де қайратты азаматтарымызды көріп, Отанымыздың күш-қуатының, әлеуетінің зор екеніне куә болдық.
Еліміз жылдан жылға өркендей берсін. Ел болашағы жастардың қолында. Демек, жастарымыз ел іргесінің мығым болуына, тұғырының биіктеуіне бар күш-жігерлерін жұмсап, тәуелсіз Қазақстанның даму, өсу жолында еңбек ете берсін деген тілегім бар. Елімізде тыныштық болсын, Отанымызда тек қана береке-бірлік орнасын дегім келеді.
Шағила ҚҰСАНОВА,
Ұлы Отан соғысының ардагері:
– Шеруді көріп қатты риза болып отырмын. Өте жақсы деңгейде ұйымдастырылған. Бәрі керемет өтті. Мұндай шеруге ұйытқы болған Елбасымызға, елдің бүкіл Қарулы Күштеріне мың да бір алғыс айтамын.
Өзім соғысқа қатысқан адаммын. Қырым майданында болдым, десант әскерінде. Әлі есімде, 14-ші атқыштар дивизиясы құрамында соғыстым. Майдандағы ұрыс сәттері де әлі күнге көз алдымда. Ол күндер қазір алыста қалды. Лайым, ондай соғыс енді болмасын деп тілеймін. Мен соғыстың жайын, әскери саланы жақсы білемін.
Ал бүгінгі шеруді тамашалай отырып, еліміздің қазіргі әскери күш-қуатының артқанын аңғару қиын емес. Қазақстанымыз осылай өркендей берсін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын.
Мүбәрак КӘКЕНОВ,
соғыс ардагері:
– Отан қорғаушы күніне орай ұйымдастырылған әскери шеру өте жоғары деңгейде өтті. Еліміздің қауіпсіздік қабілетін, әскери техникаларының күш-қуатын, жастарымыздың кәсібилігін көріп, біздер, яғни ардагерлер қатты риза болдық.
Бұл орайда, Елбасы Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдіргіміз келеді. Себебі, осындай шеру арқылы біздің көкейімізде Отанымыздың болашағына, оның қауіпсіздігіне қатысты үлкен сенім ұялады. Сондай-ақ, бұл шеру арқылы біз елімізде намысшыл да айбарлы қыз-жігіттеріміздің көп екеніне, оларға ел іргесін сеніп тапсыруға болатынына көз жеткіздік. Ең бастысы – еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Батжан КЕНЖЕБАЕВА,
қала қонағы:
– Мен Астанаға осы шеруді тамашалау үшін қасыма кішкентай қызымды ертіп, Екібастұз қаласынан арнайы келдім. Мұндай әскери шерулер біздің балаларымыз үшін нағыз патриоттық сезімді оятар маңызды шара деп ойлаймын.
Шеруді тамашалауға кісі қарасы көп жиналды. Бәрінің жүздерінде қуаныш, елінің жетістігі үшін мақтаныш көңіл-күйі сезіліп тұрды. Себебі, әскери шеру өте жақсы дәрежеде өтті. Мұны теледидар алдынан тамашалағаннан гөрі, көзбен көрудің өзі бір ғанибет екен. Барлығы тамаша!
Әскери шеру, әсіресе, балалар үшін өте әсерлі болды. Оның ішінде әуедегі ұшақтар шеруі қызымды қатты қызықтырды.
Алексей ФРОЛОВ,
еңбек ардагері:
– Мұндай шерулер бұрын да болған еді. Бірақ, мына Отан қорғаушы күніне арналған әскери шеру маған оң әсер етті. Шеруде сап түзеп өткен сарбаздар, офицерлер, жауынгерлер өздерінің кәсібилігін, Отанға деген қалтқысыз қызметін байқатты. Бұл орайда, әрине, Елбасына өз алғысымызды білдіргеніміз жөн.
Аға буын өкілдері кезінде кескілескен шайқасты бастан өткізіп, бүгінгі жас буынға жанқиярлықтың ерен үлгісін көрсеткені белгілі. Ал бүгінгі шеруді көріп отырып, мен біздің Отанымыздың сенімді азаматтардың қолына өткеніне куә болдым. Әрине, заман ағыны бір орында тұрмайды. Сондықтан, жастарымыз да осыған сай әрдайым өз
Суреттерді түсірген Ерлан Омаров.