Бүгінде бұл жарыс туралы әңгіме көп. Негізі жастар арасындағы доданы тамашалаған жұрт Ақнұр есімді арудың әрекетіне тәнті. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз дәріптеліп, саламатты өмір салты насихатталған шарада арыстықтармен бірге Шымкент қаласы, Қазығұрт және Ордабасы ауданының жастары қатысып, арқан тарту, қол күрес, қошқар көтеру, гір тасын көтеруден бақ сынасқан.
Жиналған жұртты қызықтырғаны «Қошқар көтеру» сайысы болды. Қатысушылар арасында өзінің мықтылығын дәлелдеп, салмағы 43 кило болатын қошқарды 1 111 рет көтерген Азамат Мақұлбеков бас жүлдені иеленді. Ал қошқарды 160 рет көтерген Мәжит Архат екінші орынға, 150 рет көтерген Данияр Айтбек үшінші орынға ие болды. Жарыс жеңімпазы Азамат Мақұлбековке өзі көтерген қошқар берілсе, қалған жүлдегерлер мен қатысушыларға ұйымдастырушылардың бағалы сыйлықтары табыс етілді.
Ерлерден соң қошқар көтеру кезегін алған арыстық Ақнұр есімді ару тіпті бірқатар жігітті шаң қаптырып, қошқарды 64 рет көтерді. Көпшілікті таңғалдырған Ақнұр Әділге де арнайы сыйлық табыс етілді.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орын алғандар арнайы алғыс хатпен марапатталып, тұрмыстық техникалар сыйға тартылды. Сондай-ақ Арыс қаласының өркендеп дамуына, жастардың патриоттық рухын көтеріп, саламатты өмір салтын ұстануда демеушілік танытып жүрген азаматтарға да алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Түркістан облысы