Экономика • 16 Тамыз, 2022

Елімізде жылдық инфляция 15%-ға дейін өсті

616 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов экономикадағы жоғары инфляциялық қысымның сақталып отырғаны туралы баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде жылдық инфляция 15%-ға дейін өсті

«Шілдеде Қазақстанда айлық инфляцияның өсу қарқыны бұрынғысынша жоғары деңгейде болғанымен, бір ай бұрынғы 1,6%-дан 1,1%-ға дейін төмендеді. Орташа алғанда, соңғы бес жылда шілдеде айлық инфляция 0,3%-ды құрады. Баға өсімінің бәсеңдеуі жеміс-көкөніс өнімдері құнының маусымдық төмендеуінің әсерінен болды. Тұтыну бағасының өсу қарқынының анағұрлым елеулі бәсеңдеуі жалғасып жатқан ынталандырушы фискалдық саясат аясында экономикадағы сұраныстың жалғасуы, жалғасып жатқан геосаяси шиеленіс және соған байланысты нарықтық теңгерімсіздік жағдайында экономиканың сыртқы және ішкі секторларындағы қысым кедергі келтіреді. Осының аясында шілдеде жылдық инфляция 14,5%-дан 15%-ға дейін өсті», деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов.

Оның айтуынша, инфляцияға үлестің жартысынан астамы азық-түлік бағасының өсуі есебінен жалғасуда.

«Осылайша, азық-түлік инфляциясы 19,2%-дан 19,7%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 13,2%-дан 14,2%-ға дейін өсті. Ай сайынғы салыстырмалы түрде жоғары өсу қарқынына қарамастан ақылы қызметтерге инфляция 2021 жылы жоғары базаның әсерінен 9,2% деңгейінде өзгеріссіз қалды. Осылайша, экономикадағы инфляциялық қысым жоғары деңгейде қалып отыр. Инфляция мен инфляциялық күтулердің үдеуін, олардың тұрақтылығын, сұраныстың фискалдық ынталандырылуын және сыртқы инфляцияға қарсы фонды ескере отырып, осы жылы 25 шілдеде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені 14%-дан 14,5%-ға дейін көтерді. Бұл алдағы жылы инфляцияға біртіндеп әсер етеді», деді А. Баймағамбетов

Өз кезегінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жауапты мемлекеттік органдарға инфляцияны тежеудің қолданыстағы құралдарын белсендірек пайдалануды тапсырды.

«Шілде айында елдегі жылдық инфляция 15 пайызды құрады. Мәселен, өткен аптада мен монополияға қарсы агенттікке компанияның қызметін тексеруді тапсырдым, бұл қымбатшылық пен қант тапшылығына байланысты болуы мүмкін. Бұл мәселе көптен бері көтеріліп келеді. Сондықтан мұндай жағдайларды жауапты мемлекеттік органдар ерте кезеңде анықтап, алдын алуы керек. Инфляцияны тежеуге қажетті құралдар бар, мемлекеттік органдар мен әкімдіктер оларды тиімді пайдалануы керек», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссия жұмысын жандандыру, өңірлерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның 15 пайыздық үстеме бағасына бақылауды күшейту және әкімдіктердің форвардтық сатып алу бойынша келісімшарттарды уақтылы жасасу қажеттілігіне назар аударды.