Қоғам • 16 Тамыз, 2022

«Халал» деп алдап келіпті

307 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Керекулік жұрт дүкеннен «мұсылман шұжығын» сатып алуға қорқып отыр. Санитарлық-эпиде­миоло­гиялық қызмет мамандары пісірілген шұжық өнімдерінен шошқа еті­нің генін тауып алған. Дүкен сөрелеріндегі ет консер­вілерінен алынған сынамалар 6 бірдей өндірушінің фирмалық тауарынан халал стандартына сай емес ДНҚ-ны анықтаған.

«Халал» деп алдап келіпті

Өңірлік санитарлық-эпи­де­миологиялық бақылау де­пар­таменті хабарлағандай, бар­лық санитарлық-зерттеу шаралары Павлодар қаласында жүргізіліпті. Халал емес ет өнімдері піскен шұжық пен шұжықшаларда (сосиска) және консерві өнімдерінен табылған. Жыл басынан бері мекеме мамандары 26 өнімнен сынама алып, құрамындағы азықтық заттарды тексеріп көрген. Еттен жасалған өнімдердің сыртындағы жазбаша мәлімет көп жағдайда ішкі құрамымен сәйкес келмей, мамандар қайта-қайта тексеріс жасап, соңында кемшіліктерді дәлелдеп берген.

Мәселен, Өскемендегі «Ұлан» ет-консерві зауытында шыға­рылған бұқтырылған жылқы етін­де тауық пен сиыр еттерінің ДНҚ-сы анықталған. Мамандар әлгі консервіде көрсетілген жазудан бөлек бөтен заттар бол­мауға тиіс деп санайды. Бұдан соң Ресейдің Смолен облысындағы «Вязьмамясопродукт» ЖШҚ-сында өндірілді деп танылған ет консервісінде де тауық еті ұшырасыпты.

– Ең сорақысы, Ресейден тұ­рақ­ты жеткізілетін, тұтыну­шылар арасында танымал болған консервілерде шошқа етінің гені кездесті. Атап айтқанда, Калининград облысындағы КМПЗ «БАЛТПРОММЯСО» ЖШҚ-да шығарылып, осында әкеп сатылатын «Бұқтырылған табиғи жылқы еті» кесектелген ет консервісінде және Владимир облысында өндірілген деп көрсетілген «Молочные для зав­трака» шұжықшасында халал стандартында болмауға тиіс шош­қаның дезоксирибонуклеин қышқылы (ДНҚ) табылды. Бұдан басқа отандық «Иштаев А.А.» жеке кәсіпкерлігі шығарған «Ин­дейка» және «Конская» мұсыл­ман шұжықтарында да осындай келеңсіздіктер тіркелді, – де­лін­ген департамент таратқан мәліметте.

Қитұрқы іске барған «Иштаев А.А.» жеке кәсіпкерлігін іздеп көрдік. Бұл кәсіпорын «А.Д.А.Л.» фирмалық атауымен мәлім екен, Жамбыл облысындағы Та­раз қаласында орналасқан. Өкі­ніш­ке қарай, ресми сайтында көрсетілген телефондарының барлығы өшіп жатыр. Сондықтан хабарласу мүмкін болмады.

Халал емес шұжықтардың «жыры» Павлодарда бірінші рет кездесіп отырған жағдай емес. Осыдан бірер жыл бұрын «Сапа» тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұлттық қоғамы» қоғамдық бірлестігі жергілікті «Рубиком» ЖШС-ның жартылай қақталған «Дастархан» шұжығынан да шошқа майын анықтаған. Ет-консерві өнімдерін шығарумен айналысатын кәсіпорындар кей уақытта осындай кемшілікке жол беріп, тұтынушылардың наласына қалып жатады.

Облыстық санитарлық-эпи­де­миологиялық бақылау депар­таментінің басшысы Батыр­бек Әлиев жыл басынан бері анықталған кемшіліктер бо­йынша оқиғаның әрі қарай қалай өрбігені туралы қосымша ақпа­рат беруден бас тартып отыр. Естуімізше, кейбір фирма­лар алынған сынамалардың нәтижесін жоққа шығару ба­ғытында шағымданып жатқан көрінеді.

 

Павлодар облысы