Әлемдік нарықта көшбасшылыққа ұмтылған, экономикасы қуатты елдер қойнауы қазынаға толы өңірмен алыс-берісті, барыс-келісті нығайта түсуге, инвестиция көлемін ұлғайтуға серпін беріп отыр. Мұнайлы өңірдегі табиғи байлықты игеруге инвестиция салған елдердің санатында АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Жапония, Канада, Франция және өзге де бірнеше мемлекет бар. Бұл елдердің жетекші компаниялары мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы екі ірі кеніш – «Теңіз» бен «Қашағанды» игеруге шоғырланған.
Мәселен, Жылыой ауданындағы «Теңіз» кен орнында келешек кеңею және ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару деп аталатын екі жоба іске асырылып жатыр. Бұл жобалардың қанаттас қолға алынуы «Теңіздің» қойнауындағы 3,2 млрд тонна «қара алтынды» қауіпсіз игерумен байланысты болып отыр. Сол себептен, 2023 жылы іске қосылатын жаһандық маңызы зор екі жобаға 45 млрд долларды құрайтын инвестиция салынған. Алдағы жылы екі жоба іске қосылғанда кен орнынан мұнай өндіру 12 млн тоннаға дейін артып, жыл сайын 37 млн тоннаға ұлғаяды. Отандық экономикаға тың серпін беретін жобаға 300-ге жуық қазақстандық компания мердігерлікке тартылды.
Жоба құрылысына қолданылған 408 модульді құрастырудың үш жылдық бағдарламасы іске асырылды. Мәселен, әрқайсысы 500-ден
1 800 тонна аралығындағы салмақты құрайтын модульдер Қазақстанда, Оңтүстік Корея мен Италияда дайындалған. Кейін Ресейдің ішкі су жолы арқылы Каспий теңізінің Прорва түбегіндегі жүк түсіру терминалына жалпы салмағы 280 мың метрикалық тоннаны құраған модульдік жүк жеткізілді. Қазақстандық Еrsai, KCOI компаниялары Маңғыстау облысында халықаралық стандарттарға сәйкес 75 құрастырмалы модульдік эстакада мен қашықтан бақылау жүргізетін 10 блоктың құрылысын жүргізуге атсалысты. Қазақстан мен әлем елдерінің компаниялары қатысқан жобаға қажетті қазақстандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу үшін 10 млрд-тан астам доллар жұмсалды. Жобада жұмыс істегендердің 91 пайызын қазақстандық мамандар құрады. Ал инженерлік, материалдық-техникалық, өндірістік қызметтер көрсетуге 2 350-ден астам қазақстандық компания тартылды. Алдын ала біліктіліктен өткен 1 281 қазақстандық компаниямен 630-дан астам келісімшарт түзілген.
Дәл осы жоба үшін 120-дан астам кеме тартылды. Оның ішінде 40 кеме жаңадан құрастырылып, кейбірі тасымалданатын жүк үшін қайта жаңғыртылды. Су жолдарымен жүк тасыған кемелер Қазақстан мен басқа нүктелер арасында 140 мың шақырымнан асатын қашықтықты жүзіп өтті. «Теңіз» кен орнына таяу маңдағы Прорва түбегінде модульдік жүкті қабылдап, тасымалдайтын жаңа порт пайдалануға берілді. Портта теңізге кіретін 71 шақырымдық су арнасы, жүк түсіру, сақтау қондырғылары мен кірме жол бар.
Осындай халықаралық жоба іске асырылып жатқан Атыраумен ТМД құрамындағы елдер де іскерлік байланыс орнатып, ортақ жобаларды іске асырып жатыр. Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің мәліметінше, Атырау облысына инвестиция салып, әріптестік әлеуетін арттырған елдің қатарында Германия да бар. Қазір өңірде неміс капиталының қатысуымен көлік-экспедициялық қызметтер, көтерме, бөлшек сауда, мұнай мен табиғи газ өндіру кезінде техникалық қолдау көрсету және басқа салаларда 28 кәсіпорын тіркелген. Жыл басынан бері Германиямен арадағы сыртқы сауда айналымы 23,1 млн долларды құраған. Ал Италиямен іскерлік байланыс мұнай-газ өнеркәсібімен байланысты болып отыр. Бұл елмен сыртқы сауда айналымы 2,3 млрд долларға жеткен. Оның ішінде экспорт көлемі – 2,2 млрд доллар. Италияға негізінен мұнай өнімі экспортталады.
Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш таныған Түркиямен де сауда-экономикалық байланыс кең қанат жайып отыр. Қазір өңірде экономикалық, іскерлік әріптестікті көздеген бауырлас елдің 220 кәсіпорны жұмыс істейді. Жыл басынан бері Түркиямен сыртқы сауда айналымы 439 млн долларға жеткен. Оның ішінде экспорт көлемі 432,7 млн долларды құраса, ал импорт – 6,3 млн доллар. Түрік капиталы салынған кәсіпорындар көтерме, бөлшек сауда мен құрылыс саласында ынтымақтастықты арттырған.
Мәселен, BRIMSTONE Sulphur Provider Company компаниясының негізін қалаушы Эфе Мунип Нурдоғду күкірт бетонитін өндіретін өндіріс орнын ашуға ниетті. Инвестиция көлемі шамамен 10 млн долларды құрайтын жобада 50-ге жуық адамды тұрақты жұмысқа тарту көзделген.
– Қазақ елінде күкірттің жеткілікті қоры бар. Алайда біз үшін де жалпы, Қазақстан үшін де шикізатты терең өңдеуді ұйымдастыру, күкірт бентониті түрінде шығарып, шетел нарығына экспорттау әлдеқайда тиімді болады. Логистикалық тұрғыдан алғанда, Атырау облысы – бұл жобаны жүзеге асыру үшін өте ыңғайлы инвестициялық алаң. Осы облыстан Қытай, Еуропа мен Ресей нарығына шығудың тиімді тұсы көп, – дейді Мунип Нурдоғду.
Түрік инвесторының айтуынша, Измир қаласындағы зауыт күкірт пен ілеспе өнімдерін Еуропа елдеріне шығарады. Бұл өнімдер ауыл шаруашылығы саласында әсіресе сортаң әрі тұзды жерге табиғи тыңайтқыш ретінде қолданылады.
Атырауға Каспий теңізі жағалауындағы елдердің де назары ауып отыр. Мұның дәлелін, әсіресе Әзербайжанмен арадағы сыртқы сауда айналымы 4,8 млн долларға жеткенінен байқауға болады. Әзербайжан Республикасының Ақтау қаласындағы бас консулы Эльмар Маммадовтың дерегіне сүйенсек, экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту, бірнеше салада алыс-берісті арттыру, өңіраралық кәсіпкерлікті дамытудың нәтижесінде экспорт 462,2 мың долларға, ал импорт 4,3 млн долларға жетіп отыр.
– Қазір Атырау облысының көлік, азық-түлік, көтерме сауда саласында Әзербайжан Республикасының капиталы салынған 90 кәсіпорын жұмыс істейді. Біз мұндай іскерлік байланысты жандандыра түсіп, бірлескен жобаларды жүзеге асырудың жаңа форматын іздестіріп отырмыз. Бұл экономикалық, іскерлік қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді, – дейді С.Шәпкенов.
Каспий жағалауындағы тағы бір ел – Түрікменстан да мұнайлы өңірмен экономикалық әріптестікті жандандыруға бет бұрды. Әзірге бұл елмен сыртқы сауда айналымы 129 мың доллармен шектеліп отыр. Алайда алдағы уақытта 64,9 мың долларды құраған экспорт пен 64,1 мың доллар көлеміндегі импорттың үлесін ұлғайта түсудің мүмкіндігі бар.
Облыс әкімі С.Шәркеновтің пікіріне сүйенсек, Өзбекстанмен алыс-берістен гөрі барыс-келістің нәтижесінде ежелден сауда-экономикалық, көші-қон және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара қарым-қатынасы кең қанат жайған. Мұндай серіктестік тәуелсіздік жылдарында бұрынғыдан да жандана түсті. Көрші ел Атырау облысының сыртқы сауда байланысында маңызды рөл атқарып отыр. Мәселен, өткен жылы мұнайлы өңір мен Өзбекстан Республикасы арасындағы сыртқы сауда айналымы 45,2 млн долларды құрады. Қазір өңірдің көтерме және бөлшек сауда, қызмет көрсету, құрылыс салаларында өзбек капиталы бар 91 кәсіпорын жұмыс істейді. Осындағы жоғары оқу орындарында ала тақиялы елдің 200-ге жуық өрені білім алып жүр.
Ал өткен аптада мұнайлы өңірге келген Хорезм облысы әкімінің орынбасары Шерзод Исмаиловтың пікірінше, ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіп саласында ынтымақтастықты кеңейтудің мүмкіндігі мол. Мұны облыс әкімі де жоққа шығармайды.
– Қазақстан мен Өзбекстан – өзара қарым-қатынасты жан-жақты дамытқан, сауда-экономикалық байланысты мықтай түскен бауырлас елдер. Қазір Атырау облысында ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды жүзеге асыруға бетбұрыс жасалып отыр. Осы бағытта бірлесе жұмыс істесек, тауар айналымын арттыруға мүмкіндік туады, – дейді С.Шәпкенов.
Атырау облысы