Әлем • 16 Тамыз, 2022

Аштыққа ұшырағандар саны арта түсті

1206 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Халықаралық қоғамдастық дабыл қағып жатыр. Әлем ашаршылық алдында тұр. Кейінгі геосаяси оқиғалар, жаһандық жылыну секілді мәселелер миллиондаған халықты ашқұрсақ қалдырған. «Жұт жеті ағайынды» демекші, азық-түлік тапшылығына энергетика саласындағы қымбатшылық, ауыл шаруашылығына қажетті тауарлардың бағасының өсуі де әсер етіп отыр.

Аштыққа ұшырағандар саны арта түсті

Әлемдегі ашаршылық мәселесі талайдан бері көтеріліп жүр. БҰҰ келтірген мәліметтерге сүйенсек, әлемде 700 миллионнан аса адам кедейшілік деңгейінде өмір сүреді екен. Бірақ кейінгі жарты жылда бұл мәселе одан сайын күрделене түсті. Украина мен Ресей арасындағы қақ­ты­ғыс салдарынан жаһандық азық-түлік тізбегіне орасан шығын келген.

Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Украина да, Ресей де ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау жөнінен әлемде алдыңғы қатарда. Жыл сайын миллиондаған тонна бидай, жүгері секілді дәнді-дақылдар шетелге сатылатын. Бірақ 24 ақпаннан кейін бұл жағдай күрт қиын­да­ды. Ресей Украинаның портты қалаларын блокадаға алып, астық тасымалына кедергі келтірді.

Екіншіден, Ресейдің басқыншы әрекетіне байланысты салынған санкциялардың кері әсері болып отыр. Еуропа елдері бұған дейін Ресейден газ бен мұнай сатып алатын. Бірақ санкцияға байланысты одан бас тарта бастады. Оның үстіне, әлемдегі басты мұнай экспорттаушылардың біріне салынған санкция «қара алтын» баға­сына да әсер етті. Сөйтіп, мұнай қымбаттады. Соның салдарынан жер-жаһандағы энергетика саласында да баға өсіп, азық-түлік жеткізілімі тізбегіне «жығылғанға жұдырық» болып отыр.

Таяуда Түркияның мұрындық болуымен БҰҰ, Украина, Ресей және Түркия келісімге келген. Сөйтіп, Украина порттарында тұрып қалған астықты тасымалдау туралы уағда­лас­ты. Нәтижесінде, дәнді-дақыл тиелген бірнеше кеме жолға шықты. Мұндай жаңалық нарықтағы бағаны сәл ғана түсіргенімен, жалпылама әсері шамалы екені аңғарылады.

Мысалы, маусым мен шілде аралығында бидай бағасы 14,5 па­йыз­­ға арзандады. Осылайша, Ук­раи­на қамба­сындағы 20 миллион тоннаға жуық астықтың экспорт­қа шыға­рылуы бағаға осылай әсер етті. Бірақ келісім кез келген сәтте бұзылуы ық­тимал екенін айтатындар көп. Өйткені Ресей тарапы уағ­да­лас­тық­тың ертеңіне-ақ Одесса портына зымыранмен соққы жасаған-ды.

Мұндай қауіпті кезеңде екінің бірі Украинадан астық тасымалдауға тәуекел ете бермейді. Өйткені кез кел­ген сәтте кемеге ракета тиіп, суға кету ықтималдылығы жоғары. Оның үстіне, тасымал басталғанымен бұл про­цесс баяу жүріп жатқанын да айта кеткен жөн. Сарапшылар Украина мен Ресей бүкіл күшін салып, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға көшсе де жағдай өзгер­мей­ді деген пікірде. Өйткені соғысқа дейінгі жағдайды қалпына келтіру өте қиын деп есептейді. Қазіргі таңда әлемнің 36-ы елі Украи­на­дан келетін дәнді-дақылға тәуелді.

БҰҰ-ның арнайы дағдарыс тобы азық-түлік импортын төлеуге қаржысы жетпейтін 60-тан астам елге бақылау жүргізеді. Ұйым энергетика құнының қымбаттауы мен азық-түлік нарығындағы құбылмалы жағдай дамушы елдерге қиынға соғатынын айтады. Осы орайда айта кеткен жөн. БҰҰ биылғы ғасырдың соңында кедейлікпен күрестен нәти­же шығарып, аштықты жеңеміз деп мәлімдеген еді. Бірақ жыл сайын шартараптағы ашқұрсақтардың артуы бұл уәденің уәде күйінде қалуы мүмкін екенін аңғартады.

Нарықтағы астық бағасының өсуіне соғыстың келтірген зардабы бір бөлек. Оған қоса, жаһан­ды жайлаған құрғақшылық пен кли­­маттың өзгеруі де ауыл шар­уа­­­шылығы саласына үлкен шы­­ғын келтіріп отыр. Мәселен, бұқа­­ралық ақпарат құралдарына тара­ған мәліметке сүйенсек, Сомали түбегіндегі жағдай қиын. Алдағы жарты жылда Кения, Эфиопия және Сомалиде 26 миллионға жуық адам азық-түлік тапшылығына тап болуы мүмкін. Қазірдің өзінде аймақта 7 миллионнан астам мал қырылып қалды. Жалпы, Шығыс Африкада 50 миллионға жуық тұрғын азық-түлік тапшылығына душар болған.

Тағы бір айта кетерлігі, биыл құр­ғақ­шылық та ауыл шаруашылығына зардабын тигізіп отыр. Әлемнің түкпір-түкпірінде өзендер мен көл­дер құрғап, өсімдіктер қурап, өрт көбей­ген. Мысалы, АҚШ пен Оңтүстік Азия­дағы аптап ыстықтан, Еуропа, Қытай және Шығыс Аф­рикадағы қуаңшылықтан, Оң­түс­тік Кореядағы тасқыннан мың­да­ған гектар астық жойылып кетті. Демек азық-түлік бағасы әлі де қымбаттай түседі деген сөз.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қым­баттауына тыңайтқыштар баға­сы­ның көтерілуі де ықпал еткен. Бұл сала келешекте тұтынылатын тауар­лардың қымбаттауына әкеледі. Рас, тыңайтқыштар Украинадағы соғыс басталмай тұрғанда-ақ арзан емес еді. Бірақ тыңайтқыштарды өңдеу үшін табиғи газ көп қажет болғандықтан, қақтығыс салдарынан тыңайтқыштардың құны күрт қымбаттады.