Саясат • 17 Тамыз, 2022

Өзгермелі әлемдегі ынтымақтастық жолы

272 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Геосаяси кеңістіктегі ахуалды қаперге алғанда еліміз үшін сыртқы саясат моделін ғылыми тұрғыдан пайымдау қажеттігі туындап отыр. Осы орайда әлем елдерімен, оның қатарында Шығыспен ынтымақтастық әрі өңірлік қауіпсіздікті жетілдіру жүйесі басымдыққа ие. Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтында «Өзгермелі әлемдегі Қазақстан мен Шығыс елдері: қауіпсіздік және ынтымақтастық мәселесі» халықаралық жиынында аймақ елдері әріптестігінің келелі тұстары талқыланды.

Өзгермелі әлемдегі ынтымақтастық жолы

Институт директоры, филология ғы­лымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұы күрделі жағдайлармен бет­пе-бет келіп отырған әлем және Ор­талық Азия аймағындағы ауқымды бетбұ­рыс­тарға тоқталды.

Орталық Азия аймағындағы жағ­дай­дың өзгерістерге ұшырауы әсте кез­дейсоқ емес. Атап айтқанда, бұл ха­­лық­аралық және аймақтық әртүрлі тенденциялар мен факторлардың өзара әрекеттесуінің тікелей жемісі. Оның Ор­талық Азияның болашағы мен жалпы жағдайға шешуші әсерін жоққа шығаруға келмейді. Ал жалпы алғанда, аймақтағы жағдай тұрақты. Д.Мәсімханұлы бұл мәселені бірнеше бағытта саралай келіп, біріншіден, «Аймақтағы барлық елдер мемлекеттік жағдайына сай келетін даму жолын белсенді түрде іздестіруде әрі саяси ре­фор­маларын алға жылжыта отырып, тұрақтылыққа ұмтылу, орнықтылықты бе­кемдеуді аймақтағы әр ел ұлттық мұратына айналдырып отыр», деді.

«Бұрынғы кеңестік республикалар, қазіргі Орталық Азияның тәуелсіз мем­лекеттері үшін маңыздысы аумақтық тұтастық пен саяси тәуелсіздігін қорғау қағидаты болып қала береді», деді «Ор­талық Азия өңірі үшін интеграциялық бас­тамалар» баяндамасында Ресей ғалымы, саясаттану ғылымдарының докторы Дина Малышева. Оның айтуынша, өңір елдері өздерін әлемдік саясаттың объектісі емес, ұлттық мемлекет және субъект ретінде көрсетуге ұмтылады. Өңірлендіру осы елдердің өз мүддесін қорғауы мен ілге­рілетуінің тиімді нысаны ретінде көп деңгейлігімен ерекшеленеді. Ол рес­публикалардың егемен мемлекет ре­тінде ұлттық мүдделерін, әртүрлі инте­грациялық үрдістер шеңберінде сауда-эко­номикалық және саяси өзара іс-қи­мылды дамытуға, өңірлік немесе өңірлік емес қатысушылардың кең ауқымды ха­лықаралық-саяси бастамаларға, мем­лекетаралық жобаларға қосылу мүмкін­дігімен байланысты.

Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, саясаттану ғы­лым­дарының докторы, Мұрат Лау­му­лин «Посткеңестік Орталық Азияны ай­мақтандыру мәселелерін» қозғады. М.Лаумулиннің айтуынша, Орталық Азия дәстүрлі түрде біртұтас аймақ ретін­де қа­растырылады. Сыртқы ойыншылар ай­мақтың біртұтастығын қабылдағанымен, Ресей, АҚШ, Қытай істі екіжақты деңгейде жүргізуді қала­ды. Ал Еуропалық одақ ұзақ уақыт бойы аймақтың біртұтастығы тұжырым­да­ма­сы­на салмақты қарап, интеграция теориясын насихаттай отырып, өз моделін жүзеге асырғысы келді. Алайда 30 жылда өздігінше дамып келген Орталық Азия аймағы субъективті әрі объективті себептерге байланысты біртұтас интеграция моделіне қарай жылжи қоймады. Тарихқа жүгінетін болсақ, ол тек ірі модель құрамында ғана интеграция­лана алды. Бұл соңғы рет КСРО үлгісінде болғаны белгілі.

Бүгінде Орталық Азия жаһандық сау­да маршруттары, инфрақұрылымдық жобалар шоғырланған, әлемдік держа­ва­лардың мүдделері тоғысқан әлемдегі маңызды нүктелердің біріне айнлды. Бұл аймақтың экономикалық дамуы жаһандық қауіп­сіздік үшін де маңызды әрі мұндай мүм­кіндікті жергілікті державалар саяси ер­кіндігінде, халықаралық конъюнкту­рада іске асыра алады. Осы орайда са­­рап­шы «Таяу болашақта Орталық Азия елдерінің саясат, экономика және қауіпсіздік салаларындағы басты әріп­тестері Бейжің мен Мәскеу болады», дейді. Өңірде Ресей мен Қытай Батысқа қарағанда басымдыққа ие болуға тырыса­ты­ны анық. Ал Орталық Азия елдері екі ел­мен де жақсы қарым-қатынас ұс­тануға тырысады.

Жиын барысында Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты Та­ри­хи материалдарды зерттеу жөніндегі рес­публикалық орталықтың директоры, та­рих ғылымдарының докторы, профес­сор Меруерт Әбусейітова Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің әртүрлілік жағ­дайындағы өзара түсініктік мәселесін қозғады. Осы орайда іргелі ғылымды дамыту мүмкіндіктеріне қатысты пікі­рін білдірді. Ал өзгермелі әлемде Шы­ғыс пен Батыс мәдениеттерінің өзара ықпал­дастығындағы іргелі жобаларға мән беру қажет. Осы орайда ғалым «Ұлы даланың тарихы мен мәдениеті» бағдарламасының маңызына тоқталып, шетел архивінен алынған материалдар тарих, археология, шығыстану, геоархеология, антропология, молекулярлы генетика, мәдениеттану секілді жалпыгуманитарлық және нақ­ты ғылым мамандарының бірлескен жұмысына айналғанын әрі нәтижелі болғанын атап өтті.

 

АЛМАТЫ