Қаржы • 17 Тамыз, 2022

Салым мен алым деңгейі

662 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Екінші деңгейлі банктердің жиынтық қарыз портфелі бір айда 3,2 пайыз немесе 656,2 млрд теңгеге көбейген. 2022 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша қарыз портфелінің көлемі – 21,3 трлн теңге. Соның 20,1 трлн теңгесі – ТОП-10 банктің еншісінде. Үздік ондықтағы қарыз портфелінің айлық өсімі 3,5 пайыз немесе 673,8 млрд теңгені құраған.

Салым мен алым деңгейі

Банк несиесінің көлемі бойынша ForteBank көш бастап тұр. Бұл банктің несие өсімі бір айда 9,6 пайыз, 94,2 млрд теңгеге өсіп, қарыз портфелі 1,1 трлн теңгеге жетті. Банк қарыз портфелінің өсім динамикасы сектордағы жалпы көлемнен 3 есе көп. Екінші орында – 948,5 млрд теңгемен «Еуразиялық банк». Бұл банктің несие портфеліне бір айда 59,6 млрд теңге қосылған. Үшінші орынды 45,7 млрд теңге өсіммен Bank RBK түйіндейді. Несие портфелінің жалпы көлемі – 786,4 млрд теңге. Өзге қаржы институттары айлық 1,1 пайыздан 5,1 пайызға дейінгі аралықта өсім көрсеткен. Үздік ондық ішіндегі несие портфелін азайтып алған жалғыз қаржы инс­титуты – «Сбербанк Қазақстан».

ТОП-10 қатарына кірмейтін басқа банктердің қарыз портфелінің жиынтық көлемі 1,4 пайызға немесе 17,5 млрд теңгеге қысқарыпты. Олардағы несие портфелінің жиынтық көлемі – 1,2 трлн теңге.

«Жыл басынан бері екінші деңгейлі банктердің қарыз портфелі 5,5 пайызға өсті. Қарыз портфелі көлемінің өсуімен бірге төлемі кешіктірілген несие көлемі де 9 пайызға немесе 2022 жылдың маусымында 128,2 млрд теңгеге артты. Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша төлемі кешіктірілген несие көлемі 1,6 трлн теңгені құрап, ал мерзімі өткен берешек үлесі бір айда 6,9-дан 7,3 пайызға көбейді», дейді Ranking сарапшылары.

Бизнес салымдары бойынша лидер – Bank RBK. Соңғы бір айда қаржы институтындағы корпоративтік салым көлемі 26,9 пайызға немесе 123,2 млрд теңгеге көбейіп, жалпы жиынтығы 623,5 млрд теңгеге жеткен. Банк микро және шағын кәсіпкерлер, сондай-ақ орта мен ірі бизнес үшін «Шұғыл» және «Корпоративтік» салымдар ұсынады. Салымдарды теңге, рубль және доллармен ашуға болады. Корпоративті салым көлемінің айлық өсімі бойынша үздік үштікке Kaspi Bank (+24,1 пайыз, 453,6 млрд теңге) және Қазақстандағы Қытай банкі (+23,3 пайыз, 465,7 млрд теңге) кірген.

Жылдың алғашқы алты айында заңды тұлғалардың банктегі салымы 1,2 па­йызға өскен. Дегенмен күрделі гео­саяси жағ­дайға қарамастан банк­тер кор­по­ра­тив­ті сектордан 1 трлн тең­геден астам қаражат тартып отыр. Мау­сым­да екін­ші деңгейлі банктердегі заңды тұл­ға­лар салымы 8,9 пайызға көбейіп, 12,7 трлн теңгені құрады.