Елорда • 17 Тамыз, 2022

Елордада кезекті бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті

556 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада «Жастар» сарайында жұмыссыз азаматтар, пробация қызметінің есебінде тұрған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар және алимент бойынша борышкерлер үшін жалпы қалалық бос орындар жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада кезекті бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті

Тұрғындардың жұмысқа орналасуына көмектесу мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңкеге 50-ден астам жұмыс беруші қатысты.

Жәрмеңке жұмысына елорданың 54 жұмыс берушісі қатысып, 1300-ден астам бос жұмыс орындары ұсынылды. Оның ішінде 9 мекеме пробация қызметі есебіндегілер және жазасын өтеп келген жұмыссыз азаматтарға 197-ден астам бос жұмыс орындарын ұсынды. Білім, сауда, қаржы, құрылыс саласындағы мекемелер жұмыс іздеп жүрген азаматтарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, түйіндемелерін қабылдады.

Жәрмеңке арқылы жұмыс табуға ниетті азаматтардың бірқатары еңбекке енді араласатын жас маман болса, енді бірі тұрмыстық жағдайға байланысты жұмыс орнын ауыстыруды көздейді. Елордаға қоныс аударған қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Алтынгүл Өңей өз еркімен жұмыс таппаған соң, жәрмеңкеде жұмыс табуға үмітті.

«Мен Аршалы ауданы Сарыоба орта мектебінде 17 жыл қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бердім. Биыл отбасылық жағдайға байланысты елордаға көштік, бірақ әлі жұмыс таппадым. Осы жәрмеңкеде бірнеше мекемеге түйіндеме тапсырдым, жақсы хабар күтемін», дейді мұғалім А.Өңей.

Жәрмеңкеде жұмыс берушілер қатарында қалалық Халыққа қызмет көрсету орталығы да болды. Орталық 5 бағыт бойынша бос жұмыс орындарын ұсынды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Нұр-Сұлтан қалалық филиалының өкілі елордадағы орталықтарға 50 адам жетіспейтінін атап өтті.

«Елордада 9 ХҚКО бар. Қазір қызмет көрсету орталығына жұмысқа кіру жеңілдеді. Үміткерлер психологиялық тест тапсырмайды, жұмысқа әңгімелесу арқылы қабылданады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды да жұмысқа алу жағы ойластырылған. Бүгінгі жәрмеңкеде түйіндемелер көп түсті, біз олармен танысып, барлық талапқа сәйкес келетін азаматтарды жұмысқа қабылдаймыз», дейді Бақтияр Әлиақпаров.

Жәрмеңкеге Нұр-Сұлтан қаласы прокуратурасы, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, Әділет департаменті және қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері, сондай-ақ, «Астана-Теплотранзит» АҚ, «Green tal» ЖШС, «Мейрім-М» ЖШС, «Электровоз Құрастыру Зауыты» ЖШС, «Басқару Колледжі» ЖШС, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ШЖҚ МКК «Сервис және туризм колледжі», «Жоғары медициналық колледжі» ШЖҚ МКК және басқалар қатысты.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында жылдың соңына дейін 28 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің мақсаты-жұмыс берушілер мәлімдеген азаматтарды бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру. Бүгінгі жалпықалалық жәрмеңкеге 450-ге жуық жұмыс іздеуші қатысты. Қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы мәліметінше жыл соңына дейін әлі осындай 8 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтеді.