Білім • 17 Тамыз, 2022

Ұстаз еңбегінің ұлағатын асырған

354 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әл-Фараби: «Ұстаз… жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек», деген.

Ұстаз еңбегінің ұлағатын асырған

Осы тұжырымнан №85 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, әріптесім Нәзира Жақыпованың бейнесін көргендей боламын. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беруде, жақсы қасиеттерді бойларына дарытуда ұстаз Нәзира Оразханқызының еңбегі зор.

Ұстаздар шығармашыл, ізденімпаз болса, шәкірттеріне деген ілтипаты мен берері мол болса, бұл – оқушылардың бақыты. Балалардың арасында жүріп, олардың қуанышы мен жеткен жетістіктеріне куә болу, соған үлес қосу – ұстаздардың бақыты. Осы орайда, әр шәкіртін аялай, алтын уақытын аямай бала тәрбиесіне, сондай-ақ сапалы білім алуына зор еңбек сіңіріп жүрген әріптесімнің жеткен жетістіктерін мақтанышпен айтуға болады.

Ол өзінің де кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында бірнеше курсқа қатысты, халықаралық қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ұстаздар арасында өткізілген олимпиаданың ІІ дәрежелі дипломымен марапатталды. «Сөз таптарының грамматикалық сипаты» тақырыбында жалпы білім беретін мектептерге арналған авторлық бағдарламасы жарық көрді.

Шәкірт тәрбиелеу ісіндегі ең негізгі ұстанымның бірі – тұлға қалыптастыру, оқушы бойында адамгершілік қасиеттердің орнығуы­на ықпал ету болса, ұстаздың осы міндеттер үдесінен шығып жүр­генін айтуға тиіспін. Нәзира Оразханқызына оқушыларына жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп, оларды білім нәрінен сусындатып жүрген еңбегі әрі қарай да жемісті бола берсін дегім келеді.

 

Гауһар СМАҒҰЛОВА,

№85 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

Қызылорда облысы,

Қармақшы ауданы