Көнекөз қариялардың айтуынша, қазіргі «Астана» концерт залы орналасқан жерде ертеде базар орын тепкен. Ол әдеби шығармаларда айтылатын әйгілі «Қараөткел» базары. Арқаның ауқатты адамдары жаз шыға сол базарға үй тігіп, бір жағынан өнімдерін (қымыз, сүт, ет, құрт-май т.б) саудалайтын болса, екіншіден, қыстай ұйып жатқан ел дала серілерінің өнерін тамашалайды. Арқаның айтулы әншілері де бұл базарға соқпай өткен емес. Айлап жатып ән салып, халықтың құмарын қандырған.
Елмен бірге Ғалия да базарда қымыз сатады. Ажарлы, көз қарықтырар қараторының әдемісі Ғалияның қымызханасына бір күні Балуан Шолақ ат басын бұрады. Бұл шамамен 1908-09 жылдары болса керек. Балуанның тасы өрге домалап, әнімен Арқаны тербетіп, күшімен жауын еңсеріп жүрген, қырықтың қырқасына шыққан қайратты кезі екен. Ғалия болса 22-23 жаста. Ғалия балуанға өз қолымен қымыз ұсынады. Дүниенің дүр сілкінген кезі де осы болар, дала серісінің жүрегіне Ғалияның ару бейнесі қашалады. Осылай «Ғалия» әні туған.
Жоғарыда атап өткеніміздей тоғыз жолдың торабы Ақмолада көшпенді қазақтардың саудасын ортақтастыратын татар, ноғайлар болған. Осылардың бірі Сұлтанай Қамза деген ноғайдың саудасын жүргізетін Тілеу атты қазақ екен. Түбі Жаңаарқа жақтан, руы Арғын оның ішінде Аралбай. Сегіз бөлмелі үйі бар дәулеттілер санатындағы отбасы. Үлкен әйелінен Ғалия, Мәрзия атты екі қыз туыпты. Шолақтың әні арқылы тарихта аты қалған Ғалия осы.
Ғалия жайында академик-зерттеуші Ахмет Жұбанов деректер жинап, Балуан пен Ғалия арасындағы оқиға турасында алматылық Мәкура Есілбаева деген адамнан өте ертеректе біршама толық мәлімет жазып алыпты. Осында баяндалғандай – Ғалия қара сұрлау келген, ат жақты, ұзын бойлы, бетінде аздаған шешек дағы бар, өткір, сөзге шешен, оң қолынан өнер тамған шебер екен. Әсіресе тамағында шешек дағы көп қалғандықтан орамалымен алқымын қымтап байлайтын әдеті болғаны туралы да ел ішінде әңгіме бар. Бұны оның суретінен де байқауға болады.
Балуан Шолақтың жеке өміріне қатысты жазылған зерттеулерде түрлі қайшылықты пікірлер кездеседі. Мәселен, ол кісінің қазақтың ата қонысын баса көктеп, шұрайлы жерлерге келіп қоныстанған өзге халық өкілдеріне түре тиісетін әдеті болыпты. Шын мәнінде бұл Шөкеңнің өзінше көтерілісі еді. Бұл әрекетін Кеңес заманының зерттеушілері «халықтар достығын» түсінбеді, біреулердің айтағына еріп қателесті, деп бағалаған. Бірақ белгілі жазушы Әнес Сарайдың тәуелсіздік жылдары жазылып, астанадағы қазақ драма театрында сахналанған «Балуан Шолақ» атты драмасында жоғарыдағы бұрмалаушылық түзетіліп, балуанның күрескерлік қыры жақсы ашылған. Осы туындыда суреттелгендей балуан бабамыз бір жылдары қатты қуғын көрген. Тіпті неше дүркін абақтыға қамалып, одан қашып шығып, жасырынып жүрген күндері де болған.
Енді Ғалия туралы жазып алған А.Жұбановтың естелігіне қайта жүгінейік: Ғалия қазақи әдет бойынша Біржан деген жігіттің атастырылған қалыңдығы ретінде ұзатылады. Барған жерінде екі жылдай тұрып, Қараөткелге төркін жұртына көшіп келеді. Шөкеңмен көңіл байласатын тұсы осы кез. Ғашығына арнап сегіз қалта жият кестелеп, оған өрнектеп атын жазады. Онысын құп көрмеген күйеуі үйінен қуады. Ғалия қашып әкесінің үйіне келеді. Ата-анасы қызымен ақылдаса келіп, күйеуінен ажырасуын құп көреді. Бірақ күйеуі төлеген қалың малын даулайды.Оны төлеуге Ғалияның әкесі Тілеудің жағдайы болмайды. Іс билер сотында қаралатын болады. Оқиғадан хабардар Балуан Шолақ неде болса мал тауып келу үшін Көкшетауға жүріп кетеді. Онда балуанды басқа тағдыр күтіп, оны ұстап, түрмеге жабады. Ғалия болса билер сотында өз дауын өзі ұстап Біржанды жеңіп шығып, басына толық бостандық алады. Ал Шөкеңе жоғалған сексен өгіздің жаласына Семейден ұрланған бір топ жылқы қосылып ісі қалыңдайды. Ғалия күтумен күндерін өткізеді. Оның үстіне сотта жеңілген жақтың қыспағынан не істерін білмей қиналып жүргенде «Шолақ пәлен жылға сотталып жер аударыпты» деген хабарды естиді. Бұл қарсы жақтың таратқан жалған жаласы еді.
Балуан бабамыз Көкшетауда түрмеде жатып Ғалияның атын неше түрлендіріп әнге қосады. Аузынан шыққан әнді ел лезде қағып алып таратады. «Ғалия» әнінің осылай әртүрлі нұсқасы пайда болған. Осындай әуезі бөлек, иірімі терең әннің кейіпкері Ғалия 1922 жылы 35 жасында дүние салып, көнекөз қарттардың айтуынша осы күнгі «Жастар» шағын ауданындағы ескі зиратқа жерленген. Ал Балуан Шолақ бабамыз Ғалиядан үш жыл бұрын, яғни 1919 жылы өмірден өтсе де, артында мұра болып «Ғалия» әні қалды.