Өткен жексенбіде Қарағанды облысындағы «Спасск» оқу-жаттығу полигонында өтіп жатқан «Тактикалық мерген» сайысында Қазақстанның әскери қызметшілері «Жаралы адамды эвакуациялау» кезеңінде үздік нәтиже көрсетті. Екінші орынды Өзбекстан, үшінші орынды Қытай иеленді.
Бұдан бөлек мерген жаудың үздіксіз атқан оғының астында «жауынгер жолдасын» қауіпсіз жерге көшірді. Сонымен қатар ол бірнеше атыс позицияларынан нысанаға гранатамен оқ жаудырды.
Жараланған жауынгердің орнына 80 килодан (жаяу әскердің толық қару-жарақ, жабдығымен орташа салмағы) асатын бірнеше аспалы ағашты қосарлап имитация ретінде пайдаланды.
– Бұл жаттығуды орындау арқылы қатысушы ату дәлдігі мен төзімділігін ғана емес, сонымен қатар төтенше жағдайда әрекет ету қабілетін де көрсетуі керек. Жаттығу барынша жауынгерлік, тактикалық жағдайға жақындатылған деңгейде өткізілді, – деді «Тактикалық мерген» сайысының төрешісі майор Ғалым Садықов.
Мәскеу маңындағы «Алабино» полигонында біздің танкистер бірінші дивизионның жарысын сәтті аяқтады. Жеке жарыста бірінші экипаж құрамы – танк командирі капитан Бексұлтан Алдаберген, көздеуші-оператор 3-сыныпты сержант Сұңғат Сәдуақасов және 3-сыныпты механик-жүргізуші сержант Сұлтан Құтекешов барлық нысанаға дәл соққы беріп, бүкіл кедергіден мүлтіксіз өтіп, уақыт бойынша да үздік нәтиже көрсетті.
Сайыстың нәтижесінде біздің танкистер үш атыс шебі бар 12 шақырымдық тас жолды 25 минут 8 секундта еңсерді. Өзбекстан – 25 минут 18 секундта, Вьетнам – 34 минут 50 секундта, Венесуэла – 47 минут 5 секундта өтті. Екінші және үшінші қазақстандық экипаждар «Танк биатлоны» байқауының жеке жарысына алдағы күндері шығатын болады.
Ал Ақмола облысы Щучинск қаласының «Амандық» полигонындағы атыс шебіне «Меридиан» сайысына қатысатын әскери топографтар шықты. Жамбыл облысындағы «Гвардейск» полигонында өткен жеке жарыс барысында сайысқа түскендер минаатқыштан, гранатаатқыштан және атыс қаруынан оқ ату тапсырмаларын орындады. Қазақстандық әскери альпинистердің «Эльбрус шеңбері» сайысында көрсеткен алғашқы нәтижелері де жаман емес.