Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Халықаралық жоғары мектептер ғылым академиясының құрметті академигі, Қазақстан Жазушылар одағының Сәкен Сейфуллин атындағы сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішұлының туғанына 95 жыл толуына орай дөңгелек үстел өтті. Аталған іс-шара сыншы-ғалым, жазушы Тұрсынбек Кәкішұлының қазақ әдебиетінің өркендеуіне қосқан үлесін бағалау, ұлтжандылығы мен әдебиетке деген адалдығын келер ұрпаққа, қазіргі жастарға үлгі ету, сонымен бірге ғалымның артында қалған мұрасын дәріптеу, оның рухына құрмет көрсетуді мақсат етті.
Дөңгелек үстелді ақын, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы жүргізіп, Т.Кәкішұлының қазақ әдебиетіне қосқан орасан зор еңбегіне, ұстаздық жолына тоқтала келіп, елордадағы жаңадан ашылатын №94 мектеп-гимназиясына Тұрсынбек Кәкішев есімін беру туралы ұсыныстар айтылғанын, елорда әуежайы маңындағы коттедждер қалашығында ғалым атына көше берілгенін қуанышпен айтып өтті, әрі ұстазы туралы жылы естеліктермен бөлісті.
Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы ғалымның ұлттық әдебиет ғылымына жанашырлығы, адалдығы кейінгі ұрпаққа үлгі болады дей келіп: «Ол ғылымға салыстырмалы түрде кеш келді, бірақ үлкен мектеп даярлап кетті, ғалымның сүбелі еңбегі әдебиет және өнер, сын саласының қалыптасып-дамуында үлкен бағдар болды деп есептейміз. Әсіресе 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезіндегі азаматтық ұстанымы туралы бөлек айтуға болады, ол кезде декан кезі. «Садақтың» рухы мен мазмұны да Алаш тақырыбы болды. Ол қазақ зиялыларына тұтас қарай алды. Еуразия ұлттық университетінде ғалым атында мемориалдық кітапхана бар. Келешекте Тұрсекеңнің рухындағы жаңа зерттеулер дүниеге келеді деп сенеміз» деп қорытындылады.
Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омарұлы ұстаз Тұрсынбек Кәкішев туралы: «Бүгін бәріміздің ұстазымыз, аға буынның ішіндегі өте зиялы адам ретінде, айтатынын ешкімнен қаймықпай айтатын азамат ретінде ұлтымыздың тарихында қалған Тұрсынбек ағамызды ұлықтау үшін жиналып отырмыз. Қазіргі ұрпақ тарихқа қараған кезде айналып соғатын «жиырма жетінші жылғылар» деген бір ұғым бар. Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев, Зейнолла Қабдолов, Мүсілім Базарбаев, Нығмет Ғабдуллин, Рахманқұл Бердібаев, Үшкілтай Сұбханбердина, Телғожа Жанұзақ,...бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Бұлардың барлығы жиырма жетінші жылғылар. Осылардың ішінде тоқсан бес жасын көзімен көрген Телғожа Жанұзақ ағамыз. Осы жиырма жетінші жылғылардың арасындағы ғибратты ғалым, ұлағатты ұстаз, абыройлы ақсақал, ардақты аға Тұрсынбек Кәкішевтің орны бөлек. Ол ғылымдағы кейінгі буынға жақсы қарады, бәріне жол ашты, жастарды қолдады, қолдауын көргеннің біріміз. Ол кісі алыс-жақын шетелдердің архивтерін түгел сүзіп шыққан адам, қай архивке барсаң да Тұрсекеңнің қолы тұратын», деген жүрекжарды ойын айтты.
Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп және ғалымның інісі Жеңіс Есімұлы да аталған іс-шараға арнайы қатысып, академик туралы естеліктерімен бөлісті. Саясаттанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сейдахмет Құттықадам, публицист, аудармашы Қайырбек Сәдуақасов, ақын Бақытжан Тобаяқов, филология ғылымдарының докторы, профессор Рахымжан Тұрысбек, жазушылар Төкен Әлжан, Жәди Шәкенұлы, Айгүл Кемелбаева, алаштанушы, профессор Сағымбай Жұмағұл, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы Тіл-қазына ғылыми-практикалық орталығының директоры Ербол Тілешев сияқты зиялы қауым өкілдері де іс-шараға қатысты. Қазақ әдебиетінің өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан ғалымның есімі ұлықтала беретіні шүбәсіз.