Енді, міне, арада біршама уақыт өткен соң, қоладан медаль тағынған төрт спортшы – Аян Әбдіраш, Нұрдәулет Жақып, Айжомол Әбдікатова, Виктор Фрундинді және олардың жаттықтырушыларын облыс әкімі Жеңіс Қасымбек қабылдап, сый-құрмет көрсетті.
Емен-жарқын әңгіме жағдайында өткен кездесу барысында команда капитаны Аян Әбдіраш өзінің спорттық өмірінен сыр шертті. Ол спорттың бұл түрімен тоғыз жасынан бері шұғылданған екен.
– Бұл менің өнер көрсеткен үшінші Сурдлимпиадам болды. Алғашқы қатысқан Сурдлимпия ойындарында бесінші нәтиже көрсеттім. Болгарияда өткен додада мен 18 жаста болдым. Ал 2017 жылы Түркияда өткен Сурдлимпиадада чемпион атандым, – деді Аян Әбдіраш.
Сонымен қатар капитан спорт секциясына өзін алып келген анасына, одан кейін осындай дәрежеге жеткізген жаттықтырушыларына дән риза екенін айтты. Жаттықтырушы демекші, спортшыларды биік белеске шығарған тәлімгерлер – Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушылары Руслан Ищанов пен Хабдулла Төлегенов те облыс басшысы тарапынан сый-құрметке бөленді.
Кездесу барысында сурдлимпиадалық спорт түрлерін дамытуға кедергі болып отырған кемшіліктер жайы да назардан тыс қалмады. Мәселен, спортшылардың қарқынды жаттығуларға арналған жеке алаңдары жоқ екенін жеткізді жаттықтырушылар. Мәселен, қазіргі уақытта спортшылар ITF таэквондо мектебінде жаттығады екен. Ал бұл жердегі кілем төсеніші жаңартуды қажет ететін көрінеді. Содан кейін бағалаудың жаңа электронды жүйесі де қажет екені баяндалды. Өз кезегінде облыс басшысы бұл мәселе атаулының шешім табуына көмектесетінін айтып, уәде берді.
Сурдлимпия ойындарында, яғни құлағы мүкіс жандар арасындағы дүбірлі додада жүлдегер атанған саңлақ спортшыларға 1,5 млн теңге мөлшерінде біржолғы төлем берілді. Ал облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев әр таэквондошыға ай сайын 800 мың теңге көлемінде стипендия төленетінін мәлім етті.
ҚАРАҒАНДЫ