Театр • 18 Тамыз, 2022

Елордалықтарды жылы әсерге бөледі

433 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана Опера» сахнасында өнер көрсетіп, елордалықтарды жылы әсерге бөлеген Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының әртістері мен музыканттары гастрольдік сапарын қорытындылады.

Елордалықтарды жылы әсерге бөледі

– Біз өзіміздің әріптестік ынты­мақ­тастығымызға қуаныштымыз, өйткені осындай өнер байланысы, ең алдымен көрермендерге оң ықпалын тигізеді, – деген «Астана Опера» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедияров екі өнер ордасы арасындағы тәлімді тәжірибе бас шаһардың мәдени өмірін көркей­тіп, одан сайын байыта түсетіндігін жеткізді.

Айта кетейік, Қарағанды акаде­мия­лық музыкалық комедия театры респуб­ликамыздағы оперетта мен мюзикл жан­рындағы бірден-бір өнер ордасы саналады. Жыл сайын онда жетіге жуық жаңа қойылымдар сахналанғанымен, жалпы театр репертуарында 200-ден астам спектакль бар.

Кенді өлкенің абыройын асы­рып жүрген театрдың жетекшісі, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Аман­тай Ибраев «Астана Операдағы» өнер сапары қарағандылық театрдың әртістері мен музыканттары үшін айтулы оқиға болғандығын атап өтті.

– Біздің ұжым еліміздегі бірегей театр­дың сахнасында көрсетуге ре­пе­р­туарымыздағы үздік деген спек­такль­дерді алып келді. Оның ішінде әлем­ге танымал композиторлардың бірі В.Баскиннің жаңа шығармасы, бродвей мюзиклінің дәстүрлі желі­сімен жазылған «Кентервиль қама­лы­ның елесін», сондай-ақ театры­мыз­дың негізін құрайтын классика – И.Кальманның «Цирк ханшайымын», М.Дунаевскийдің «Алқызыл жел­кендерін» және т.б. туындыларды қойып, көрермендердің жақсы бағасын алдық, – деді А. Ибраев.

Аталған музыкалық театрдың елор­да­лықтар көңілінен шыққан қойы­лымдардың қоюшы дирижері, Беларусь музыкалық театрынан арнайы келген қонақ Николай Макаревич гастрольдік сапардың өте жоғары деңгейде өткен­дігін айтты.

– Бұл гастрольдің мен үшін орны бөлек. Әсіресе «Астана Опера» залы мен фойесінің әдемілігі ұнады. Өзім Еуропаның көптеген театрын, соның ішінде әйгілі Вена опера театрын көрдім. Сонда да маған осы өнер ордасындағы дизайнерлер мен суретшілердің шебер жұмысы таңғалдырды. Үш спектакльдің декора­циясын бұзбай, сол күйінде сақ­тауға болатын сахнаның техникалық жабдықталуы мен акустикасы керемет балет залы да көңілімнен шықты. Мен оны «Метрополитен Опера» және «Ла Скаламен» қатар қояр едім, – дейді Минсктен келген маэстро.