Қоғам • 18 Тамыз, 2022

Елімізде 622 мыңнан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алды

242 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осы жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша 121,1 мың отбасындағы 622,6 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Биыл осы мақсаттарға бюджеттен 83,8 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде 622 мыңнан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алды

АӘК отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен азаматтарға тағайындалады.

Бұдан басқа, АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен (бұдан әрі – әлеуметтік топтама) қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

«2022 жылғы 1 тамызда АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 169,5 мың балаға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама тағайындалды», делінген хабарламада. 

Естеріңізге сала кетейік, биыл қаңтар айындағы ТЖ режиміне байланысты 2021 жылдың 4 тоқсанында АӘК алған азаматтарға төлемдер 2022 жылдың 1 тоқсанына автоматты түрде ұзартылды. Бұл ретте жаңа алушыларға Электрондық үкімет порталы арқылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш беру мүмкіндігі берілді.

Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығында, сондай-ақ egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы бере алады.