Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының хабарлауынша, талапқа толық сәйкес келу үшін кәсіпорындар қысқа мерзімде үлкен жұмыс көлемін орындауы қажет. Яғни техникалық тапсырманы дайындау, жобалық құжаттаманы әзірлеу және оны мемлекеттік органдармен келісу, жеткізушілерді іздеу әрі жабдықтар сатып алу, монтаждау және іске қосу-жөндеу жұмыстары, қызметкерлерді оқыту керек. Бұл ретте жобалық құжаттаманы келісу рәсімдері ұзақ уақыт алады.
Жаңа норманың енгізілетіні туралы бүгін айтылмағаны белгілі. Ендеше, «Кәсіпорындар неліктен ертерек қам жасамаған?» деген заңды сұрақ туындайды. Қауымдастық мамандарының пікірінше, бұған әлемдегі логистикалық тізбектердің бұзылуы кері әсер еткен. Эмиссияларды бақылауға арналған жабдықтар Қазақстанда шығарылмайды. Демек оны АҚШ пен Еуропадан әкелу қажет. Ал логистиканың бұзылуы, валюта бағамының құбылмалылығы сатып алу және тендерлік рәсімдерді өткізу үдерісін қиындатқан. Соның салдарынан жабдықтарды жеткізу мерзімі 1-1,5 жылға дейін шегерілген жайы бар.
«Жабдықты орнатудағы технологиялық ерекшеліктер де әсер етті. Ортасы қауіпті зауыттарда немесе қондырғыларда өлшеу аспаптарын бекітпес бұрын пайдаланылған газды шығарып, ағызу құбырларындағы ойма тесіктерді қауіпсіз орнату үшін тоқтату керек. Алайда мұндай модернизация тек күрделі жөндеу кезінде ғана жүзеге асырылады. Ал күрделі жөндеу жұмыстары әдетте әр 2-4 жыл сайын жасалады. Сонымен қатар тозған құбырларды мұқият тексеру маңызды. Олар алдағы техникалық, құрылымдық өзгерістерге шыдамауы мүмкін», дейді қауымдастық өкілдері.
Олардың пікірінше, автоматтандырылған мониторинг жүйесі орнатылатын жерді таңдау да маңызды мәселе. Өйткені ағызу нүктесі қажетті коммуникациялардан үлкен қашықтықта орналасқан. Оның үстіне қыста тұрақты һәм жеткілікті су көлемін табу да қиын. Осы тұрғыдан тағы да қиындықтар туындауы мүмкін деген болжам бар. Жабдықты қарашадан сәуірге дейінгі кезеңде орнату тиісті қолжетімділік пен кірме жолдың болмауына байланысты кейбір жағдайларда автоматтандырылған мониторинг жүйесі жұмысындағы іркілістерге жедел назар аудару, оған уақтылы қызмет көрсету мүмкін болмай қалуы да ықтимал.
«Ең маңыздысы, Экологиялық кодекс қауіптіліктің бірінші санатындағы объектілерде ең озық қолжетімді техникаларды енгізуді көздейді. Бірақ кәсіпорындар кейіннен пайдаланудан шығару немесе жаңғырту қажет болған кезде автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнатуға инвестиция салуы да мүмкін. Қайта жаңарту жобаларын іске асыру кезінде жаңадан енгізілетін жабдық қолданыстағыдан түбегейлі ерекшеленуі ықтимал және автоматтандырылған мониторинг жүйесін жаңадан енгізілетін көздерге қайта орнату мүмкін болмайды. Осының салдарынан инвестициялық бағдарламаға жұмсалған қаражаттың тиімділігі ақталмайды», дейді мамандар.
Қысқасы, қауымдастық автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізуді 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін шегеруді сұрап отыр.
– Тау-кен металлургия кешенінің кәсіпорындары автоматтандырылған мониторинг жүйесіне қатысты міндеттемелерді белгіленген мерзімде орындай алмайды. Техникалық және ұйымдастырушылық себептерден басқа, кәсіпорындар өнімді сатуда қиындықтарға тап болып отыр. Олар өнімдерін сата алмай, қоймаға үйіп жатыр. Оны да ескеру керек. Қысқасы, біз бұл істе көптеген қауіп мен тәуекелді көріп отырмыз. Орнатылған жүйелерде зақым пайда болса, оны кім тексереді және қалай реттейді?! Жобалау кезеңінде де көптеген мәселе туындайды. Әрине, мемлекеттік органдарға жүгінерміз. Бірақ олар бізді ұзақ уақыт бойы күттіріп қояды емес пе?! – дейді Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец.
Kazenergy қауымдастығының мамандары автоматтандырылған мониторинг жүйесіне қатысты заңнаманы жетілдіру қажет деп санайды. Сондай-ақ олар әрбір сала бойынша бір қанатқақты жобаны іске асыруды және бір жылға арналған Жол картасын әзірлеуді ұсынды. Өйткені компаниялардың барлығы бірдей автоматтандырылған мониторинг жүйесіне қатысты талаптарды толық көлемде орындай алмайды. Сондықтан мамандар бұл мәселенің Үкімет деңгейінде қаралғанын қалайды.