Қоғам • 18 Тамыз, 2022

Жүзе білу – өмір

383 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаймашуақ жаз шыққанда жай­раңдаған жас балалар суға шомылуды әуес көріп өзен-көлді жиі жағалап кетеді. Алайда жан-жағын бағамдай бермейтін балғындар абайсызда жағадан алыстап, ойла­маған жерден бойла­майтын суға батып кетіп жатқан жайсыз жағдайлар аз емес. Биыл айналдырған үш айдың ішінде, айдың-күннің аманында 60-қа жуық аймаңдай баладан айырылып, қан­ша­ма отбасы қайғыдан қан жұтты, қасі­рет шекті.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі бойынша елімізде жыл басынан бері 214 адам суға кетіп, қаза тапты. Олардың 71-і кәмелет жасына толмаған жас балалар екен. Ал мұндай қайғылы оқиғалардың 80 пайызы жазда, шомылу маусымында орын алып отыр. Дәлірек айтқанда, биыл 1 маусымнан бастап бүгінге дейін 170 адам суға кетсе, соның ішінде 58 баланың өмірі қыршынынан қиылған. Бұл – дер кезінде көмек бере алмай демі үзілгендердің дерегі. Бұған қоса су жағасынан суық хабар естірте жаздаған жағдайлар да жетерлік. Осы жылы құтқарушылар суға тұншығып жаны мұрнының ұшына тірелген 281 адамның өмірін арашалап қалды. Оның 93-і – балалар.

Құтқарушылар қызметінен бөлек ел арасында да көрер жарығы бар балаларға көзсіз ерлікке бара алатын батыл жандар кездесіп қалып, қаншама өмір аман қалды. Ондай бейбіт күннің батырларының аты биыл да жиі аталды. Мысалы, өткен айда бір үйдің үш бірдей ұлын құтқарып қалған павлодарлық азаматтың ерлігі әлі есімізден кете қойған жоқ.

Байқап қарасақ, мұндай оқыс оқиғалардың көбі ауыл-аймақта болып жатады. Үлкендер жағы балаларын ел ішінде ғой деп елеңдемей еркіне жіберетіндіктен, олардың асыр салып ойнап жүріп «от басып» қалатынын қаперде ұстай бермейді. Ауыл шетінде ағып жатқан суға ағылып барып жүрген балалардың көбі өз бетімен, ата-анасының қарауынсыз шомылып жатады. Солардың ішінде естияр, малти алатын бірен-сараңы ғана болатын шығар, бірақ дені – жүзе білмейтін шикіөкпелер. Міне, қауіптің басы осы жүзе алмаудан басталады. Өйткені суда қалқып тұра алмайтын бала сәл тереңдеу тұсына барғанда бірден үрейге бой алдырып, тұншығып қалады. Ондайда маңайда көмекке жарамды жан болмаса, тереңнің батырып әкетуі әп-сәтте. Сондықтан баланың жасынан жүзіп үй­ренуін қолға алып, соған сай мүмкіндік жасау керек. Өйткені жүзу – өмірлік маңызы бар дағдының бірі. Өкінішке қарай, мұны біздің көп ата-аналар құнттай бермейді. Бұл – жазда жағалауларда үнемі байқалатын жағдай. Мысалы, өзге балалар суда емін-еркін ойқастап жүзіп жүрсе, өзіміздің қаракөздеріміздің таяз жерден әрі аса алмай тырбаңдап жүретіні көзге ұрып тұрады. Тіпті ересектеріміздің де жүзуге епсіз екені белгілі жайт.

Қайбір жылы туған ауылымда екі өрімдей жас баланың «тобығыңнан келмейтін» тоғанның суына тұншығып, жантәсілім еткенін естігенде жаным түршікті. 7 және 8-сыныпта оқитын әжептәуір көзге көрініп өсіп қалған балалардың аса терең де емес, ағысы жоқ аядай жердегі тынық суға кетіп қалады деп ешкім ойламаған. Олар суға кеткен жер біздің бала кезде жүзіп үйренген кішкене ғана тоған еді. Яғни ол судан қорқа қоймайтынбыз, оған дейін онда біреудің суға кеткенін де естімеппіз. Ал ар жағындағы ағысы қатты үлкен дарияға әбден малтып машықтан­байынша, түсуге жүрегіміз дауаламайтын. Бұл дарияның талайды «жұтып» қойғанын естіп өстік. Жалпы, ауылымызда шомылуға, жүзіп үйренуге қолайлы, қауіпсіз орын жоқтың қасы. Бұл – барлық ауыл-аймаққа қатысты мәселе.

Мамандардың айтуынша, жүзіп үйренуге ең қолайлы, қауіпсіз жер – бассейн. Бірақ қаладан, аудан орталығынан жырақтау елді мекендерде бассейндердің бола бермейтіні анық. Мұндайда ауыл балаларының көбі, амал жоқ, қаупі зор өзен-көлдерді жағалайды. Оның соңы жоғарыда келтіргендей қайғылы жағдайларға соқтырып жатады. Және бұл жағдай, өкінішке қарай, жылда қайталанады. Жасынан ұрыншақ болатын баланы тосыннан келетін қауіп-қатердің бәрінен толық сақтандыру қиын шығар. Алайда сондай келеңсіз жағдайлардың алдын алып, қауіпсіз шомылу орындары – бассейндер ауылды жерлерде көптеп салынса, нұр үстіне нұр болар еді. Балалар жылында осы мәселе де назардан тыс қалмаса екен дейміз.

Тақырыбымызға тұздық етіп алып отырған жүзуді, ең алдымен, судағы қауіптің алдын алатын дағды ретінде қарастырып отырмыз ғой. Дегенмен жүзудің жалпы сұлу өнер екенін ерекше атап өткен жөн. Бұл спорт түрін серік еткендер қашанда сергек, дене бітімі ширақ, өмірге бейім келеді. Жүзумен ұдайы шұғылдану бұлшықеттерді шынықтырып, жүрек қан-тамырлар жүйесін жақсартады, қан айналымын ретке келтіреді, сондай-ақ көкірек қуысын кеңейтіп, тынысты ашады.

Сейіт Кенжеахметұлының бәріміз білетін «Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім» дейтін сөзі бар. Сөзімізді осыған кел­тіріп түйіндесек, жүзе білу де – өмір әрі өнер, ал жүзе алмаудың соңы, өкінішке қарай, опық жегізетін кездер болады.