Әлем • 18 Тамыз, 2022

Түркия мен Израиль қарым-қатынасы қайта жанданды

321 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Израиль Түркиямен қарым-қатынасының қайта қалпына келгенін хабарлады. Израиль премьер-министрі Яир Лапид кеңсесі Израиль мен Түркияның елшілері мен бас консулдарды қайта тағайындау туралы өзара шешім қабылдағанын мәлімдеді. Мәлімдемеде бұл шешімнің Лапидтің өткен маусым айында Анкараға ресми сапары кезінде президент Режеп Тайып Ердоғанмен кездесуінде қабылданғанын алға тартты.

Түркия мен Израиль қарым-қатынасы қайта жанданды

Премьер-министр Лапид «Түркиямен қарым-қатынастың қайта жандануы Израиль азаматтары үшін аймақтық тұрақ­тылық пен экономикалық бағыт­тағы жеңіс» деп бағалады. Израильдің дүние жүзіндегі ұстанымын нығайтуды жал­ғастыратындарын айтқан ол Түр­киямен дипломатиялық қарым-қатынастың то­лығымен қайта жандану ісі бір жыл бұрын басталған «жақындасу» процесінің нә­тижесі екенін атап өтті.

Мәлімдемеде бұл үдерістің Израиль президенті Ицхак Герцогтың Анкараға сапарынан бастау алғаны ерекше аталды. Президент сапарынан соң екі елдің сыртқы істер министрлері Иерусалим мен Анкараға өзара сапар жасаған еді. Естеріңізге сала кетейік, Израиль пре­зиденті Ицхак Герцогтың Түркияға өткен наурыздағы сапары он жылдық үзілістен кейін Израильден президенттік деңгейде Түркияға жасалған алғашқы ресми сапар болды.

Ал Түркия сыртқы істер министрі Мевлүт Чавушоғлу Анкарада Қыр­ғыз­стан сыртқы істер министрі Ерлан Әбділдаевпен кездесуінен кейін өткізілген ортақ баспасөз мәслихатында осы мәсе­леге қатысты мәлімдеме жасап: «Израиль­мен жаңа үдеріс басталды. Біз авиация саласында ынтымақтастық келісіміне қол қойдық. Қарым-қатынасты қалыпқа келтіру барысында қабылданатын ше­шімдердің қатарында өзара елшілер тағайындау ісі де бар. Біз Тель-Авивке ел­ші тағайындауға шешім қабылдадық», деп мәлімдеді.

Израильмен қарым-қатынастың қалыпқа келуі Түркияның Палестинаға қатысты ұстанымын өзгертпейтінін атап көрсеткен Чавушоғлу: «Палестина, Иерусалим және Газаның құқықтарын қорғауды жалғастырамыз, сонымен қатар бұл ұстанымға қатысты хабарларымыз елшілер арқылы тікелей Тель-Авивке жеткізілуі маңызды», деді.

Сондай-ақ  Түркияның Израильге елші тағайындау шешіміне қатысты АҚШ-тың Анкарадағы елшілігі өз пікірін білдірді. Елшілік Twitter-дегі парақшасында: «Анкарадағы АҚШ елшілігі ретінде Түркия мен Израильдің екі ел арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіру аясында өзара елшілер тағайындайтыны туралы хабарға қуаныштымыз», деп жазды.

Осы мәселеге қатысты Израиль пре­зиденті Ицхак Герцог та Twitter па­рақ­шасында: «Түркиямен жан-жақты дипломатиялық қарым-қатынастардың қайта басталуын құптаймын. Өткен жылы басталған қарым-қатынастарды қалыпқа келтіру үрдісі экономикалық қарым-қатынастарды жандандырып, Израиль мен түрік халқы арасындағы өзара туризм мен достықты нығайтады», деген ойын білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, Израиль қа­уіпсіздік күштері 2010 жылы Газаға көмек тасымалдаған «Мави Мармара» кемесін басып алып, соның салдарынан 10 түрік азаматы қаза тапқан еді. Бұл оқиға аймақта ұзақ жылдар бойы одақтас болған екі елдің қарым-қатынасын нашарлатып жіберді. 2016 жылы екі ел арасындағы қарым-қатынастарды жандандыру үшін қадамдар жасалғанымен, 2018 жылы АҚШ елшілігін Тель-Авивтен Иерусалимге көшіруімен басталған Газа дағдарысында қарым-қатынас тағы да үзіліп, екі ел де елшілерін тағайындаудан бас тартқан еді.