Қазақстан • 19 Тамыз, 2022

Тұңғыш түсіндірме кітап жарық көрді

377 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Конституция күні қарсаңында Орталық коммуникациялар қызметінде сарап­та­ма­лық брифинг өтті. «Конституциялық реформалар – Жаңа Қазақстанды құрудың құ­қықтық және саяси негізі» тақырыбы төңірегінде ұйымдастырылған іс-шарада Конституцияға енгізілген өзгерістерге түсіндірме кітабы таныстырылды.

Тұңғыш түсіндірме кітап жарық көрді

Сараптамалық брифингке қа­тысқан Л.Н.Гумилев атын­­дағы ЕҰУ-дың Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конс­титуциялық құқық кафед­расының профессоры Ермек Абдрасулов жаңа туын­ды­ның мазмұнына М.С.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ-ның профессоры Индира Әубә­кірова Конституциядағы жаңа­шылдықтарға кеңінен тоқталды. Еуропалық құқық және адам құқықтары сарапшылық институтының директоры Марат Бәшімов брифинг барысында Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген екі ай ішіндегі елдегі басты өзгерістерді атап өтті.

Е.Абдрасуловтың айтуынша, осы уақыт аралығында заңгер ғалымдар Ата Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға түсініктеме кітап шығарған. Осы­лайша мамандар «қысқаша болса да, ғылыми бағытта әр бапқа енгізілген өзгерістерге толық түсіндірме беруге тырыс­қан».

«Конституция баптары өте қысқа жазылады. Кон­сти­ту­ция­ның күшін, оның әсерін қазір, заңдар қабылданғанша сезінуіміз керек. Әрине, Парламент демалыстан шыққан соң көп заң қабылданады. Біз Конституция баптарының Жаңа Қазақстан, Әділетті Қа­зақ­стан, Екінші республика деген жаңа нор­ма­ларын пайдалануымыз керек», деді профессор.

Заң ғылымдарының докторы Индира Әубәкірова Конституцияға енгізілген түзе­ту­­лерге түсініктеме жазу ке­зін­де авторлық топтың нені басшылыққа алғанын атап өтті. Оның айтуынша, ғалымдардың басты жұмысы Бірінші республика мен Екінші республика арасындағы алшақтықты анық­тайтын түзетулердің маңыз­ды­лық, өзектілік дәрежесімен байланысты.

«Ең алдымен Мемлекет бас­шысының идеясын, құқықтық нормаларға енгізілген жұмыс тобының идеясын түсіндіру қажет болды. Екінші мақсат – Ата Заңға енгізілген жаңашылдықтарға қатысты қоғамда туын­да­ған сауалға нақты жауап беру. Бұл бағытта ауқымды, қомақты жұмыс атқарылды. Оқыр­ман бұл кітапқа қатысты өз пікірлерін біл­діре жатар.

Ал профессор Марат Бәшімов түсіндірме кітапты «қолдануға арналған нұсқаулық» деп атады. «Референдумда біз маңызды әрі сындарлы Конституциялық принциптерге, әділеттілікке да­уыс бердік. Магистранттар мен докторанттарға арналған дәріс­терде Мемлекет басшысы айтқан нормалар жиі айтылды. Азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуы үшін теңдік пен әділет­тілік, ашықтық және қыз­меттің айқындығы қа­ғидат­тарын әркім әрқалай тү­сі­неді. Ал Конституцияның барлық нормалары, оны қа­лай жүзеге асыратынымыз елі­міз­дің бас­ты құжатымен тіке­лей байланысты», деді ол.

Кітап авторлары, ғалымдар түсін­дір­ме­лер­ді талқылаусыз берген дұрыс деп шешкен. Құқық саласында беделі бар рецензенттер де олардың ұстанымымен келісіп отыр. Қазіргі таңда жаңа туынды Ұлттық акаде­мия­лық кітапхананың сайтында орна­лас­ты­рылған. Түсін­дір­ме жұмысымен құқыққа қы­зығушылық танытқан кез келген адам таныса алады.