Туризм • 19 Тамыз, 2022

Қарағайлы өлке – туризмнің інжу-маржаны

416 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тұмса табиғатымен, оның ішінде қарағайлы орманымен көрікті Бесқарағай ауданы туризмді дамытуға таптырмас жер. Мұнда Абай облысының інжу-маржаны саналатын Шошқалы көлі де орналасқан. Түрлі емге дәру болған шипалы көлдің маңынан инвесторлар емдік-сауықтыру кешенін салуды көздеп отыр.

Қарағайлы өлке – туризмнің інжу-маржаны

Инвестициялық жобаның құны – шамамен 5 млрд теңге. Құрылыс жұ­мыстары екі кезеңнен тұрады. Жобаға сәйкес емдік санаторийді 2027 жылға дейін салу жоспарланған. Оның нәтижесінде көлдің жағажайы көркейтіліп, суға түсуге арналған глэм­пингтер салынады. Ең бастысы, балшықпен емдеуді көздейтін арнайы бассейнмен жарақталатын сауықтыру кешенін іске қосу жобаланып отыр. Сондай-ақ дәл осы жерде эко-қонақ­үйлер, мейрамханалар және атпен серуендеуге арналған орталықтың жұмысын жолға қою көзделуде.

«Келер жылы құрылыс жұмыс­тарының бірінші кезеңі басталады. Екінші кезеңде күрделі құрылыс жұ­мыстарын іске асыру көзделіп отыр. Жобалау жұмыстарын бас­тап кеттік. Қазір демалыс аймағына бар­са­ңыз, көлдің маңындағы бей­бе­рекеттілікті байқай­сыз. Жер учас­кесінің құжаты рәсімделген. Біз барлығын еуропалық сапаға сәйкес салғы­мыз келеді. Бірақ белгілі бір қиындықтар бар – 11 гектар жер ин­вес­­тициялық жобаға кіргені­мен, бұл аумақта жобаға кедергі келтіретін жекеменшіктегі екі учаске бар. Бұл орайда инвестициялық жоба бүкіл жағалауды қамту үшін тең құқылы айырбас жасауға ниеттіміз», деді жоба­ның жетекшісі Асқар Ижанов.

Әйтсе де Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев тең құқылы айырбасты тек мемле­кеттің меншігіндегі нысанмен ғана жүргізуге болатынын жеткізді. Бұдан басқа инвестор жол мен тұщы судың мәселесі реттеуді қажет ететінін айтты. Өңір басшысының айтуынша, Бесқарағай ауданының туристік әле­уеті зор. Тек жол-көлік инфрақұры­лымын жаңғыртып, инвестициялық климатты жақсарту қажет.

«Осыдан 15-20 жыл бұрын Моң­ғолияға сапарлап қайтқан едім. Аталған елде инфра­құрылым жақсы дамыған деп айта алмаймын. Бірақ соған қарамастан бұл мемлекетке баратын турист көп. Рюкзакты арқасына асып алып, көрікті жерлерді аралап жүре береді.

Алайда қазір қажетті инфра­құ­рылым қарас­тырылмаса, бұл бағытты дамыту қиын. Мысалы, Бесқарағайда инвесторлар Шошқалы көлінің маңынан емдік шипажайды салуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде ішкі және сыртқы туризмге қан жүгіртеді деп ойлаймыз. Әлбетте, қазір әлемде экологиялық туризм­нің кең етек жайғанынан хабардармыз. Десе де экотуристерді өңірімізге тартқымыз келсек, олар аялдап тыныға алатындай орындарды жан-жақты ойластыруымыз керек деп есептеймін», деді Н.Ұранхаев.

Шошқалы көлі өзінің емдік қасиет­терімен ерекшеленеді. Жыл сайын көлге көршілес Павлодар облысы мен Ресейдің Рубцовск, Барнаул, Новосібір қалаларынан келетін туристер үзілмейді. Алайда көлдің маңы заман талабына сай абаттандырылмаған. Жергілікті халық осы мәселе қолға алынса, жаңа жұмыс орындары ашылып, ауданның көркеюіне септігін тигізер еді деп санайды.

 

Абай облысы,

Бесқарағай ауданы