Қандай да бір мемлекеттердің дамуында ғылымның орны ерекше екенін бүгінгі жаһандану заманы айқын көрсетіп беріп отыр. Еуропаның алпауыт мемлекеттері мен Азияның барысы атанған алып мемлекеттер бүгінгі жетістіктеріне ғылымға негізделген экономика арқылы жеткені анық. Биылғы Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауының түпкі мақсаты бүгінгі жас қазақ мемлекетінің ғылымына негізделген деп айтуға толық болады.
Тәуелсіз Қазақстанда бүгінгі таңда он жеті миллионнан астам халықтың арасында бес мыңнан астам ғылым докторлары, он бір мыңнан астам ғылым кандидаттары, екі жүз жетпіске жуық іргелі Ұлттық ғылым академиясының академиктері мен оған мүше-корреспонденттер бар. Бұл талантты тұлғаларды Тәуелсіз Қазақстанның 2050 жылға қарай дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруге еліміздің білімі мен ғылымы жағынан дамуына сүбелі үлес қосатын Елбасының сенімді серіктері, белсенді команда мүшелері деп ұққан жөн.
Елбасы биылғы Жолдауында басым бағыттар бойынша бірқатар мәселелерді ерекше атап көрсеткен. Соның ішіндегі елімізде мектептердегі білім беру деңгейі, кәсіптік білім беру мен колледждердегі дуальды білім жүйесі, университет пен академиялардағы жоғары білімнің көкжиегі бүге-шігесіне дейін кең ауқымда қарастырылған. Тағы бір айта кететін нәрсе, Елбасының биылғы Жолдауында 2050 жылға дейін Қазақ елінің не жасап, не істеуі керектігі нақты ұсыныстармен көрсетілген. Есептеп қарасақ, бұл уақыт мәресіне дейін жеті бесжылдық бар. Осы жеті бесжылдықта елімізде өзіндік ғылыми мектебі бар, әлемге аты әйгілі ғалымдарымыз индустриялық-инновациялық ғылыми тың жаңалықтармен ерекшеленсе, еліміз әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына енуін 2050 жылы емес, уақыт ағынын 10-15 жылға дейін қысқартуға болар еді.
Индустриялық-инновациялық ғылымдар қатарына экономика, химия, биология, медицина, техникалық және тағы басқа да салаларды жатқызып ортақ атаумен өндірістік ғылымдар деп атап, ғылыми қамтымды экономика құрған Қазақстан ғылымының әлеуетін одан сайын арттыра түсер еді.
Бәсекеге қабілетті мемлекеттердің барлығы дерлік ұзақ мерзімді ғылыми даму жоспарларына стратегиялық маңыз беруде. Бүгінде Жапония мен Оңтүстік Корея секілді мемлекеттер роботтық техника мен мехатроника, машина жасау саласына ден қоюда. Түркия мен Қытай, Италия елдері жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуды мықтап қолға алған. Көршіміз Ресей мен Солтүстік Корея елдері қорғаныс саласына көп көңіл бөлуде. Қару-жарақтары мен авиациясын, жойқын қару түрлерін инновациялық жолдармен дамытуда. Бұл тұрғыдан біз де қарап қалмауымыз керек.
Кез келген мемлекетте даму жолына бастайтын бірден-бір құрал – ғалымдар, ғылыми зерттеу институттары, жетілдіру және зерттеу жұмыстары. Жоғарыда аталған инновациялық даму жолына түскен мемлекеттердің ғалымдарынан, тәуелсіз Қазақстан ғалымдарының ғылыми деңгейлері ешбір кем түспейді. Біздерде жетіспейтіні – қолдаудың жеткіліксіздігі, ғалымдардың жасаған ғылыми дүниелеріне мемлекет немесе өндіріс тарапынан сұраныстардың аздығы.
Елбасы Жолдауында айтылғандай, жекелеген немесе ұжым болып зерттеу жұмыстарымен айналысатын ғалымдарды венчурлік тұрғыдан қаржыландырып, зияткерлік меншіктерін қорғап, зерттеу жұмыстары мен инновациялық жаңалықтарын қолдаса, сондай-ақ, ғылыми әзірлемелерді коммерциялау жөніндегі заңнаманы жетілдірсе нұр үстіне нұр болар еді. Еліміздің дамуы жолында ғылымға негізделген инновациялық зерттеулерді қолданысқа енгізіп, мемлекет тарапынан отандық рационализаторларды қолдап, көптеген стартап жобалардың байқауын министрліктер тарапынан ұйымдастырса отандық ғылымның бойына қан жүгірері сөзсіз.
Бүгінгі Қазақ елінің ғалымдары елімізге қажетті қарапайым дүниелерден бастап елдің атын әлемге танытатын брендтерді жасауға әрқашанда дайын.
Сүндет КАРИМОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің доценті,
техника ғылымдарының кандидаты.