Аймақтар • 21 Тамыз, 2022

Павлодардың даму мүмкіндіктері мол

262 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Павлодар облысында болып, өнеркәсіп пен ауыл шаруа­шылығының даму қарқынымен, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту барысымен танысты, сондай-ақ облысты кешенді дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Павлодардың даму мүмкіндіктері мол

Павлодардың «Жасыл белдеуін» құру қажет

Үкімет басшысы ең алдымен мемлекеттен қолдау алып, 1 700 га жерде заманауи суару технологияларын қолдана отырып, картоп өсірумен айналысатын «AgroTrade PV» ЖШС шаруа қожалығына барды. Мұнда қуаттылығы 10 мың тонна көкөніс қоймасы салынды, сондай-ақ қазіргі уақытта жылына 10 млн тонна сүт өндіретін тауарлы сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Жобаға салынған инвестициялардың жалпы көлемі – 11 млрд теңге, оның 7,6 млрд теңгесі «Аграрлық несие корпорациясы» желісі бойынша жеңілдікпен несиелендіру және 2,7 млрд теңгесі субсидиялау есебінен салынды.

«Қазіргі азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерінің шиеленісуі және тамақ өнімдері бағасының өсуі аясында заманауи су үнемдеу технологиялары қолданылатын ауыл шаруашылығы жобаларын дамытуға баса назар аудару керек. Мұндай жобаларды басқа өңірлерде де қолға алу қажет деп санаймын. Мемлекеттік қолдау арқылы бұл үлкен әлеуметтік және экономикалық нәтиже бермек», деді Премьер-Министр.

Ә.Смайыловтың өңірдегі ауыл шаруа­шылығы құрылымдарының басшы­ларымен кездесуінде тұқым өсіру шаруашылығын субсидиялау, ауыл шаруашылығы техникасы мен минералдық тыңайтқыштарды сатып алу, мал шаруашылығын дамыту және құс шаруашылығын қолдау мәселелері көтерілді. Үкімет басшысы көтерілген әрбір мәселе бойынша егжей-тегжей түсініктеме беріп, облыс басшылығына бақылауда ұстауды тапсырды.

Одан кейін Премьер-Министр жылына 250 мың тонна алюминий өндіретін Қазақстан электролиз зауытының қызметімен танысты. Бұл зауыт өнімді ішкі нарыққа бағыттайды, сондай-ақ Түркия, Нидерланд, Бразилия, АҚШ, Италия, Болгария, Польша, Нор­вегия және басқа да бірқатар елге экс­порт­тайды. Ол зауыттың облыс эко­но­мика­сына айтарлықтай үлес қосып, өзі­нің әлеуметтік міндеттеріне жауап­керші­лікпен қарайтынын айтты. Соны­мен қатар өндіріс қарқынын және экспорт­қа бағдарлануды сақтап, жаңа өткізу нарықтарына шығу қажеттігін айтты.

«Шығарындыларды азайту және өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу – облыс тұрғындары үшін бүгінгі ең өзекті мәселе. Сондықтан осы бағытта елеулі нәтижелер қажет. Ірі кәсіпорындар алдыңғы қатарлы экологиялық таза және қолжетімді технологияларға көшуі керек. Тау-кен металлургия және энергетикалық өнеркәсіп кәсіпорындары өндіріс қалдықтарын азайту, қайта өңдеу және қайта пайдалану жөніндегі стратегияны әзірлеуі қажет», деді Ә.Смайылов.

Облыс әкімдігіне Экология, геология және табиғи ресурстар министр­лігімен және кәсіпорындармен бірлесіп, шығарындыларды азайту мен өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеудің заманауи технологияларын қолдану бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Бұдан кейін Үкімет басшысы әр жылдары «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары бойынша мемлекеттік қолдауға ие болған архитектуралық шыныпакеттер мен шыныдан жасалған интерьер заттарын шығаратын «Стекломир» ЖШС кәсіпорнына барды. Компания өнім­дері ішкі нарықта және көрші мемлекет­терде сатылады. Құрылыс саласын дамыту аясында құрылыс материалдарына қажеттілік артып келе жатқанын атап өтті. Осыған байланысты Үкімет осы өндірістік бағытты барынша қолдауға әзір.

«Біз отандық құрылыс материалдарын өндірушілердің белсенділігін қолдаймыз. Мұндай кәсіпорындар бізге құры­лыс шығындарын едәуір азайтуға және әлемдік бағалардың ауытқуына тәуел­ділікті төмендетуге мүмкіндік бере­ді», деп түйіндеді Премьер-Министр.

Ана мен бала өлімін азайту керек

Үкімет басшысы «Достық» шағын ауданының құрылысы барысын тексерді. Оның бірінші кезегін 2023 жылы аяқтау жоспарланған. Қазіргі кезде мұнда 6 жаңа көппәтерлі тұрғын үй салынды, тағы 11 үйдің құрылысы мен инженерлік коммуникациялар тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шағын ауданда 2 мың оқушыға арналған екі мектеп, 600 балаға арналған екі балабақша, дене шынықтыру-сауықтыру кешені және жедел жәрдем стансасы салынады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа тұрғын үй саясатының негізгі қағидаты, әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру болуға тиіс екенін еске салды.

«Павлодар облысының әкімдігі тұр­ғын үй құрылысын дамыту, сон­дай-ақ жылу желілерін жаңғырту және реконструкциялау бойынша бар­лық шараларды қабылдауы қажет. Павло­дарлықтарды жылумен және ыстық сумен үздіксіз қамтамасыз етуге ерекше назар аударған жөн», деп атап өтті ол.

Қазіргі уақытта Ресей тарапымен елдің солтүстік және шығыс өңір­лерін газдандыру туралы келіс­сөздер жүргізіліп жатқанын айтты. Сондай-ақ «Заманауи мектеп» өңірлік бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жүргізілген 880 оқушыға арналған №7 жалпы білім беретін мектепке барды. Елімізде білім беру саласын дамыту бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатқанын атап өтті: жаңа мектептер салынып, мемлекеттік тапсырыс пен гранттар саны артып келеді. Атап айтқанда, Павлодар облысында жыл соңына дейін 6 700 оқушыға арналған 5 мектеп ашу жос­парланып отыр. 

Жұмыс сапары барысында Премьер-Министр 2015 жылы іске қосыл­ған 160 төсектік орынға шақ­тал­ған облыс­тық перинаталдық орта­лыққа барып, ден­­сау­лық сақтау саласын қаржы­лан­дыру жыл сайын артып келе жатқанын, сон­дай-ақ облыста нәрестелер мен аналар өлімі көрсеткіштері жоғары екенін атап өтті.Осыған қоса түрлі ауруы бар балаларды оңалту үшін жағдай жасау – әкімдіктің осы саладағы негізгі міндеттерінің бірі екенін айтты.

Сонымен қатар жеңіл балқитын автомобиль дискілерін шығаратын «Вектор Павлодар» ЖШС кәсіпор­нында да болды. Бұл өндіріс 2017 жылы жеке инвес­ти­циялар есебінен іске қосылған. Қазіргі уақытта шыға­рылған өнім экспорт­қа және отандық автозауыттарға жеткізіліп жатыр.

«Мемлекет осындай компанияларға қажетті қолдау көрсетуге дайын. Павло­дар облысының әкімдігі импортты алмастыратын жобаларды іске асыруды кеңейтуі қажет», деп түйіндеді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр таяуда жоспарлы жөндеуден шыққан Павлодар мұнай-химия зауытына барды. Кәсіпорын директоры Қуаныш Бишімов 8-27 шілде аралығында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, зауыттың 7 айдың қорытындысы бо­йынша дизель отынын, бензинді және басқа да өнім түрлерін шығару бойынша көрсеткіштерді асыра орындағанын хабарлады. Үкімет басшысы мұның күзгі дала жұмыстары қарсаңында маңызды екенін атап өтті.

ПМХЗ басшылығы өз кезегінде кәсіпорынға келіп түсетін мұнайдың сапасы және жабдықты сатып алу кезінде еркіндікті барынша қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Үкімет басшысы тиісті шешімдер қабылдау үшін мемлекеттік органдарға аталған мәселелерді пысықтауды тапсырды.

Ертіске автокөлік көпірі салынады

Премьер-Министр Әлихан Смайылов өңірдің кешенді әлеуметтік-эконо­микалық дамуы жөнінде кеңес өткізді. Кеңес барысында об­лыс әкімі Әбілқайыр Сқақов, Индус­т­рия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрі Қайырбек Өскенбаев, Ауыл шаруа­шылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, сондай-ақ Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов және Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник баяндама жасады.

Үкімет басшысы Павлодар облысы тау-кен өндіру, металлургия, химия өнеркәсібі және құрылыс саласы бойынша белсенді түрде дамып келе жатқан еліміздің аса маңызды индустриялық өңірлерінің бірі екенін атап өтті. 2022 жылы облысты дамытуға шамамен 134 млрд теңге қарастырылған, оған қоса республикалық бюджетті нақтылау аясында қосымша 23 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

«Бұл қаражат өңірдің әлеуметтік қажеттіліктеріне, инженерлік инфра­құрылымды дамытуға, агроөнеркәсіп кешенін қолдауға және басқа да инфра­құрылымдық жобаларға бағытталған. Сапалы нәтижелерге қол жеткізу үшін олардың мақсатына сай пайдаланылуын және тиімді игерілуін қамтамасыз ету қажет», деді Ә.Смайылов.

Сондай-ақ өңірде азық-түлік өнімдерінің жетіспеушілігі мен бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша жоспарлы түрде жұмыс жүргізу қажеттігіне назар аударды.

«Бұл мәселе Үкімет деңгейінде үнемі қаралып отырады. Барлық қажетті құрал­дар мен механизмдер анықталған. Оларды белсенді түрде қолдану керек», деді ол.

Үкімет басшысының айтуынша, тағы бір өзекті мәселе – өңір экономикасын әртараптандыру. Осы мақсатта биыл жеке инвестициялар есебінен 44 млрд теңгеге жуық сомаға 66 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Одан бөлек, 1,7 трлн теңгеден астам сомаға тағы 48 жоба жобалау сатысында тұр.

Кеңесті қорытындылай келе, Премьер-Министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктеріне облыс әкімдігімен бірлесіп Ертіс өзені арқылы өтетін автомобиль көпірін салуға, «Ленин – Ертіс – Русская поляна» және «1-МАЭС – Басқамыс – Разумовка» жолдарын реконс­трукциялауға, сумен жабдықтау объектілерін салуға және жылумен жабдықтау желілерін жаңартуға қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Сонымен қатар әкімдікке Екі­бас­тұздың жылу энергетикалық орталығына техникалық аудит жүргізу және оның тиімді жұмысын қамтамасыз ету бойынша нақты ұсыныстар енгізу, сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» компания­сымен бірлесіп жыл соңына дейін нормативтік жай-күйдегі жолдардың үлесін республикалық желі бойынша 97%-ға дейін және жергілікті желі бойынша 93%-ға дейін арттыру тапсырылды.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдікпен бірлесіп өңірдің суар­малы учаскелеріне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу жобаларына, ал Денсаулық сақтау, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктеріне әкімдікпен бірлесіп Павлодардағы №1 көпбейінді аурухананы реконструкциялауға қаражат бөлу мүмкіндігін қарау тапсырылды.

Сонымен қатар Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне кәсіпорынд­ардың кешенді экология­лық шешім­дерге жедел көшу мәселе­лерін қарауды, ал Оқу-ағарту министр­лігіне әкімдікпен бірлесіп, үш ауысыммен оқытатын мектептер, оқушы орын­дары мен мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі орын жетіспеу­шілігі проблемаларын шешу үшін шаралар қабылдап, сондай-ақ жаңа оқу жылының басталуына сапалы дайындық жүргізуді тапсырды.

«Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешу орталық мемле­кеттік органдар мен облыс әкімдігі­нің бірлескен тиімді жұмысына байланыс­ты. Барлық әріптесімді осы бағыт­та белсенді түрде жұмыс істеуге ша­қырамын», деп түйіндеді Ә.Смайылов.

 

Павлодар облысы