Аймақтар • 22 Тамыз, 2022

Теріскейдің тәтті қарбызы

2241 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Дәмі тіл үйіретін Аққулының қар­бызы десе, елең етпейтін жан жоқ. Бұрын егіс танаптарында тең­ки­ген теңбіл қарбыздар ғана доп­ша үрленіп жататын болса, соңғы уа­қытта шаруалар түрлі түсті сорт­тар­ды кеңінен өсіре бастаған. Жа­сыл, сары, қара, тіпті қызғылт-са­ры түсті дақылдар – даланың сәні. Жер­гілікті бағбандар бүгінде дала тө­сін дүбірге толтырып, бақша өнім­­дерін жинау науқаны қызып берді.

Теріскейдің тәтті қарбызы

Аққулының шырынды қарбызының даңқы алыстарға жеткен. Дән-дәнегі аз, іші тығыз, жемісі ерекше дәмді келетін өнімнің бүгінде базарлардағы саудасы қызып тұр. Алыс-жақыннан келетін саудагерлер мен көтерме компаниялар егіс даласынан жүк машиналарына тонналап тиеп әкетіп жатыр. Одан қалғаны жергілікті халыққа сатылады. Тамыз айы туғанда бұған дейін сырттан жеткізіліп келген өзге өңірлердің өнімін Кереку жұрты сатып алмайды. Дәстүр бойынша бұл айда тек жергілікті қарбыз ғана желінуі керек. Қыркүйек айының ортасына дейін жалғасатын бұл жағымды кезеңді нағыз қарбыз мерекесі дерсіз. Оңтүстік өңірлерде суарылып өсірілген, теңбіл дақылдардың жанында Аққулының өнімі балмен тең. Атап өтерлігі, өзіміздің өнімді бүгінде егіс даласынан 80-100 теңгеден (килограмы үшін) тиеп әкетуге болады. Ал облыс орталығындағы базарларда 150-250 теңгеден сатылып жатыр.

Ыстыққа төзімді, шөлге шыдамды, күн сәулесін сүйгіш бұл дақыл Аққулы ауданында жыл сайын молынан өсіріледі. Құрамы дәруменге бай өнімді жинау жұмыстары бүгінде бел орталанып қалған. Аудандық ауылшаруашылық бөлімінің мәліметінше, биыл 29 шаруа қожалығы бақша дақылдарын салған. Олар жалпы көлемі 2 092 гектарға қауын-қарбыздың 40-тан астам сортын егіпті.

– Бағбандар негізінен қарбыздың «Қара ханзада», «Қара ғажайып», «Топган», «Романс», «Мариста», «Леди», «Бонта», «Руби», «Продюсер» және тағы басқа түрлерін өсі­реді. Соңғы үш жылда ша­руа­шылықтар егістіктерге суармалы жүйелерді қолданып, мол өнім ала бастағанын бай­қадық. «Органик фуд», «Арсен», «Әубәкір», «Мыр­забай», «Святылғазы», «Габдул-Мутап», «Жалғас», «Бейбіт», «Хан», «Алан» шаруа қожалық­тары тамшылатып суа­руды енгізді. Ал «Сабырхан» шаруа қожалығы тамшылатудан бөлек, арықпен суаруды да қолға алып, жақсы нәтижелерді бағындырды. Бұрын 50 гектар егістіктен алған өнімді бүгінде суар­малы 10 гектардан ғана жинап отырған жайы бар. Гектарынан шамамен 400 тоннадан қарбыз жиналуда. Қыркүйектің ортасына дейін аудан бойынша шамамен 83 мың тоннадан астам қарбыз алынады деп шамалап отырмыз, – дейді аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Жолмағамбетов.

Теріскейдегі қарбыз өсіру­ші­лер жайлы сөз еткенде, ең әуелі Қайрат Шәпуовтің аты қозғалатыны заңдылық. Бұл азаматты қарбыз өсірудің профессоры деп атауға болады. Ұзақ жылдан бері селекциямен айналысып, бағбаншылықтың қыр-сырын әбден меңгерген. Осыдан бірнеше жыл бұрын оның қарауындағы «Қайрат» шаруа қожалығы қарбыздың екі бірдей түрін тозаңдандыру арқылы эксклюзивті сорт ойлап тапты. Әлгі қарбыздың ерек­шелігі түсінде, сыртқы қабығы мен ішкі жемісі сап-сары болып жетіледі. Дәмі де айрық­ша, татқан адамның тілін үйіреді.

о

– Сары қарбыздың әзірге атауы жоқ. Бұйырса, жақын арада оған патент аламыз. Әлемде мұндай іші-сырты бірдей сары қарбызды кездестірген емеспіз. Мен көп ізденетін адаммын. Әуелі сырты жасыл, іші сары қарбыз бен қабығы сары қарбыздың дәндерін алып, тозаңдату жолымен кіріктірдік. Нәтижесінде, осындай біркелкі әрі дәмді дақыл түрі пайда болды. Өнімнің сапасын арттыру үшін әлі де жыл сайын еге беру керек. Сонда тұқымдық ерек­шелігі жетіліп, гендік қа­сиеті беріктене түседі. Әзірге мұндай сорт бізде ғана бар. Болашақта әбден сұрыптап сыртқа эскпорттау жоспарда тұр, – деп тәжірибесін бөлісті бағбан.

Қайрат Шәпуовтің қолынан осы уақытқа дейін тек қана қарбыздың 100-ден астам сорты өтіпті. Тұтынушыларға ұнайтын түрлерін таңдап, сұрыптап отырады екен. Биыл 240 гектар егіс танабына «Қара ханзада», «Користан», «Топган» секілді кең тарал­ған сорттары және іші қызғылт-сары, жер­гі­лікті бағбандар «Кабачок» деп атап кет­кен түрі көбірек өсірілген. Осыдан екі жыл бұрын бұл қожалықтың егіс даласын­да салмағы 26 килограмдық қарбыз өніп шық­қанын да естігенбіз. «Ең үлкен ре­корды­мыз әзірге сол» дейді шаруа иесі. Қазір­гі күні жиналып жат­қан дақылдардың дені 12-14 килограмм шамасында, 18-20 кило­грамдық үлкен түйнектер ілуде біреу кездеседі.

Аққулының бағбандары соңғы екі жылда өңірде құрғақшылықтың бой көрсетіп отырғанын да айтады. Мәселен, «Алан» шаруа қожалығының басшысы Сәкен Темірғалиев жиналып жатқан өнім орташа алғанда гектарына 30 тонна екенін, бұған дейінгі егіс маусымдарында 50 тоннадан айналып келгенін жеткізді. Өнімнің ерте әрі сапалы пісуі үшін жазғытұрым жылы­жайда көшет өсірген екен. 32 мың көшет­тің барлығы тәуір өнім беріп, биыл шіл­де айының 10-ынан бастап жинау жұ­мыстары басталға­нын, дақылдарды көбі­не Нұр-Сұлтан, Павлодар, Екібастұз, Ақсу, Семей қалаларынан келіп әкетіп жат­қанын әңгімеледі. Біздің қарбыздың дәмін ресей­ліктер де айрықша ұнатады. Қазір көр­ші елдің үлкен жүк көліктері тонналап тасып жатыр. Тамыз айының соңында жиын-терім толығымен аяқталады деп күтілуде.

Біз сөйлескен шаруа қожалық­тары­ның басшылары қордаланып қалған ортақ мәлеселерді тілге тиек етті. Айту­ларын­ша, биыл күзгі жиын-терім науқа­нына Үкімет­тен жеңілдетілген бағада дизель отыны бөлін­беген. Жергілікті шаруа­шы­лық­тардың көбі мал өсірумен айналыса­ды. Қысқы мал азығын дайындауға да мемле­кеттен еш көмек болмағанын, барлығы қымбаттап жатқан уақытта мұндай қолдауға зәру болып отырғандарын жеткізді. Бұған қоса бақша өнімдеріне субсидия беру де екі жылдан бері тоқтап қалған. Бағбандардың техникалары да ескіріп тұр. Мысал үшін «Алаң» ШҚ-да ескі Т-25 тракторы мен әб­ден тозған жер өңдегіштер мен тұқым сеп­кіш­тер ғана бар. Жаңасын сатып алуға қара­жат жоқ. Ал лизинг бойынша беріледі де­ген техникалар туралы нақты шешімнің де шық­пай тұрғаны белгілі. Соның салдары­нан Сәкен Темірғалиев сияқты шаруа­лар егіс танабын кеңейте ал­май отыр. Бұл мәсе­лені тиісті ведом­ст­волар ескереді деген үміттеміз.

 

Павлодар облысы