Еске сала кетейік, «Өліара» толықметражды көркем фильмнің түсірілімі 2021 жылғы 28 қазан мен 7 желтоқсан аралығында Алматы облысында жүргізілді. Ал 2022 жылдың шілде айында кинокартинаның монтаждау-әрлеу кезеңі басталған.
Фильм сценарийінің авторы – Нұрлан Санжар. Фильмнің желісі XX ғасырдың отызыншы жылдарындағы нәубет, қазақ халқын жаппай қырғынға ұшыратқан ашаршылық қасіреті баяндалады.
Фильмнің атқарушы продюсері Жансерік Шонаұлының айтуынша, кино картинаның сюжетінде «саяси кінәсін» өтеу үшін қазақ жеріне жіберілген Иштван Мадьярдың куә болған аянышты жағдаяттар суреттеледі.
Бас кейіпкер – Иштван Мадьяр қазақ жеріне келген соң Қарабайдың жедел отрядына түсіп, кулак малын іздеумен және тәркілеумен айналысады. Сол кезде өз көзімен ашаршылыққа ұшыраған халықтың азапты өмірін, жасанған жаналғыштай жауынгерлердің қатыгездігін көріп, төңкеріс туралы көзқарасын өзгертеді.
Иштван Мадьяр қазақ даласындағы жан төзгізсіз жағдайға күйзеліп, ақырында жергілікті тұрғындарға жақтасып, солармен бірге қызыл империяның озбыр саясатына қарсы күреседі. Бас кейіпкер небір өткелектерден аман қалып, қазақ халқының ұлы қасіреті туралы шындықты жеткізуге бар күшін салады.
Фильмге екі елдің танымал актерлері қатысқан. Басты рөлдерде Мажар елінің театр және кино актері Питер Барна, белгілі қазақстандық актерлер Алдабек Шалбаев, Ержан Нұрымбет және басқалар ойнаған.
Картинаның үлкен экранға шығуы 2023 жылға жоспарланып отыр.
Айта кетейік, «Өліара» толықметражды көркем фильм Шәкен Айманов атындағы АҚ «Қазақфильм» киностудиясында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген.