Спорт • 22 Тамыз, 2022

Ойлылар ойыны: Атырауда алғаш рет халықаралық шахмат фестивалі өтіп жатыр

4322 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Атырауда бұрын-соңды болмаған халықаралық шахматшылар фестивалі басталды. Осыған орай ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев турнир ұйымдастырушылары мен қатысушыларына құттықтау жолдады.

Ойлылар ойыны: Атырауда алғаш рет халықаралық шахмат фестивалі өтіп жатыр

«Бұл – еліміздің спорт са­ласындағы айтулы оқиға. Қазақ­станда шахматқа деген қызы­ғу­шылық жылдан-жылға артып келеді. Осы спорт түрінің өр­кендеуіне мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Халықаралық турнирлерде ел намысын лайықты қорғап жүр­ген шахматшыларымыз аз емес. Спорт­шыларымыздың жуырда Үндістанда өткен шахмат олимпиадасындағы жетістіктері – соның айқын дәлелі. Көптеген халықаралық спорт шеберлері қатысатын «Atyrau Chess Festival-2022» додасы шахмат өне­рін одан әрі дамытуға үлес қосады деп сенемін!» делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Халықаралық фестивальді ұйымдастырған Азия және әлем чемпионы, халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасованың айтуынша, оған 300-ге жуық шахмат әуесқойы қатысып жатыр. Оның ішінде Қазақстанмен қоса, АҚШ, Нидерланд, Литва, Украина, Тәжікстан, Өз­бек­стан, Беларусь және Ресей Фе­дерациясы секілді елдердің ойын­шылары бар.

– Халықаралық алғашқы фестивальді Қазақстанда шахматты спорт түрі ретінде танымал ету және дамыту, саламатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ жас спортшылардың шеберлігін арттыру, жас таланттарды іздеу мақсатымен өткізіп отырмыз. Фестивальдің жүлде қоры 13 миллион теңгеден асады. Сонымен қатар Қазақстан-Британия тех­никалық университеті (ҚБТУ) бакалавриат пен магистратурада оқуға грант бөледі. Грант иегер­лерінің есімі турнирдің жабылу салтанатында жарияланады, – деді Д.Сәдуақасова.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, алғаш рет өткізіліп жатқан мұн­дай сайыс өскелең ұрпақты отан­сүйгіштікке, саламатты өмір салты құндылықтарына тәрбиелеу үдерісіне оң әсерін тигізеді. Бұл өңірде 1984 жылы спорт мек­теп­терінде шахмат үйірмесі ашыл­ған. Қазір облыста шахмат спортымен 18 355 адам шұғылданады. Оның ішінде ауылдардағы үйірмелерге 11 330 адам барып жүр.

Фестивальге кәсіби спортшылар мен халықаралық гросс­мейстерлерден бөлек, Д.Сәдуа­қасованың шахмат академиясынан 58 тәрбиеленуші қатысып жатыр. Мәселен, 6 жасқа дейінгі категорияда облыс чемпионы болған Әли Сапаров екі жылдан астам уақыт аталған академияда білім алған. Ол енді алғаш рет халықаралық сайыста бақ сынауға бекінген. Тағы бір қатысушы – Нұрпейіс Үмбетқалидың жасы 13-те. Шахмат академиясында тәжірибелі жаттықтырушылардан дәріс алған ол республикалық жарыста жеңіске жеткен. Енді ол да бірінші рет халықаралық шахмат жарысында бақ сынауды мақсат еткен.

Атырауда халықаралық шахмат фестивалі алғаш рет өткізіліп отырғанына қарамастан, жарысқа қатысушылар ұйымдастыру деңгейіне ризашылығын білдір­ді. «Шынымды айтсам, таңданы­сымды жасыра алар емеспін. Фестиваль жоғары деңгейде ұйым­дастырылған. Қазір Қазақ­станда көптеген шахмат турнирі өткізіліп жүр. Бұл фестиваль ұйымдастыру тұрғысынан – үздіктердің бірі», деді Нұр-Сұл­тан қаласынан қа­тысып жат­қан халықаралық шебер Павел Гнусарев. Ал АҚШ-тың Колорадо штатынан келген гроссмейстер Тимур Гареевтің пікіріне сүйенсек, «Atyrau Chess Festival-2022» – керемет фестиваль. Мұндай сайысқа қатысудың өзі көңілге қуаныш сыйлайды.

Әлемдік додаларда топ жарып, қазақтың даңқын асырған гроссмейстер Динара Сәдуақасованың айтуынша, әрқайсысының нәти­жесі әйгілі швейцариялық жүйе­мен бағаланатын үш негізгі тур­нирді өткізу көзделген. Ше­бер­лік сабақтары мен бір мезгіл­де өтетін ойын сеанстары ұйымдас­тырылады. Бұдан бөлек, фестиваль аясында төрешілер емтихан тапсырып, FIDE төрешісі атағын алатын халықаралық арбитрлердің алғашқы семинары өтеді.

 

Атырау облысы