Аймақтар • 22 Тамыз, 2022

Қалдықтан дайындалатын жем

631 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ас атасы – нан. Обалды білмейтіндер осынау қағиданы ұмытып, нан және нан өнімдерінің қалдығын қоқысқа тастауды доғарар емес. Енді Атырауда оның қалдығынан жем дайындау қолға алынбақ.

Қалдықтан дайындалатын жем

Бұл жобаны жергілікті кә­сіпкер Арман Сағынаев іске асыруды көздеп отыр. Қазір ол нан қалдықтарын жинауға арналған контейнер жасап шығарды. Мұнайлы шаһардағы Нұрсая, Авангард, Вокзал маңы аудандары мен Қ.Сәтбаев көшесіне осындай 50 контейнерді орнатты. Енді тағы да 200 контейнерді орнатуды көздеп отыр.

– Екі күн сайын контейнерден нан қалдығын жинап аламыз. Оны кептіріп, сұрыптап, арнайы цехқа жібереміз. Цехтағы жабдықта нан қалдықтарынан ірі қара мен ұсақ малға арналған түйіршіктелген жем дайындалады. Жем шаруа қожалықтары мен басқа да кәсіпкерлерге сатылады, – дейді Арман Сағынаев.

Кәсіпкердің бұл жобасына Атырау қалалық әкімдігі қолдау білдіріп отыр. Ол жобасын іске асыру үшін банктен несие алған. Бұрын қолданыста болған бөшкелерден контейнерді өзі жасап, жасыл түске бояған. Жо­баның шығыны мен пайдасы­на қажетті жабдықтардың баға­сына алдын ала зерттеу жүр­гізген.

– Қытай елінен жем дайын­дауға арналған құрал-жабдықты ал­дыруға тапсырыс бердім. Өңір­дегі жемнің бағасына мониторинг жүргіздім. Бұл жобаны іске асыру арқылы бірнеше мақсатты көздедім. Біріншіден, қалдықты да кәдеге асыруға болатынына көз жеткізгім келді. Әсіресе нан қалдығының қоқыс ала­ңында жатуының алдын алу. Өйткені шаһар тұрғындары нан қалдығын қайда тапсырарын білмей, амалсыздан қоқыс­қа тастауға мәжбүр болады. Екін­шіден, нан қалдығынан дайын­далған жемнің бағасы қымбат емес, – дейді А.Сағынаев.

 

Атырау облысы