Қылмыстық топ мүшелері мерзімді түрде киіктерді атып, мүйіздерін Қытайға жөнелту мақсатында оңтүстік өңірге сатып отырған. Олар қылмыстық жолмен алынған киік мүйізінің бір келісін 80-100 мың теңге аралығында сатқан.
«Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері 6 тінту жұмыстарын жүргізіп, қылмыстық топтың үш мүшесі (34 пен 46 жас аралығында) ұсталып, үшеуіне іздеу жарияланды. 150 келі, яғни 732 дана киік мүйізі тәркіленді. Сондай-ақ, күдіктілерден таразы, пышақ суық қаруы, тіркелмеген қару және авто-мототехника тәркіленіп алынды», деп хабарлады Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.
Аталған факті бойынша ҚК-тің 339-1-бабына (Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлардың, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Аталған баптың санкциясы мүлкін тәркілей отырып, 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Тергеу әрекеттерімен Қарағанды облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының тергеушілері айналысып жатыр.