Тағайындау • 22 Тамыз, 2022

«QazBioPharm» ұлттық холдингінің басшысы тағайындалды

457 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ бас директорының лауазымына Күнсұлу Закарияны ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің ресми сайтына сілтеме жасап.

«QazBioPharm» ұлттық холдингінің басшысы тағайындалды

«Министрдің 2022 жылғы 18 тамыздағы бұйрығымен Холдингтің бас директоры лауазымына биология ғылымдарының докторы, профессор Күнсұлу Закария тағайындалды. Күнсұлу Дальтонқызы әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Жаратылыстану ғылымдары академиясының мүшесі, Ресей Жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі, СOVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы QazCovid-in (QazVac) қазақстандық вакцинасының әзірлеушісі», деді А.Ғиният.

Министр Мемлекет басшысы «QazBioPharm» жаңа холдингінің алдына биологиялық қауіпсіздікті, еліміздің биофармацевтика нарығының тұрақты дамуы мен жетілуін қамтамасыз ету, биофармацевтика ғылымы мен өнеркәсібін дамытуды ынталандыру, иммунобиологиялық препараттар бойынша импортқа тәуелділікті азайтуға қатысты міндеттер қойғанын еске салды.

Ажар Ғиният ұлттық холдингтің қайтадан сайланған басшысына сәттілік, жемісті еңбек тіледі. Бұдан бұрын Күнсұлу Закария ҚР ДСМ «Биологиялық қауіпсіздік проблемасын ғылыми-зерттеу институты» РМК бас директорынының міндетін атқарған болатын.

Ол биологиялық қауіпсіздік, биотехнология және микробиология саласындағы мойындалған маман ретінде белгілі. К.Закарияның жетекшілігімен биотехнология, биологиялық қауіпсіздік және микробиология саласындағы құрамына 200-ден аса ғылыми жоба мен 22 халықаралық жоба кіретін 10 ғылыми-техникалық бағдарламаның орындалуын үйлестіру, мониторинг және бақылау жүзеге асырылды. Оның ішінде «Қазақстан Республикасының ветеринариялық қауіпсіздігі: эпизотологиялық мониторинг, аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алуға және диагностикаға арналған арнаулы құралдардың сынағы, енгізілуі және коммерциализациясы» ҒТБ; «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі: қауіпті бағалау; оны ескерту мен жоюдың ғылыми-теникалық негіздері» ҒТБ, «Возраждение» аралы аумағының қазақстандық бөлігін шаруашылық айналымға қосуды ғылыми-практикалық сүйемелдеу» ҒТБ, «COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы вакцина әзірлеу» ҒТБ-ға жетекшілік етті.