Осыған орай ата-аналар мен балалар үшін елорда әкімдігінің қолдауымен «QazExpoCongress» ұлттық компаниясының ұйымдастыруымен EXPO халықаралық көрме орталығының алаңында балалар тауарларының «KIDS EXPO. Балалар әлемі» атты бірінші қалалық көрме-жәрмеңкесі өтті. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов балалар тауарларының алғашқы «Kids EXPO. Балалар әлемі» көрме-жәрмеңкесіне барып, көрме-жәрмеңкеде ұсынылған тауарлардың ассортиментімен және құнымен танысты.
Вице-премьер мұндай көрме-жәрмеңкелер ата-аналарға балаларын алдағы оқу жылына дайындау үшін өте ыңғайлы екенін, ұсынылған ассортимент қолжетімді бағамен сатылып жатқанын атап өтті. 30-ға жуық компания өз өнімдерін 30%-ға дейін төмен бағамен ұсынды.
Ералы Тоғжанов көрмемен танысу барысында мемлекеттік органдарға барлық өңірде осындай форматта жәрмеңкелер ұйымдастыруды тапсырды. Екі күнде балалар тауарларының «KIDS EXPO. Балалар әлемі» жәрмеңкесіне келушілер саны 20 мыңнан асты. Ұйымдастырушылар жәрмеңкені жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр.
«KIDS EXPO. Балалар әлемі» жәрмеңкесі EXPO халықаралық көрме орталығында 17-21 тамыз аралығында сағат 12:00-ден 21:00-ге дейін жалғасты. Бұл кітап, кеңсе, тоқыма, білім беру және ойын-сауық индустриясы, балалар мен олардың ата-аналарына арналған тауарлар мен қызметтер өкілдерін бір алаңда біріктіруге мүмкіндік берген алғашқы ірі қалалық жоба. Көрменің негізгі бағыты – білім беру, хобби, демалыс, балалар мәдениеті (журналдар, кітаптар және музыка), ойындар әлемі (ойыншықтар, ойындар және қолөнер), балалар сәні мен киімдері, керек-жарақтар мен аксессуарлар және тағы басқалар. 5 күн ішінде жергілікті тауар өндірушілердің, компаниялар мен ірі брендтердің 100-ге жуық қатысушысы өз өнімдерін ең қолайлы бағамен ұсынды. Жәрмеңкеге Marwin, Abdi, FasTracKids, Utaria, CAES, Роботек, Foliant, «Алматы кітап» басылымдары және басқа да ірі брендтер қатысты.
«Биыл бірінші рет өткеніне қарамастан жәрмеңке келушілер тарапынан сұранысқа ие болып жатыр. Осындағы 93 кәсіпкер компанияның 28-і әлеуметтік баға орнатуға келісіп, нарықтағы бағадан 10-20 пайызға арзан сатып отыр. Бас қаладан бастау алған жәрмеңке жұмысын одан ары жалғастыру үшін өзге өңірдегі әкімдіктермен, кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бір қуантарлығы, осындай көрме-жәрмеңке өткізу үшін күні кеше елордадағы «Әсем» сауда үйінің әкімшілігі хабарласып, жабық ғимараттағы 320 шаршы метр алаңды қазан айына дейін тегін беретіндерін жеткізді. Осы бойынша кәсіпкерлермен сөйлесіп жатырмыз», деді Нұр-Сұлтан қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Кәрбозов.
Жәрмеңке ашылған күні көрме орталығының алаңында «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрінің, би ұжымдарының, «Вайнах» ансамблінің өнер көрсетуі, дерексіз кескіндеме, ұлттық ойындар (асық ату, тоғызқұмалақ) бойынша шеберлік сыныптары, сондай-ақ Қазақстан құрамасының ойыншысы және «Астана» баскетбол клубының кәсіби шеберлік форварды Руслан Айтқалидың баскетболдан шеберлік сыныбы өтті.
«Біздің компания Қазақстан нарығында 13 жылдан бері жұмыс істейді. Негізгі жұмысымыз – білім ордаларына инновациялық шешім ұсыну. Ол жерде балабақшадан бастап мектептерге дейін қамтылады. Біздің «Intellectum» деген ойындарымыз бар. Бұл баланың креативті ойлануына, топпен жұмыс істей білуіне, түстерді дәлме-дәл ажырата білуіне көп көмектеседі. Балалардың логикасын дамытатын балабақша және бастауыш сынып балаларына арналған ойындар жиынтығы толықтай авторлық методикамен жұмыс істейді. Қазіргі таңда, Қазақстан бойынша 300-ге жуық балабақшаға біздің методикамыз енгізілген. Сонымен қатар роботтехникаға байланысты бірнеше жобамыз бар. Біз осындай көрме-жәрмеңкеге қатысқанымызға қуаныштымыз, әрі қарай жалғасын таба берсе екен», дейді PINE холдинг компаниясының корпоративтік менеджері Арман Байгаскин.
Жалпы жәрмеңкеде 18 ақпараттық, 22 мәдени және 22 спорттық іс-шара, сондай-ақ 20 ART шеберлік сабағын өткізді. Жиыны 80-нен астам іс-шара өткізілді.