Кездесуде конституциялық реформаның негізгі ережелері, қылмыстық саланы жаңғырту, қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғау және үш буынды модельді іске асыру мәселелері талқыланды.
«Құқық қорғау жүйесін жетілдіру «Прокуратура туралы» Конституциялық заңды әзірлеуді көздейді. Прокуратура органдарының мәртебесін Конституциялық заң деңгейінде бекіту заңдылықты арттыруға, прокурорлар қызметінің кепілдіктерін нығайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ прокуратураның жоғары қадағалау органы ретіндегі құқық қорғау әлеуетін күшейтеді», деді Владимир Волков.
Өз кезегінде, аудан прокуроры депутатқа заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйі туралы мәлімет берді. Сонымен бірге ол прокуратура аса ауыр санаттағы қылмыстар бойынша айыптау актілерін жасайтын қылмыстық процестің үш буынды моделінің екінші кезеңінің іске асырылуы туралы айтып берді.
«Прокурорлардың жұмысы айтарлықтай өзгерді. Олардың өкілеттіктерін арттырумен қатар жауапкершілік те күшейе түсті. Азаматтардың қылмыстық процеске негізсіз тартылуына жол бермеу және процеске қатысушылардың конституциялық құқықтарын қорғау маңызды», деп атап өтті сенатор.
Сонымен қатар Владимир Волков Үлкен Алматы айналма жолы құрылысының барысымен танысып, Талғар ауданындағы 1 200 орындық жаңа мектепке барды. Тұрғындармен кездесуде депутат қылмыстық процестің үш буынды моделін іске асыру, сондай-ақ цифрландыруды енгізу мәселелерін талқылады.
«Қоғам құқық қорғау және сот жүйелерінен нақты өзгерістер күтуде. Қазақстанға азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін барынша қорғауды қамтамасыз ететін құқықтық жүйе қажет», деді депутат.
Ал Парламент Сенатының депутаты Ерік Сұлтанов Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданындағы бірқатар әлеуметтік нысанға арнайы барды. Депутат Ленинград ауылдық округін абаттандыру барысымен, жаңа диірменнің жай-күйімен және Дәуіт-Ленинград автожолының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Ерік Сұлтанов аудан тұрғындарымен кездесуде жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған басымдықтарды атап өтіп, «Көкшетау жолдары» ЖШС-ның жұмысына оң баға берді.
«Еліміздің барлық автожолын жаңғырту, заманауи, жайлы және сенімді көлік инфрақұрылымын құру – Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында қойылған маңызды міндеттердің бірі», деді сенатор Ерік Сұлтанов.
Депутат Уәлиханов ауданының шаруаларымен кездесіп, ауыл тұрғындарын толғандырған мәселелерді талқылап, астық қоймасының, мал шаруашылығы және тауарлы сүт фермасының қызметімен танысты.
Кездесу барысында сенатор жерлестеріне Палата қызметінің қорытындылары туралы айтып, өткен сессия барысында қабылданған заңдардың негізгі нормаларына тоқталды.