Экономика • 23 Тамыз, 2022

Сыртқы сауда айналымы өсіп келеді

299 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан, Беларусь, Ресей арасында 2010 жылы құрылған Кеден одағы экономиканың, оның ішінде сауданың дамуына қомақты үлес қосып келді. Еуроодақ елдерінің үлгісімен құрылған бұл интеграциялық ұйым 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) құрылуына ұласты. Енді Кеден одағы ЕАЭО-ның негізгі құрамдас бөлігіне айналды. Сол 2015 жылы оның құрамына Армения мен Қырғыз Республикасы қосылды.

Сыртқы сауда айналымы өсіп келеді

Кеден одағы елдері барлық шыққан-кірген тауарға бір­тек­ті кедендік тариф қолда­нады. Мүше елдердің аумағын белгілеген шекаралық белдеу­лер кедендік территориялар саналады. Мысалы, Қазақстан-Қытай немесе Ресей-Қытай арасындағы кедендік бекеттерден түсетін баж салығы қазақстандікі немесе ресейдікі емес, Кеден одағына тиесілі. Одақ елдерінің халықаралық келісімдері бо­йынша барлық кеден салығының 85,33 пайызы Ресей, 7,11 пайызы Қазақстан, 4,55 пайызы Беларусь, 1,9 пайызы Қырғызстан және 1,11 пайызы Арменияның бюджетіне құйылады. Ал одақ елдерінің өз ішіндегі шекараларының бойындағы кедендік бекеттер алынып тасталған. Мәселен, бұрын Солтүстік Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясының Омбы, Қорған, Түмен облыстары арасындағы шекараларда бес кеден бекеті болған. Қазір облыста Петропавл қаласының әуежайындағы кедендік өткізу бекеті ғана жұмыс істейді. Осы кедендік бекетте шығарылатын немесе кіргізілетін барлық та­уар, соның ішінде ақша, құнды қағаздар және т.б. кедендік тексерулерге енгізілген.

Жалпы, облыстың 2022 жыл­­дың алғашқы жартыжыл­дығындағы сыртқы сауда айналымы 662 млн АҚШ долларын құрады. Соның ішінде экспорт 505 млн, импорт 156 млн долларға тең. Демек экспорттың үлесі – 76%, импорт 24%. Экс­порт көлемінің басым болуы эконо­микалық оң көрсеткішке жатады.

2021 жылдың сәйкес мерзі­мімен салыстырғанда биыл облыстың сыртқы сауда айналымы 49%-ға артқан. Соның ішінде экспорт – 51, импорт 18 пайызға көтерілген. Облыс­тық кірістер департаменті басшы­сының орынбасары Бауыржан Шәйкеновтің айтуына қарағанда, экспорттың 95% немесе 481 млн долларға тең бөлігі ауыл шаруашылығының өсімдік өнімдері тауарларына тиесілі. Атап айтқанда, бидай, арпа, жасымық, бұршақ, ұн, зығыр, рапс және күнбағыс тұқымдары, өсімдік майы, кебек және т.б. Ал импорттың негізгі үлесі (76%) өндіріс құрал-жабдықтары, көлік құралдары, ауыл шаруашылы­ғы машиналары мен оларға ар­налған қосалқы бөлшектер, тыңайтқыштар мен гербицидтер, тірі өсімдіктер, сондай-ақ тамақ өнімдерін өндіруге арналған шикізаттар болып отыр.

Экспорт көлемінің ұлғаюы негізінен ұн және майлы дақыл­дар сатылымының артуы­мен  байланысты болып отыр. Им­порт­тың өсуі арнайы эконо­мика­лық аймақ аумағынан (АЭА) енгізілген өндіріс құрал-жаб­дықтарының артуымен байланысты. Кедендік ресімдеу барысында олардың құны импорттың өсуіне ұласқан.

АЭА аумағына тауарларды енгізу мен шығаруда ер­кін кеден аймағы­ның кеден­дік рәсімі қолданылады. Солтүс­тік Қазақстан облысы­ның Кіріс департаменті биыл кедендік ресімді «Петро­павл электротехникалық зауыты» ЖШС (трансформаторлар өндірісі) және «СТ Ассамблея» ЖШС (комбайндар, астық жинау машиналары, тракторлар және тұқым себу кешендері өндірісі) жүзеге асы­ра­тынын жеткізді.  Сөйтіп, ар­найы экономикалық аймақтың іс жү­зіндегі нәтижелері сауда айна­лымын дамытуға сүбелі үлес қосуда.

 

Солтүстік Қазақстан облысы