Білім • 23 Тамыз, 2022

Жаңа оқу жылында 81 жаңа мектеп ашылады

147 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Amanat партиясының баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында партияның білім беру саласындағы сайлауалды уәделері қалай орындалып жатқаны жөнінде айтылып, нақты мәліметтер берілді.

Жаңа оқу жылында 81 жаңа мектеп ашылады

Партия жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұлдыз Сүлейменова сайлауалды бағдарламаны іске асыру аясында 2022 жылы 214,5 мың орындық 225 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланғанын хабарлады.

«Мектептердің жалпы санының 138-і мақсатты құрылыс есебінен салынады. Қалған 61 мектеп – жеке инвестиция есебінен тұрғызылады. Бұл ретте жаңа оқу жылының қарсаңында 37 мыңға жуық орынға негізделген 81 жаңа мектеп ашылуға дайын болуы тиіс. Әкімдіктер ұсынған мәліметке және жеке инвесторлармен алдын ала жасалған шарттарға сәйкес биыл қыркүйек айында 41 мемлекеттік және 40 жекеменшік мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр», деп хабарлады Мәжіліс депутаты.

Былтыр Партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында 160 мыңнан астам оқушыға арналған 277 жаңа мектеп ашылды.

Сонымен қатар партия шағын қалалардағы, аудан орталықтары мен ауылдардағы мектептерді жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде. Депутаттың айтуынша, сайлауалды бағдарламаны орындау аясында жыл сайын мыңға жуық мектептің жағдайын жақсарту жоспарланған.

«Бүгінде 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді. Соған сәйкес биыл –1 003 және алдағы жылдары 994 мектепті жаңғырту жоспарланған. Соның нәтижесінде көп мектеп күрделі немесе ішінара жөндеуден өтіп, жаңа жиһаздар алынып, пәндік кабинеттер ашылады. Соны­мен қатар мектеп асханалары мен кітап­ханалары жаңартылады. Мәселен, 900-ге жуық мектеп кітапханаларында материалдық-техникалық жабдық­тауды жақсарту және қорды көркем әдебиетпен толықтыру жоспарлануда. Өз кезегінде, 450 асханаға жиһаз, асүй техникасы мен жабдықтар сатып алынады. Сондай-ақ тамақтану залдары жөнделеді. Шағын қалалар мен ауылдарда оқушылардың мектеп ішіндегі және оның аумағындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі өзектілігін жойған жоқ. Сондықтан қазіргі уақытта 500-ге жуық мектепте бейнебақылауды, дабыл түймелерін, турникеттер мен күзет жүйесін іске қосу жұмысы жүргізілуде», деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.

Айта кету керек, жаңа оқу жылында 3,6 млн бала мен 384 мың педа­гогті қамтитын 7 700-ге жуық мек­теп ашылады. Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова партия алаңында өткен бас­пасөз мәслихатында хабарлады. Сон­дай-ақ Шолпан Таңатқызы алдағы оқу жылында оқушыларды қандай жаңа­шылдықтар күтіп тұрғанын баян­дады.

«Жаңа оқу жылында балалар 31 мамырға дейін оқитын болады. Со­нымен қатар мектеп бағдар­ламасына бірқатар өзгеріс енгізілді. Мәсе­лен, ағылшын тілі енді бірінші емес, үшінші сыныптан бастап оқы­тылады. Ал 1-сыныпқа «Еңбек­ке баулу» және «Бейнелеу өнері» пәндері енгізілді. Бұл қадам оқушы­лардың ерте кәсіби бағдар жасауын қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңашылдықтар оқушылардың білім сапасын жақсартуға және қосымша машықтарды дарытуға негізделді», деді Шолпан Таңатқызы.

Сонымен қатар Оқу-ағарту бірінші вице-министрі әкімдіктермен бірлесіп шешілуге тиіс мәселелерге назар аударды. Соның бірі – кейбір өңірлердегі күр­делі жөндеу жұмысының мерзі­мінен кешігуі болып отыр.

«Бүгінде 261 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 1 қыр­күйекке дейін 213 мектептің жөндеу жұмысын аяқтау жоспарлануда. Алайда 12 өңірде, әсіресе Батыс Қазақстан облысында – 12, Алматы облысында – 5, Түркістан облысында – 4, Жетісу облысында – 4, Атырау облысында 3 мектептің күрделі жөндеу жұмысы мерзімінен кешігуі мүмкін. Бұл мектептерде жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады. Осыған бай­­ланысты, әкімдіктер 48 мектепте оқу жұ­мысын ұйымдастыру мақсатын­да жөн­деу жұмыстары аяқталғанға дейін са­бақ өткізілетін орындарды анық­тап, оқу­шы­лардың мектептегі қауіпсіз­дігін  қамтамасыз етуге тиіс», деді вице-министр.

Жаңа оқу жылында ел аумағындағы 900 мыңға жуық бала бір реттік тегін тамақпен қамтамасыз етілетінін атап өткен жөн. Ал мектепке апаруды қажет ететін балалар үшін биыл 515 мектеп автобусы сатып алынды. Айта кетейік, «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында 500 мыңға жуық бала мектепке даярлану үшін қажет көмек алып жатыр. Өз кезегінде, Amanat партиясы «Баланы мектепке даярлайық!» акциясын бастады. Естеріңізге сала кетейік, аталған акция аясында бүкіл ел бойынша 30 мыңнан астам бала аманаттықтардан жаңа оқу жылына арналған керек-жарақтар алады. Яғни балдырғандардың мектеп формасы, оқулықтар мен кеңсе заттары бар сөмкелер беріледі.