Білім • 23 Тамыз, 2022

Ротация қағидаты: 29 мектептің директоры ауысты

6793 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов былтыр қараша айында білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау туралы қағидатты ресми түрде бекіткен болатын. Министр тапсырмасынан кейін бір орында он, жиырма жыл қозғалмай отырып, музейдегі экспонатқа айнала жаздаған директорлар жылы орындарын ауыстыруға мәжбүр болды. Қызметі ауысады демесеңіз, олар жұмыссыз қалмайды.

Ротация қағидаты: 29 мектептің директоры ауысты

Жамбыл облысында 361 орта, 33 негізгі және 50 бастауыш мектеп бар. Бүгінгі таңда аталған мектептердің 29-ның директоры ротация тәртібіне сай ауыс­тырылды. Басқа мектептің директоры қызметіне кіріскендердің басым бөлігі Тараз қаласындағы тіс қаққан мамандар. Былайша айтқанда, бір мек­теп­ті ұзақ уақыт басқарып, азды-көпті «диктаторға» айнала бастаған басшылар десек те болады.

Кезінде министр дәл осы ротациялау тәртібінің білім беру ұйымдарындағы жұмысты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірген болатын. А.Аймағамбетов бұл үрдіс білім беру ұйымдары жұмы­сы­ның тиімділігін арттыратынына, бірін­ші басшылардың басқарушылық біліктілігін кәсіби тұрғыдан дамытатынына сенім білдірген еді. Жалпы, ротация дегеніңіз бір әкімшілік аумақта ғана жүргізілгендіктен, оның әсері қан­дай болатынын уақыт көрсете жатар. Бір анығы, облыс орталығындағы ди­рек­торлардың жұмыс істеу тәртібін мұғалімдер жақсы біледі. Өйткені бәрі бір-бірімен жақсы таныс. Сондықтан әр директор жұмыс істеу моделін Жаңа Қазақ­станның көзқарасына сәйкес жа­ңа­шаламаса, өзінің мүмкіндігін жаңа бағыттармен реформаламаса, бәрі бекер секілді. Өйткені олар алысқа кетіп бара жатқан жоқ...

«Өңірде 443 мектеп бар болса, оның ішінде 29 мектептің директоры осы жылы ротация қағидатына сәйкес басқа мектептің директоры қызметіне кірі­сетін болды. Одан бөлек мектепке дейінгі ұйымдардың жетекшілері де ауыстыру тәртібіне сәйкес басқа қыз­мет­терді атқармақ. Олардың саны – 30. Жалпы алғанда, министрлік бекіт­кен қағидатқа сәйкес бір білім беру ұйымында жеті жылдан астам уақыт басшылық қызмет атқарған директорлар ротацияға түсті. Жалпы, бұл жұмыс мектептердің көрсеткішіне, бала санына, білім берудегі жаңашылдығына сай жүзеге асырылды. Басқа қызметке ауысқан басшылардың басым бөлігі Тараз қаласындағы директорлар болып отыр», дейді облыстық білім басқармасы педагог кадрлармен жұмыс бөлімінің бас маманы Қарлығаш Қонысбекова жағдайды толықтай түсіндіріп.

Білім басқармасының өкілі келтірген деректерге сүйенсек, Талас, Меркі, Са­ры­су, Қордай аудандарында екі мек­тептің директоры қызмет ауыстырса, Шу ауданында бес мектептің директоры енді жаңа білім беру мекемесін басқармақ. Қалған ауыс-түйістер Тараз қаласын қамтыған. Былайша айтсақ, ауыс-түйістің жартысынан астамы облыс орталығында орын алған. Ротацияға түскен директорлардың ішінде бір қыз­мет­ті 18 жылға жуық уақыт атқарған маман да бар.

Министрлік бекіткен қағидатқа сәй­кес атқарылатын ротациялау жұмы­сы тоқсан сайын жалғасын таппақ. Қ.Қоныс­бекованың айтуынша, осы жылдың аяғына дейін тағы үш мекеменің басшысы ауысады. Сондай-ақ 16 мектепке дейінгі білім беру ұйымының басшысы жаңа орында жұмысқа кіріспек. Бұдан соң келесі жылдың жағдайы зерделенбек.

Әдетте басшылар ауысқан кезде ко­ман­далық ауыс-түйіс орын алып жататыны мәлім. Бұл жағдай білім саласында да қайталанбасына кім кепіл? Басшы мықты деген кадрларды өзімен бірге ер­тіп кетуі мүмкін бе? Осы сауалды об­лыс­тық білім басқармасының маманына қойған едік.

«Өңіріміздегі жұмыстар министрдің тап­сырмасына сәйкес жүргізіліп жат­қанын айта кеткен ләзім. А.Аймағам­бетовтің өзі командалық ауыс-түйіс болмауы керегін шегелеп тапсырған болатын. Басшылар орынбасарын, бас бухгалтерін өзімен ертіп кетпеуі керек. Басқа да мамандарды шұбыртып әкетуіне тыйым салынады. Бұл жағдайды мектеп директорларына қатаң ескерттік. Сондықтан жаңадан тағайындалған директорлар өзі басшы болған мекемедегі қызмет­керлермен тығыз қарым-қаты­нас­та жұмыс істейтін болады. Біз бұл мәселені қатаң қадағалаймыз», дейді ол.

Ротация тәртібі неліктен аудандарда лайықты деңгейде жүргізілмеген? Неге Тараз қаласында ғана көптеген басшы ауысқан? Алдымен ойымызға осы сауал оралды. Алайда басқармадағы мамандардың айтуынша, ротация тәртібі жалғыз мектебі бар елді мекендерді қамтымайды. Сол себепті басқа мектепке ауысқан директорлардың басым бөлігі Тараз қаласын қамтып отыр. Бәлкім, алдағы уақытта осы мәселе министрлік деңгейінде қайта қаралуы керек шығар?

Расында да, Жамбыл облысында Мойынқұм ауданында ғана кейбір елді мекендердің арақашықтығы 180-250 ша­қырымды құрайды. Басқа аудан­дар­дағы ауылдардың арасы айтар­лықтай алыс емес. Ал кейбір елді мекендерде тапжылмай отырған дирек­тор­лардың басқа қызметке ауыспауы аталған мектептердегі жүйенің өзгер­мей­тінін айқындай түссе керек. Осы мәселе ескерілсе дейсің. Әсіресе арасы 5-10 шақырымды ғана құрайтын мектептердің директорлары ауысқаннан ешкім ұтыла қоймас. Бірінші кезекте ұжымдағы жұмысты жүргізу, білім беру ісіндегі процестер өзгереді. Қалай болған күнде де жаңа басшы келген жерде жұмыс жаңаша сипат алады ғой. Ротация қағидатында осы мәселенің ескерілмегені қапаландырады.

«Министрлік тарапынан арнайы бұй­рық болса, ауылдардағы директорларды ауыстыруға болады. Әзірге жалғыз мектебі бар елді мекендердегі басшыларды ауыстыру мәселесі қаралмаған. Негізі осы мәселе қамтылса ешкім ұтыл­май­ды», дейді мамандар.

Өңірдегі мектеп директорларының басым бөлігі – нәзік жандылар. Соңғы деректерге зер салсақ, бүгінде 282 директер әйел болса, 121 басшы ер азамат екен.

 

Жамбыл облысы