Қазақстан • 23 Тамыз, 2022

Дизайнерге де жауапкершілік керек

2449 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Төңірегімізге көз салсақ, дизайн өнерінің кіріспейтін жері жоқ екен. Көліктің корпусы, өзге смартфондармен салыстырғанда жылдан-жылға сүйкімі артып бара жатқан «айфон», аяққа киетін «кроссовки» түрлерінің бірде «конверс», бірде «лофер», бірде «мокасин» болып құбылуы, теледидардың пульті, ғимараттардағы жазу, абаттанған аула, осының бәрі дизайнерлердің дамылсыз жұмысының нәтижесі.

Дизайнерге де жауапкершілік керек

Дизайнерлер тек үйдің ішін үйлесімді сәндеп, ауланы ретке келтіріп, газет пен журналды жұтындырып шығарады десек, мағынасына мән бермегеніміз. Дизайн ауқымы кең, ол отырған ор­ныңды жайлы, ішкен асыңды дәмді, жүргізген кәсібіңді берекелі, ал өміріңді әдемі етеді. Бірдей әлеуметтік тұрмыс кешіп, бірдей ойлап, бірдей киініп, бір тектес үйлерде тұрып, бәрі теңестірілген кешегі қоғамнан алшақтап, адамдардың өз мәртебесі мен даралығын айқындап көрсетуіне, қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз етуге демеу болатын дизайн өнері Қазақстанның экономикалық кеңістігінен өз орнын белгілеп алды. Ыңғайсыз дүниені ыңғайлы етіп, тауар бағасы мен қызмет көрсету құнын арттыра түсетін, кем-кетікті түзеп, жаңа үлгіде жобалайтын маманды дизайнер дейміз. Таңдаулылардың ғана қолы жеткен технология табысы, қайталанбас талғаммен таңырқатқан жаңа дүние бүгін табан астында ескіріп, жетістік болудан қалып қойып жатқан кезеңде дизайн өнімдерінің де сұранысқа сай болуы маңызды. Киім, интерьер дизайны, өндірістік, архитектуралық дизайн, дизайнның қай түрі болса да, қиял мен идея еркіндігінің талабына жауап бере алмаса, өзін-өзі «өлтіріп» алады. Осылай әрқайсысы дербес жауапкершілік арқалаған сан салалы дизайн өнерінің ішінде Қазақстандағы графикалық дизайн бақылаудың да, басқарудың да шегінен шығып барады деп, мамандар дабыл қағып отыр.

Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіне шақырып, баспасөз өкіл­дерімен кеңес құрғанына қарағанда, графикалық дизайнерлердің бір шоғы­ры тәжірибесімен бөлісу үшін өз қауым­дастығын құруға ниетті. Бұл қауым­дастық дизайнерлердің өз қыз­метін сертификаттап, құқығын қорғап, ары қарай қорықпай жұмыс істеуі үшін керек. Қазір жұмыс берушілер арнайы сертификатқа ие мамандарды ғана жұмысқа қабылдағысы келеді. Технология қарыштап, алға озып барады, оның өнімдері ел игілігінде, ендеше, дизайнер өзіне тапсырыс берушімен қарым-қатынасын реттей алмаса, бұл бірінші кезекте дизайнер жұмысына соққы болып тиеді. Тапсырыс берушінің талғамын толық сараптап, ненің тәтті, нені қатты екенін, қалай жасап, неден абай болып, неге ұмтылу керегін түсіндіріп, бағыт беретін адам – дизайнер. Графикалық дизайн – көзге көрініп тұрған қоршаған ортадағы, коммуникациялық қарым-қатынастағы барлық нәрсенің негізі. Шығармашылық өзегі күшті. Мұқият болуды, жауапкершілікпен қарауды керек етеді. Графикалық дизайнер жа­саған жарнамадағы мәтіннің 30 пайы­зының маңызы болмауы мүмкін, соған қарамастан діттеген 70 пайыз мақсат – тұтынушы сенімін жаулап алу. Өнім тағдырын дизайн өнерінің шеберлігі шешеді.

«Міне, мынау менің қолымда 5 000 теңгелік купюр. Елтаңба мен Ту тұр. Осы теңгедегі дизайн үшін мен он жылға жуық күресіп келемін. Он жыл ішінде Қазақстанның үш-төрт Мемлекеттік хатшысымен кездестім. «Бұлай жасауға болмайды. Бұл жерде Елтаңба мен Туға залал келген. Ақша деген – мемлекеттік құжат, ол жерде мемлекеттік рәміздер дұрыс қолданылмаса, үлкен айыппұлмен құтыла салу ешнәрсе емес, ол жазалануы керек. Ал ақшада мұндай қателікке қалай жол берілген? Бұл өте қауіпті. Бұл үйлесімсіздік мемлекет үшін де, халық үшін де көңіл аударуға тұрмайтын кішкентай қателік болып қалмауға тиіс. Біз нышандар әлемінде өмір сүреміз. Ол қоғамды не күл-талқан етеді, не көкке көтереді. Ең қынжыларлығы, мұны ешкім қаперіне алғысы келмейді» дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Фаберже орденінің кавалері Валерий Васильев.

Валерий Яковлевич 2000 жылдары Еуразия ұлттық университетінен алғаш рет графикалық дизайн факультеті ашылып, өзінің оқытушы болған кезін еске алды. Оқуға қабылданған студенттерді бірінші семестрден соң теориялық бі­лім­ді тәжірибемен ұштастыра көрсету үшін жеке компаниясының жұмы­сы­мен танысуға шақырады. Компания ғимара­тының әр қабаты ең соңғы технологиямен, су жаңа құралдармен жаб­дықталған. Қымбат құрылғылардың жанында барын-жанын салып тү­сін­ді­ріп тұрған Васильевтің көзі, кір­пігі айқасып, қалғып-мүлгіп отырған сту­денттеріне түседі. «Сендер мұнда не үшін оқуға келдіңдер?» дейді ұстаз. «Бі­лесіз бе, бұл факультет алғаш ашылып отырғандықтан, мұнда конкурс мүлде болмады, ал басқа жерге түсе алмадық, уақытты текке өлтіргіміз кел­ме­ді». Содан бері жиырма жыл өтсе де, бұл көзқарастың өзгеріп, графикалық дизайнер мамандығын көркейтемін деп келетіндер қарасының артқаны шамалы. «Ең қызығына содан кейін кенелдім, – дейді Васильев, – олардың бәрі де университетті қызыл дипломмен бітірді».

Дамыған елдердің дизайнымен са­лыс­тырғанда, Қазақстанда бұл өнер­дің балаң, әлі де болса шикі екені көзге ұрып тұрады, дейді мамандар. Ал Англия экономикасының жұлыны дәл осы «креативті экономикамен» жалғанған. Дизайн деген, алдымен, дұрыс ойлау, тек содан кейін ғана кәсіп ретінде кәдеге асады. Кәсібиліктің деңгейін сапалы білім ғана анықтай алады. Бұл шығармашылық өнеріндегі күрмеулі мәселенің түйіні кәсіби білім беріп, оқыту ісінде жатыр. Мектеп бітірушілер бұл мамандыққа кәсіп ретінде қызықпайды. Жоғары оқу орындарына іріктеу кезінде төменгі балмен іліге алмай қалғандардың қосымша таңдау ретінде қарастыратын көзқарасы өзгермеген күйі келеді. Кәсіби білігі жоғары оқытушы ұстаздар жетіспейді. Соған қарамастан дизайн мамандығы бойынша бакалаврды бітіргендердің 80 пайызы үздіктер. Бірақ неге екені белгісіз, Қазақстанда дизайнерлердің мол шоғыры пайда болғанымен, олардың жұмысын кездейсоқ адамдардың істей беретіні таңғаларлық жағдай қалпында қалып отыр. Жаңа жыл қарсаңында әкімдіктер зеңгір көкпен таластырып шырша құрады. Ал жанындағы Аяз ата мен Қарша қыздың бітім-сұлбасы шыршамен мүлде үйлеспейді. Көлденең көк аттының атқарған жұмысы ма? Әлбетте!

Сондай-ақ Алматы көшелеріндегі ала-құла жазудан бүгінде бас айналады. Бір сауда орнының маңдайшасындағы жазу латын әрпімен жазылса, дәл жанында тұрған көрші мекеме кириллицамен «күн көріп» отыр. Латын қарпінің өзі бірізді емес, қабылданған-қабылданбаған, ескі-жаңа нұсқалары мидай араласып кеткен. Бұл кемшілік те дизайнерлермен келісілмей жасал­ғандықтан орын алып отыр. Ал кейбір кәсіпкер айласын асырып, бір билбордта немесе бір жарнама мәтініне кириллица мен латынды қатар қолданады. Әрине, кәсіпкердің мәселесін дизайнер шешпейді, сол сияқты кәсіпкерлік те дизайн өнеріне қиындық тудырмауы керек, деп есептейді осы шаруамен шұғылданатын азаматтар.

Жалпы, жұрт дизайнердің қызметіне жүгінуді артық санайды. Бірақ олар идеяның қымбат тұратынын, ол үшін ақы төлену керегін әлі де түсінбейді. Ғалымдар заңгер, нотариус, бухгалтер, кассир қызметін алдағы он-жиырма жылда жойылатын өлі мамандықтар қатарында қарастырады, ал дизайн өнері – нағыз болашақтың жұмысы. Шығармашылықпен айналысатын адам­­дардың қиялынан туған бірегей бұйым ешқашан ескірмейді және қай кезеңде де нарық сұранысын қана­ғаттандыруға қабілеті жетеді. Ол үшін графикалық дизайнер талантты, туабітті табиғи сезімтал болуымен бірге кең сараптамалық интеллектуалдық ой өріс­ке ие болуы қажет. Маман мәселеге кең тұрғыда қарай алатын болса, бұл алдағы жетістіктің жартысы деген сөз.

Ай сайын жарықтың, жылудың ақшасын төлей алмай, азық-түлікті әрең алып, әупіріммен күнелтіп жүрген адам «дизайн менің не теңім» деп, бұл өнерді өте қымбат, дүниесі түгел қалталы жан­дарға арналған қажетсіз қызмет көрсету үлгісі деп қабылдайды. Анығында олай емес. Дизайн – қарапайым нәрсені әсем етіп ұсыну. Қазақстандағы дизайн өнерінің дамуында дилемма да, қиындық та көп. Аталған салада бәсекесі жоғары орта қалыптастырып, дамыту, расында да, қажет-ақ.

 

АЛМАТЫ