“Нұр Отан” ХДП Орталық аппаратының қоғамдық қабылдау бөліміне Қытай Халық Республикасынан көшіп келген 96 оралманның атынан Астана қаласының тұрғыны Дүйсек қабылдауға келіп, оларды толғандырып жүрген мәселелерге кеңінен тоқталды. Атап айтсақ, бүгінгі таңда Қытайда тұратын қазақтарға, жалпы аз ұлттарға жеңілдік жасау арқылы қытайландыру саясаты кеңінен жүргізіліп келеді екен. Мәселен, қазақ жиі қоныстанған ауыл-аудандардағы қазақтарды Қытай ұлты шоғырланған ауыл-аудандарға көшіріп апарып, біртіндеп сіңіріп, тегін егістік жер, баспана салып беріп, түрлі жеңілдіктер жасау арқылы оларды байытуға күш салып жатыр, бұл саясат нәтижесін де бере бастады. Сонымен қатар, тұрмысы төмен отбасыларының балаларын қазақ көп қоныстанған ШҰАР-дан орталықтағы қалалардың жоо-ларына тегін оқытып, университет бітіргеннен кейін мемлекеттік қызметкер ретінде жұмысқа алуда. ЖОО-ларға аз ұлт жастарын қабылдауда қытайлықтарға қарағанда көбірек қызықтыру үшін 30%-40% жеңілдік жасалған.
Соңғы жылдары қазақ мектептерін жауып, балалар қытай тілінде оқытыла бастады, мұны “қостілділік” деп атап отыр. Іс жүзінде қазақ тілінен басқа пән қытай тілінде жүргізіледі. Өткен жылдан бастап қалаларда жатақханасы бар мектептер ашып, қазақ балалары қытай тілінде білім алып жатыр, балалар ата-анасын тоқсандық демалыста ғана көре алады, 12 жыл ата-ана тәрбиесін көрмейді, тек Қытай тәрбиесінен тәлім алған қазақ балаларының беті қай жаққа бұрылатыны белгілі болса керек. Аталған жымысқы саясаттың кесірінен болар, кейінгі кезде Қытайдан үдере көшкен қазақтар саны күрт азайғаны анық, дейді Дүйсек.
Елбасы Қытайдағы қазақтарды көшіріп әкеліп, оларға жан-жақты көптеген жеңілдіктер жасап, көмек көрсетуде. Әйтсе де Қазақ еліне келгеннен кейін көптеген азаматтар өз орнын таба алмайды. Сонымен қатар, тарихи Отанына оралғаннан кейін орыс тілін білмеу, ортаға бейімделе алмау сияқты көптеген себептер де қиындықтар туындатады. Мәселен, жұмыссыз болудың төмендегідей төрт мәселесі бар:
Біріншіден, оралмандардың мамандығына қарай жұмыс беру Қазақ елінің заңдарында қарастырылмаған. Орыс тілін түсінбейтін Қытайдан келген қандастарымыз Қазақстан азаматы болғанымен, сұранысы бар мамандық иелері бола тұра, мейлі жоғары мамандық немесе жәй мамандықтар болса да, өз орнын таба алмайды. Оларды бауырына тартып, жұмыс беріп, бейімдесе, орыс тілі қытай тілінен қиын емес, ұзаса бір жылдан кейін үйреніп кеткен болар еді.
Екіншіден, егін егуге, мал бағуға және басқалай кәсіппен айналысуға жер телімін тегін беру заң жүзінде қарастырылмағандықтан, іс жүзінде ешқандай меншікке ие бола алмайды. Жерді жалға алуға, сатып алуға, оны әрі қарай игеруге, техника және мал сатып алуға қарапайым халықтың қалтасы көтермейді, шамалары жоқ.
Үшіншіден, кәсіппен айналысуға ешқандай меншігі жоқ кәсіпкерлер банктен несие ала алмайды. Шағын және орта кәсіпкерлік дамыған Қытайдан келгендер ішінде арнаулы оқыған, тәжірибеден өткен мамандар әрі қарай кәсібін жалғастыруға қауқарсыз, бұған көптеген себептер бар. Ал оларды шешуге құзырлы органдар құлықсыз.
Төртіншіден, басқалай өмір сүру жолын таппаған Қытайдан келгендер Қытайдан тауар тасып, сауда-саттықпен айналысып жүргендердің басым бөлігін құрайды. Бұлардың арасында ғалымдар, белгілі мамандығы барлар, Қытайда белгілі дәрежеде мемлекет жұмысын атқарған азаматтар да жоқ емес. Бірақ, олар орыс тілін білмегендіктен, қырғыз, өзбек азаматтарымен бәсекелесе алмай жүр.
Ауыл шаруашылығымен немесе кәсіпкерлікпен айналысуға бейімдеу үшін қазіргі көші-қон комитететінің құзыреті жетпейді, атап айтқанда, Қазақстанда қандастарымыз әрі қарай өмір сүруі үшін қажетті жер мәселесін шешіп беру тетігі дұрыс жолға қойылмағандықтан, қандастарымыздың қиын жағдайда қалып отырғаны бәрімізге аян.
Келесі бір күрделі проблема – баспана. Білім алу мәселесінде де қиындықтар бар.
Университетке түскеннен кейін дәріс орыс тілінде көбірек беріледі, қазақ тілінде беріледі деген күннің өзінде екі ел арасындағы ғылыми тілдердің айырмашылығы көп. Орыс тілін білмейтін, қазақ тілін толық түсінбейтін студенттер оқуын аяқтай алмай, жол ортадан шығып қалады. Зейнетақы мәселесі де болашақта тиісті шешімін табуды қажет ететін күрделі мәселе қатарында қалып отыр. Бұған көп жағдайда құжаттардың сәйкеспейтінін де қосуға болады. Өйткені, тегі, әкесінің аты жазылмаған жеке куәлік пен төлқұжатты компьютер қабылдамайды. Мәселен, 78 жастағы 10 баланың анасының үлкені 50-ші жылдың алдында туған, ол кезде туу куәлігі болмаған, Қытайдан құжаттарды жинап келу мүмкін емес, бірақ бізде бұл қаперге алынбайды және жеңілдік жасалмайды. Кейуана қазір айына 7400 теңге зейнетақы алады екен.
Оралғандардың мұң-мұқтажына жауап беретін құзыретті органның өкілеттігін күшейту керек және оның ішінде өздерінің уәкілі болғаны жөн деп есептейді қандастарымыз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, ел Үкіметі жоғарыдағы мәселелерге назар аударып, шешілуіне нақты ықпал жасауы тиіс деп білеміз.
Құрманғали УӘЛИ, Мәжіліс депутаты.