10 Мамыр, 2014

Данагөй

1998 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
ДанагойXVII-XIX ғасырларда елінің тағдырын, болашағын ойлап, басқа түскен зұлматтан құтылу жолында халқына тірек, ақылшы басшы болған жаужүрек батырлар мен сөз бастайтын озық ойлы билердің институционалдық негізі қалыптасқан еді. Бір айта кетерлігі, батыр – елді бас­қыншылардан азат ету жолында қол бастау­шы болса, би – жұртты ұйымдастырушы болатын. Сол тұста қазақта «би» мен «шешен» деген атаулар қатар қолданылып, кейде бірін-бірі ауыстырып отырғаны кездейсоқ емес. Шешендік – қадірлі өнер. Сондықтан қазақ «Өнер алды – қызыл тіл» деп бекер айтпаған. Шешендік – қай заманда, қандай қоғамда болса да қауымға, көпшілікке үлкен әсер ететін, оның санасын, сезімін баурап, күш-жігерін тасытатын қуатты құрал болып, ешуақытта құдіреті мен қасиеті жойылмаған өнер. Сондықтан белгілі бір мәселені талқылау кезінде ауызекі сөзімен тыңдаушыларды аузына қаратып, өзіне тарта білетін терең ойлы, шебер тілді биді шешен дейді. Ал, нақты жағдайды талқылағанда би адамның тапқыр ойымен, шебер тілімен ауызша айтқан мазмұнды, орынды пікірін шешендік сөзге телиді. Сол кездегі осындай аты шыққан дүрлердің біріне Баянауыл өңірінің тумасы Найзабекұлы Үкібай би жатады. Асылы бұл кісі де би болумен қатар сөзге тапқыр, әрі шешен, алдында кім тұрса да бетің бар, жүзің бар демей ойын айтып салудан тартынбайтын от ауызды, орақ тілді ділмар адам болған екен. Үкібай би өмірінде адалдықтың ақ туын берік ұстап, жалғандықты мейлінше жек көріпті. Бұл бабамыз 1794 жылы қазіргі Павлодар облысына қарасты Баянауыл ауданындағы Сабындыкөл маңында дүниеге келіп, 1859 жылы осы өңірде қайтыс болған. Үкібай балдырған шағында атасы Өтеудің әңгімелерін тыңдап өскен. Есейе келе ауыл ақсақалдарының сөзінде айтылған мақал-мәтелдер мен қызықты жәйттерді зейін қойып тыңдауды машық етеді. Кейін ауылдағы молдадан сауатын ашып, Құран Кәрімдегі аяттарды көкейіне түйіп өседі. Үкібай ересек бала шаққа аяқ басқанда Сәти батырдың ұлы Күшіктің (белгілі Шорман бидің әкесі) үйіне жиі барып, сонда жиналған ақсақалдардан ел тіршілігіне байланысты әңгімелерді де тыңдап жүреді. Бірде ол Күшік мырзаның үйінде жүргенде сол үйге бір топ қонақ келе қалады. Сонда Күшік мырза Үкібайға: «Балам, мына қонақтарға қымыз әкеліп бер», дейді. Үкібай үлкен тостағанға құйылған қымызды алып үйдің табалдырығын аттай бергенде, жазатайым сүрініп кетіп, қымызды төгіп алады. Осыны көріп отырған қонақтардың біреуі: «Ой, мына баланың дені сау емес шығар!» деген болса керек. Мұны құлағы шалып қалған Үкібай дереу мүдірместен: «Үйінің жабығы ашық жатпаса, Қазаны тарсылдап тасып жатпаса, Қымызы асып төгіліп жатпаса, Ол Күшік атаның үйі болмаса – Сонда бұл үй кімнің үйі болады?», – деп шумақтатып бір қайырып, жаңағы кісіге тіке қарап: «Қымызды төгіп алғаным үшін маған бұра айтқан сөлекет сөзіңіздің айыбы жоқ. Айтпақшы, «жаңылмас жақ болмас, сүрінбес тұяқ болмас» деген емес пе», – дейді. Жалпы, Үкібайдың бізге жеткен тапқырлығы, шешендігі және билігі жөнінде деректер біршама. Бір жолы бозбала ол ауылдас екі жолдасымен Көкшетау жақтан келе жатып, кешқұрым бейтаныс ауылға жеткенде осында түнеп шықпақшы болып, алғашқы кезіккен жігіттен қай үйде ақсақал тұратынын сұрайды. Сонда жанындағы жігіттің бірі Үкібайға: «Ой, сен өзің қызықсың, әлгі жігіттен қай үйде әдемі қыз бар деп сұрамай, қайдағы бір шалды сұрағаның не?» – деп қалжыңдаған болады. Содан Үкібай екі жолдасымен ақсақалы бар үйге келіп, сәлем береді де, өздерін жолаушылап келе жатқан құдайы қонақпыз деп таныстырады. Жайғасып әңгіме-дүкен құрып отырғанда қария Үкібайға: «Балам, сөз саптауыңа қарағанда өзің бір текті атаның ұрпағы болуың керек. Саған бір сұрақ қояйын, соның жауабын айтсаң», – дейді. Сонда Үкібай: «Қойыңыз, сұраққа жауап бермеу адамның кемшілігі болар», – дейді. Сосын ақсақал қынабынан жүзі өткір кездігін суырып алып, дастарқанға қояды да: «Балам осы кездіктен не өткір?», – деп сұрайды. Сонда Үкібай ойланбастан: «Бұл кездіктен өткір – тек тіл ғана» – дейді. Сәл кідіріп қалған ақсақал Үкібайдың бетіне бажырая қарап отырып: «Балам, ақылыңа жігерің мен сөзің сай, уыздай жас екенсің. «Аттың ішінде де аты бар, бірақ сондағы қазанатын айт, жігіттің ішінде де жігіт бар, бі­рақ сондағы азаматын айт», деген бабалары­­­мыз. Алла өзіңе әр уақытта жар болып, ал­дың жарқын болсын», – деп ақ батасын беріпті. *   *   * 1831 жылы қаржас пен қанжығалы рулары арасында Ерейментау сілеміндегі қыраттар үшін болған таластан жанжал шығып, жеті қанжығалы адамы қаза болады. Осыған байланысты мәселені қараған Омбы қаласындағы Батыс Сібір генерал-губернаторының әкімшілігі екі жақты мәмілеге келтіре алмай, бітімшілік жасауды қазақтың билеріне тапсырады. Сонда осы мәселені қарауға қаржас жағынан Шорман мен Үкібай билер, айдабол руынан Шоң би, қанжығалы жағынан Абылай ханның немересі Нұрмағанбет және араағайынның міндетін атқарушы керей руының биі Көшеннің Тұрлыбегі бастарын қосады. Алдымен сөз алған Тұрлыбек би: «Жер әуелі Құдайдікі, содан кейін пайғамбардікі, содан кейін хандікі, содан кейін төренікі...», – деп сөзінің арғы жағын жалғастыруды Нұрмағанбетке икемдей бастағанда, Үкібай би қамшымен сырмақты осып жіберіп: «Хан мен төрелер кірме. Оларға жер қайда. Жер әуелі Құдайдікі, содан кейін қазақтікі», деп шорт кесіпті. Сонда Тұрлыбек би: «Пайғамбар ше?», – дейді. Бұл сұраққа Үкібай би: «Жаным мен иманым пайғамбардікі. Оған сол да жетеді», – дейді. Сол мезетте Шоң би даулы мәселе жөнінде бітім айтуға сөзді Үкібай биге береді. Сонда ол: «Бұдан былай қаржастар Өлеңті өзенінен әрі кетпесін, ал қанжығалылар – бері өтпесін!», – деп өз үкімін айтыпты. Осы кезде Шорман би ыршып түседі де: «Үке, бұл не дегеніңіз?! Ерейменді қанжығалыларға тегіс бере салғаныңыз. Ол жақта қаржастардың жеті қыстау жері бар емес пе?», – дейді. Сонда Үкібай би: «Онда қанжығалылардың жеті адамы жер астында жатыр ғой. Бір адамның құны 100 жылқы болғанда, олардың құны – 700-ақ жылқы. Ал, бір айғырдың үйірінде 12-15-тен бие болса, Ерейменнің қаржастарға тиесілі жеріне шамамен 700 үйір жылқы бағуға болатынын ескерген жөн», – деп Шорман биге тосқауыл қойыпты. Осыдан кейін Шоң би:«Үкібайдың бітімі – бітім!», – деп кеседі де: «Асылы, адам құнын малмен бағалау әбестік. Адам деген ардақты ат. Оған жетер құн жоқ», – деп түйін сөзін айтыпты. Міне, дау жоқ, айқай жоқ, мәселені бір ауыз сөзбен тындырған даналар дипломатиясы дегеніміз осындай болған. (Бұл дерек Қазақстан Республикасының Орталық мұрағатының 338-қорындағы 692-істің 708- бетінде жазылған). *   *   * 1852 жылы Қарқаралыда Құнанбай қажы (Абайдың әкесі) салғызған мешіттің ашылу рәсімі болады да, оған жер-жерден игі жақсылар шақырылады. Соған Баянауыл дуанынан Мұса Шорманов пен Үкібай би қатысады. Осы жиынға жиналған жұрттың алдында мешіттің есігін алдымен ашу құрметіне кім ие болуы керек деген мәселе тұрады. Сонда тобықты жағы: «Құнанбай әрі аға сұлтан, әрі өзі салдырған мешіті. Жол сол кісінікі ғой», – дейді. Ал, қаракесек жағы: «Ата қонысында бой көтерген Құдай үйі болғаннан кейін оның есігін алдымен ашып, жұртты намазға шақыру Алшынбай бидің жолы», – дейді. Осылайша екі ру адамдары тәркейге түскенде, Үкібай би топ алдына шығып: «Алланың қасиетті үйінің есігін алғаш ашатын адамның тұла бойында ешқандай кемістік болмауы керек», – деп сыңар көзді Құнанбай мен шашы жоқ Алшынбайды елең қылмай аят оқып, мешіттің есігін өзі ашыпты. *   *   * Баянауыл дуанының аға сұлтаны Мұса Шормановтың үйіне Омбыдан келген орыс шенеунігі: – Муса Чорманович, менің қоятын екі сұрағыма жауап бере алатын киргиз (қазақ – С.Ж.) ауылыңда бар ма? Сұрақтарды тек соған ғана қоямын», – дейді. Сонда Мұса мырза: – Бізде ондай адам бар, – деп Үкібай биге кісі жіберіп: «Мынау келіп жатқан мейман осылай дейді, бұған не дер екен, біліп кел», – дейді. Сонда би: «Құдай бергенін алмаса, иншалла қонақтың сұрақтарына жауап беруге дайынмын», – депті. Мұны естіген Мұса мырза қасына әлгі шенеунікті ертіп Үкібай бидің ауылына келеді. Сонда оның Үкібай биге қойған сұрақтары мыналар екен: «Құдай бар ма, әлде жоқ па? Ал, ол бар болса қайда?», Киргиздар құдай қаһар қылса, жер-жаһанды бір тарының қауызына сыйғызады дейді. Осыған илануға бола ма?». Бұған Үкібай би аз ойланып отырып, тоқалы Құлжа Ағымбетқызына бір шара сүт әкел дейді. Сүтті әкелген соң, Үкібай би мейманынан: – Мына сүтте май бар ма? – деп сұрайды. Орыс шенеунігі оған «бар» деп жауап береді. Сонда би: – Май бар болса, сол май сүттің бетінде ме, ортасында ма, болмаса астында ма? – деп орысқа қайырылады. Сонда жауап беруші: – Біле алмаймын, – дейді. Үкібай би: – Ендеше, бірінші сұрағыңыздың жауабы осы. Құдайдың бары анық, ал оның тұрағы осы сүттегі май сияқты. Бізге беймәлім, – депті. Екінші сұраққа келгенде, Үкібай би қонақты ауылдың жанындағы төбенің басына ертіп шығып, оған: –  Сен бір көзіңді қо­лыңмен басып, екінші көзіңмен мына Мұса мырзаның ауылына қарай қара, – дейді. Орыс шенеунігі: – Айтқаныңызды істедім, – дейді. Сонда би одан: – Бір көзбен көріп тұрған жерге қанша жылқы қамауға болады? – дегенде, ол көзін ашып жіберіп: – Бұл жерге сан мыңдаған жылқыны сыйғызуға болады, – дейді. Сонда Үкібай: – Өзіңіз айтқандай, сан мыңдаған жылқы бір көзіңіздің тарыдай ғана қарашығына сыйды емес пе? Міне, Құдай қаһар қылса, жер жаһанды бір тарының қауызына сый­ғызады деген осы, – дейді. Сонда амалы құрып, мысы басылған мейман: – Ой, Муса Чорманович! Ей-Богу, осындай да өте ақылды киргиз болатынын білмедім. Егер бұл орысша оқып, білім алған болса, кім болар еді? Удивительный человек, – деп Үкібай биге ризашылығын білдіріпті. Үкібай би жөнінде қазақтың аса ардақты ұлы Мәшһүр Жүсіп: «Өтеуден шыққан кеше би Үкібай, Кім бар қалған қазақтан енді сондай?! Қазақ аты өшкенше аты сөнбей, Артылтқан алапаттан патша құдай», – деп тағы бір өлеңінде: «Қазаққа аты шыққан би Үкібай, Дүниеге енді қайтып келмес деймін», – десе керек. Үкібай би көпшілік бас қосқан жиындарда тақпақтай сөйлеп ұлағатты өсиеттер айтады екен. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары бір азамат Омбы облысының мемлекеттік мұрағатынан Үкібай бидің 58 жолдан тұратын өсиетнамасын тауып алып, Баянауыл өңіріне белгілі шежіреші Өкпенің Кәрімтайы деген ақсақалға берген екен. Онда мынадай жолдар бар: «Екі достың арасын – Айырады оңбаған. Ақсақал болмас ауылға – Аузына дұға қонбаған. Жауға тастар жолдасын – Өзінің басын қорғаған. Жақсы жолдас сол болар – Шашпайтын сырын жинаған. Жаман жолдас сол болар – Орынсыз жерде қинаған, Баланың асыл туғаны – Ата-анасын сыйлаған». Енді Найзабекұлы Үкібай бабамыз туралы көп жасаған, көпті көрген көнекөз қариялардың айтқандарына сүйене отырып, әңгімемізге қорытынды жасасақ, ол өз заманында қара сөзге дес бермеген шешен, ұрпақтарына өнегелі өсиеттер қалдырған, бойынан ойы биік боп жаратылған, дегендей қазақтың аяулы перзенттерінің қатарына жатады десек, артық айтылған пікір болмас деймін. Алайда, осындай бабамыздың рухы алдында бүгінгі оның баянауылдықтар ұрпақтары қарыздар күйде келе жатқан сыңайлы. Өйткені, біріншіден, облыс орталығы Павлодар қаласы түгіл Баянауыл ауылында және осы ауданның елді мекендерінде Үкібай би атында не бір көше, мектеп, кітапхана, мешіт жоқ. Екіншіден, қазіргі Баянауыл перзенттерінің тікелей қатысуымен соңғы жылдары Баянауыл өңірі мен Павлодар облысына арналып жазылып, жарық көрген «Павлодарское Прииртышье. Энциклопедия» (2003 жылы шыққан), Жамбыл Артықбаевтың «Менің Отаным – Қазақстан» сериясымен «Баянауыл» (2009 ж.), Астанада 2011 жылы шыққан «Баянауыл», «Ертістің Павлодар өңірі. Энциклопедия» (2013 жылы Алматыда шыққан) деген көлемді кітаптарда Үкібай би туралы ешкім ләм-мим деп ауыз ашпаған. Биыл Үкібай бидің туғанына 220 жыл болуына орай, оның есімін мәңгілік ел есінде сақтау үшін Қызылағаштағы өз қыстауын «Үкібай би ауылы» деп атап, белгі қойса және Құндыкөл ауылындағы мешітке бұрынғы «Үкібай би мешіті» деген атауын қайтарып берсе, екі игілікті іс болар еді. Барып байқағаным, Үкібай бидің бейіті Көкдомбақ ауылының күншығыс жағындағы төбенің үстінде екен. Кезінде Үкібай бидің мәңгілік жатқан жеріне саманнан сегіз қырлы күмбезді там салыныпты. Уақыт өте ол там тегіс құлап қалған. Кейін оның сыртынан әр қыры 4 метр, биіктігі 0,5 метр сегіз қырлы іргетас қалап, оның үстіне биіктігі 1,3 метр сегіз қырлы темірден шарбақ орнатылған. Ендеше, осы жерге алғашқы қалпын сақ­тап жаңадан ескерткіш-тас салу үшін, әрине көп қаражат керек. Сондықтан Баянауыл ауылында «Үкібай би қоғамдық қоры» құрылып, аудандық банкте оның есеп-шоты ашылуы қажет. Сосын «Үкібай би күмбезі» деп аталатын жаңа ескерткіш-тамды салып шығу үшін көпшілік болып ат салысса құба-құп болар еді. Кейінгі ұрпаққа Үкібай би сияқты айтулы бабамызға арнап әдемі ескерткіш белгі салып қалдыру – қазіргі білікті азаматтарымыздың борышы деп іске кірісейік! Серік Жақсыбаев, Екібастұз қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.