Бұл, әрине, жұртшылық арасында алаңдаушылық туғызып отырғаны даусыз. Баршаны «Жанармай тапшылығы болмай ма?» деген бір сауал мазалайды. Зауыттың бас директоры Мұрат Досмұратовтың пікірінше, мұнда мұнайды қайта өңдеудің екі ағынды тізбегі бар. Бұл нысандардың кезекпен тоқтатылып, іске қосылуына ықпал етеді. Энергетика министрлігі бекіткен кестеге сәйкес жөндеу жүргізу кезінде зауыттың 50-70% қуаты жұмысын жалғастыра береді. Бұл кезде зауыт жұмысы толығымен тоқтатылмайды.
Жоспарлы алдын ала жөндеу жұмыстары не үшін қолға алынады? Қандай мақсат көзделеді? Бас директордың түсіндіруінше, біріншіден, қондырғылардың жобалық көрсеткіштеріне қол жеткізу, екіншіден, экологиялық параметрлерді жақсарту, үшіншіден, автоматтандыру құралдарын ретке келтіру үшін технологиялық, компрессорлық және динамикалық жабдықты қауіпсіз әрі сенімді пайдалануды қамтамасыз ету өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес атқарылады. Жөндеу кезінде катализаторларды ауыстыру, ішкі инспекция, реакторлық, ыдыстық, колонналық, жылу алмасу жабдығы мен құбыр жолдарын тексеру және куәландыру жүргізіледі. Технологиялық нысандар кезең-кезеңімен жөнделіп, зауытты тұрақты жұмыс режіміне көшіру қарашаның бірінші онкүндігіне дейін жүзеге асырылады.
Энергетика министрлігі бекіткен өндірістік бағдарламаны орындауға байланысты отандық нарықта жанар-жағармай тапшылығын болдырмау үшін Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеу жүргізу басталғанға дейін қажетті резерв дайындайды. Сол себептен, қыркүйек айына әлеуметтік маңызы бар мұнай өнімдерінің қорын жасақтау көзделіп отыр. Оның ішінде 75 мың тонна автокөлік жанармайы, 115 мың тонна дизель отыны, 6 мың тонна реактивті отын, 5 мың тонна сұйытылған газ бар.
Ал кеше Энергетика министрлігінің мемлекеттік реттеу белгіленген бөлшек саудада өткізілетін мұнай өнімдеріне шекті бағаларды белгілеу туралы бұйрығы күшіне енді. Бұйрыққа сәйкес мынадай маркалы бензиннің бағасы бұрынғы деңгейде қалатын болды. Мәселен, АИ-80 жанармайының бағасы – 89 теңге. Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарында АИ-92 және АИ-93 маркалы бензинінің литрі – 187 теңге, Қазақстанның басқа облыстарында литріне 182 теңгені, дизель отынының литрі 450 теңгені құрайды.
– Бұйрықпен елімізде берілген жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде дизель отынының лимиті өңіріне қарай күніне 100 литр көлемде бір литріне 230-260 теңге бағамен белгіленген. Ал Қазақстан Республикасында көлік құралдарын тіркеу туралы куәлікті көрсеткен кезде жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустар үшін бекітілген лимит 300 литр үшін тәулігіне өңіріне қарай литріне 230-260 теңге бағамен сатылады. Қалған санаттағы адамдарға, сондай-ақ көрсетілген лимиттерден жоғары дизель отыны литріне 450 теңгеден босатылатын болады, – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ Энергетика министрлігі мүдделі тараптармен бірлесіп, автожанармай құю стансаларында (АЖҚС) сатылатын дизель отынының тәуліктік көлемін одан әрі қадағалау үшін ақпараттық жүйені анықтауға байланысты мәселелерді пысықтауды қолға алды. Жақын арада АЖҚС өкілдерімен бірлесіп жүйелерді тестілеу өткізіледі. Қазір 2019 жылы өнеркәсіптік пайдалануға енгізілген «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін есепке алудың ақпараттық жүйесі» ықтимал нұсқалардың бірі ретінде қарастырылып отыр. Еліміздегі АЖҚС нақты уақыт режімінде мұнай өнімдерінің қалдықтары бойынша деректерді көрсетілген ақпараттық жүйеге береді.
Дегенмен, біздің көрші елдердің нарығына қарағанда, дизель бағасының сәл арзан екені байқалып отыр. Мәселен, Argus Каспий нарығы сервисінің дерегіне сүйенсек, биылғы тамызға дейін дизель отынының 1 литрі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Ресей Федерациясында – 446, Қырғызстанда – 412, ал Беларусь Республикасында 446 теңгені құраған. Ал Армения Республикасында 1 литр дизель бағасы – 758 теңге.
Атырау облысы