10 Мамыр, 2014

Ардагерлерімізді ардақтап, қарттарымызды құрметтеген халықпыз

1196 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің  69 жылдығына орай «Отан корғаушы» монументіне гүл қою рәсіміне қатысты. 09-05-01. Елордада өткен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 69 жылдығына арналған мерекелік гүл қою рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді Ұлы Жеңіс күні – тек соғыс арда­гер­лерінің ғана емес, бар­ша қазақстан­дық­тардың ай­рықша мерекесі. Бұл – сұрапыл соғыста жанқияр­лық­пен ерлік жасаған, елі үшін жанын құрбан еткен бабалар рухына тағзым етудің, қиян-кескі ұрыстан аман келген ата-әже­лерді құрметтеудің нағыз үлгісі көрсетілетін күн. Биыл да Жеңіс күні еліміздің түк­пір-түкпірінде ерекше аталып өтуде. 09-05-03.Ал ел жүрегі Астанада мереке Мәңгі алау жанынан бастау алды. Алаңға ха­лық таңсәріден көптеп жиналды. Кеу­делері жарқыраған орден-медальға толы ардагерлерге биыл да жылдағы дәстүр бойынша сый-құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары ұсынылып жатты. Мәңгілік алау жанында сап түзеген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметінің құрметті қарауылы, «Жас Ұлан» республикалық мектебінің оқу­шылары да мерекені айшықтай түсті. Көп ұзамай, алаңға Елбасы да келді. Пре­зидент Мәңгілік алауға Мемлекеттік күзет қызметінің үрлемелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Атақ гирляндасын қойды. Бұдан кейін алаңға жиналған көпшілік соғыста қаза тапқан азаматтарды еске алды. Бір минут үнсіздіктен кейін еліміздің Әнұраны шырқалды. Бұдан соң Мемлекет басшысы ар­да­герлеріміз бен барша қазақ­стан­дықты Жеңіс күнімен құттықтады. «Құрметті, Ұлы Отан соғысының ар­дагерлері, сіздерді бүгінгі Жеңіс күні мерекесімен шын жүректен құттық­таймын. Жеңіс күні Ұлы мереке! Біздің әке­леріміз бен аталарымыз Отан үшін қасық қаны қалғанша шайқасты. Өткен соғыста 2 миллионға жуық қазақстандық майданға аттанып, жартысы майдан да­ласынан оралмады. Бұдан басқа 700 мың, яғни шамамен миллионға жуық адам тылда еңбектенді. Біздің мыс, біздің қорғасын – бәрі де жауды жеңу үшін жұмсалды. Миллиондаған адам бәрін де майдан үшін, жеңіс үшін беріп, бел шешпей еңбек етті. Қазір біз аталарымыз бен әкелеріміздің арқа­сында бейбіт аспан астында өмір сүрудеміз, қуатты мемлекет құрып, бо­ла­шаққа сеніммен қарап отырмыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Президент ардагерлердің тек жау­ын­герлік ерлігімен ғана емес, өмірлік өнегесімен де қымбат екенін атап өтті. Мем­лекет басшысы достық, ерлік және бауырластық тәрізді ұлағатты ұғым­дармен байланысты Жеңіс күнін әрдайым есте сақтауға шақырды. «Мінекей, әлі күнге дейін қарттар өздерінің тәжірибесін жастарға үйретіп, оларды патриоттық рухта тәрбиелеп келеді. Ұлтшылдық пен фашизмнің не екенін біздің аталарымыз, ағаларымыз жақсы біледі, соған қарап жастарымыз бірлікке, Отанды қорғауға үйренсе екен дейміз. Қазір Қазақстанды дамытып, қуанышты өмір сүрудеміз, болашаққа нық сеніммен қараймыз. Осының бәрі аталарымыздың еңбегі, солардың батылдығының арқасы. Сондықтан сіздер, яғни кейінгі ұрпақ бірліктің, батырлықтың, бауырластықтың қадірін білулерің керек. Кешегі өткен әскери шеруде Қарулы Күштеріміздің мүмкіндігін көрсеттік. Оны көрген ардагерлер Отан қорғайтын азаматтардың бар екеніне қуанып жатты», деді Елбасы. Мемлекет басшысы, сондай-ақ, қазақтың ардагерлерді ардақтайтын, қарттарымызды қадірлейтін халық екенін атап өтіп, майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне мемлекеттің қажетті жағдайды жасап, әлеуметтік қолдау көрсетіп отырғанына да назар аударды. «Мемлекет ардагерлерге қолдан келгенше барлық жағдайды жасауда. Мәселен, зейнетақы көлемі артып келеді, ал жергілікті бюджет есебінен арнайы сыйақылар қарастырылуда. Майдангерлер қатары жыл өткен са­йын сиреп барады. Сондықтан бәріміз ардагерлерімізді ардақтап, қадірлеп, құрметтеп, олардан батырлықты, ерлікті үйренейік. Келер жылы олармен Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтуге жазсын. Барша ардагердің отбасында амандық, жақсылық болсын. Аспанымыз ашық, барлық тілегіміз орындалып, Қазақстанымыз гүлдене берсін», – деп түйіндеді өз сөзін Президент. 09-05-04. 09-05-05. Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін Президент Жеңіс күніне орай арнайы тігілген шатырлар қалашығына барып, әскери ботқадан дәм татты, мерекелік асқа шақырылған ардагерлермен әңгімелесті. Бұл кезде шатыр маңына жиналған әншілер көпке таныс әскери әндерді шырқап, көп­шілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады. Еске салайық, қазіргі уақытта Аста­нада 258 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрып жатса, олардың 64-і Ұлы Отан соғысының мүгедегі болып табылады. Ар­дагерлердің 218-і ер, 40-ы әйел адам. Олар­дың бәріне жергілікті бюджет есебі­нен 150 мың теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік қолдау көрсетілді. Ұлы Отан соғысының ардагерлері толық­тай тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Оларға 2009-2013 жылдары 218 пәтер берілді. Тарқатып айтар болсақ, 2009 жылы – 115, 2010 жылы – 56, 2011 жылы – 22, 2012 жылы – 6, 2013 жылы 19 ардагер баспаналы болды. Астана қаласында Ұлы Отан соғы­сының ардагерлеріне бірқатар әлеу­мет­тік қолдау шаралары қарастырылған. Ай сайын тұрғын үйдің ауданына бай­ланысты коммуналдық және басқа да қызметтерге төлеу үшін әлеумет­тік көмек ұсынылады. Бұдан басқа, Аста­нада Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерге бірқатар тегін қызмет­тер көрсетіледі, айталық, қалалық жолау­шылар көлігінде тегін жүру, тіс про­тез­деу, санаторийлерде емделу, дәрі-дәрмектермен қамту қарастырылған. Әрине, мұның бәрі сұрапыл соғыста дұшпанының сағын сындырған майдангерлер алдындағы перзенттік парызымызды өтеудің аз ғана бөлігі. Себебі, от пен оқтың ортасында жүріп, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қазыналы қарттарымыз қандай құрмет-қошеметке де лайық. Динара БІТІКОВА, Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».

Лебіздер легі

DSC_2487Нұрғазы АҚТАЕВ, соғыс ардагері: – Бүгінгі мерекелік шараға қатысып, көңілімді шаттық кернеп отыр. Елдің амандығынан, бейбіт өмірден артық қандай бақыт бар. Жыл сайын Жеңіс күнін ерекше атап өтеміз. Осыдан 69 жыл бұрын «Жеңіс» деген сөзді естіп бір қуансақ, қазір біз сол Жеңістің қадірін жыл сайын сезіне түсудеміз. Мемлекет біздерге өте жақсы көңіл бөлуде. Зейнетақымызды уақытында аламыз. Барлық әлеуметтік жағдайлар жасалған. Әрдайым еліміздің тыныштығын тілеймін. Енді соғыс болмаса екен! Мен соғысқа 17 жасымда аттандым. Оқ пен оттың арасында жүріп, Отанымызды қорғадық. Алғаш рет Сталинград майданына қатыстым. Сталинградтағы трактор зауытын немістер басып алған екен, соны жаудан азат еттік. Аласапыран соғыстан аман оралып, қазіргі Тәуелсіз елімнің бейбіт күнін көріп отырғаныма Аллаға мың да бір шүкіршілік етемін. Аман болайық, Отанымыз тыныш болсын! DSC_2322Халия АМАНДОСОВА, тыл ардагері: – Мен әкелерімді, ағаларымды соғысқа аттандырып, оларға тылда жүріп, ас-су әзірлеп отырған жандардың қатарында болдым. Соғыс басталғанда небәрі 8 жасар ғана бала едім. Өзімнің 1 кластық қана білімім бар. Соғыс жылдары ауық-ауық пойызбен 10-15 адамнан келіп тоқтайтын, соларға тамақ әзірлеп беріп, жағдайларын жасауға тырыстық. Егінде жүріп, 6-7 айлық шамасындағы 10 шақты баланы баққан да кезім болды. Бұл – өте қиын жылдар еді. Бірақ, бала болсақ та сол қиындықтарды, ауыртпалықтарды еңсере білдік. Бастан өткерген қиындықтарымды қайта көз алдыма елес­теткенде, жүрегім қан жылайды. Өйткені, бізде балалық шақ болған жоқ. Сондықтан, мен әр баланың өз балалық шағының болғанын, немере-шөберелеріміздің біз секілді ешқандай соғысты көрмегенін қалаймын. Үнемі жастарымыздың тілеуін тілеп отырамын. Елімізде әрқашан тыныштық, бейбітшілік болсын. Ардагерлерге денсаулық, отбасыларына амандық тілеймін. DSC_2316Диқан ЖҮНІСБЕКҰЛЫ, тыл ардагері: – Соғыс жылдары Целиноград ауданындағы ұжымшарда жұмыс істедім. Осылайша, тылда еңбек етіп, қиянкескі ұрыстың ортасында жүрген ержүрек жандарға қолдау көрсеттім. Менің сұрапыл соғыс жылдары көппен бірге сіңірген еңбегім далаға кеткен жоқ, бағаланды. Жеңістің 55 жылдығында соғыс ардагеріне теңестірілдім. Бүгінде жасым 86-да. Құдайға шүкір, 6 балам, 10 немерем, 12 шөберем бар. Осы ұрпағымның ортасында, міне, бейбіт күнді көріп, тәуелсіз Қазақстанның қол жеткізген жетістігіне куә болып отырмын. Бүгінде мемлекетіміз қазыналы қарттарға барынша қолдау танытып, құрмет көрсетіп келеді. Бұл ретте, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтамын. Кейінгі ұрпақ бақытты ғұмыр кешсін, соғысты көрмесін. Әрдайым, егемен еліміздің тұғыры берік, еңсесі биік болсын. Ешқашан жамандық болмасын. Қазақстанымыз әрі қарай да көркейіп, өркендей берсін. DSC_2319Тезис САҒИМОЛДИНА, тыл ардагері: – Осындай мерекеге жыл са­йын қатысамын. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Мен өзім соғысқа қатыспасам да, бар болғаны алты жасымда әкемді соғысқа аттандырып, тылда еңбекте болған шешеме қолғабыс жасадым. Сол қиын кезеңдер бізді ерте есейтті. Ол кез бала-шаға деп қарап жатпайтын. Әрбір адам қолдан келгенше соғыстағы солдаттарға көмек қолын созуға тырысты. Ал 1945 жылы 9 мамырда «Жеңіс» деген сөзді естіп, біз бақытқа бөлендік. Содан бері бұл күн біз үшін ерекше қастерлі. Менің әкем соғыстан жаралы болып оралған еді, денсаулығы сыр беріп, ертерек қайтыс болып кетті. Қаншама туыстарымыз сол соғыстан оралмай қалды. Анам да соғыстың ауыр кезеңдерінде жағдайы болмай, сырқатқа шалдығып, өмірден ерте озды. Міне, соғыстың кермек дәмін біздер осылай таттық. Қазір бейбіт өмірдің қадірін білеміз. Лайым, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!