Каналдың екі жағасын жағалай отырған тұрғындар бұған дейін тозығы жеткен ескі көпірден өтіп, мектепке баратын балаларының жағдайына алаңдап келген еді. Көпірден отыздан аса отбасының 60-қа жуық баласы мектепке барып-қайтады. Бүгінде жаңадан салынған көпір ата-аналардың уайымын сейілтіп, тұрғындарға қуаныш сыйлады. Ауылдастары өнегелі істерімен елге сыйлы болған Әжекбар қарияға алғысын айтуда. Ұзақ жылдар бойы механизатор болып еңбек еткен Әжекбар Қорғанбеков бүгінде 84 жасқа толып отыр. Бейнетінің зейнетін көрген ақсақал көпірді салу мәселелесі көтерілгенде қарап отыра алмағанын, туған елге азаматтық парызын осындай өнегелі істерімен өтеуді жөн санағанын айтады. «Халық көпірдің игілігін көрсін, еліміз өркендеп, ауылдарымыз көркейе берсін. Оған қариялар қолымыздан келгенінше, денсаулығымыз жарағанша үлес қосуымыз, үлгі көрсету, ақыл-кеңесімізді айтып отыруымыз қажет», дейді Әжекбар ата.
Түркістан облысы