Секен шығармашылығы жеке орындаушылықтан асып, әуелі 1990 жылдардан бастап өзі қолға алған «Секеннің саз отауынан» «Ақ жауын» ансамбліне ұласты. Мұның бәрі оп-оңай қаз-қалпында көктен өзі түсе қалған жоқ. Бұл – талмай еңбек етудің, ұзақ жылғы ізденістің, қабілетті жастарды жан-жағына жинап, ерінбей үйретудің нәтижесінде жүзеге асқан абыройлы іс.
«Құрманғазы», «Отырар сазы» сияқты академиялық оркестрлерден кейін «Ақ жауын» мемлекеттік камералық (шағын) оркестрінің негізі қаланды.
«Ақ жауын» оркестрі алғаш құрылған кезден бастап, он төрт облысты аралап, Қытай, Жапония, Франция, Германия, Моңғолия, Қытайдағы ішкі Моңғолия және жақын шетелдерге концерт қойған Секен Тұрысбектің Токио мен Үрімшіге барған сапары бүгінгі күні аңызға айналған. Әр күйді ойнар алдында шығу тарихын айтып отыратын Секен «Көңіл толқынына» келгенде сәл бөгеліп, дағдарып қалғанда, сол тұстағы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, топ жетекшісі Жұматай Әлиұлы дереу микрофонды жұлып алып, «Семей-Невада» – «Хиросимо-Нагасаки» деп хабарлап жіберіпті. Ешқандай аудармасыз жеткізілген осы сөзден кейін «Көңіл толқынына» тебіренген жапондар жылап отырып, күйді екінші рет орындатқан екен. Бұл – көкірегінің көзі, құлағының саңылауы бар адамға аударманы қажет етпейтін күйдің ғажайып құдіреті. Қазаққа ғана тән күй өнерінің Жапония астанасында рухы аспандап, мәртебесі көтерілген қайталанбас осындай сәттер ұлт үшін мақтаныш емес пе?!
Ал Үрімшіге барғанда қытайлардың өзі «Сакң, Сакң» деп айғайлап, орындарынан тұрып қошемет көрсеткені сонша, әрбір күйді қайталап ойнауға тура келіпті. Мұны сол өлкедегі қандас бауырларымыз әлі күнге жыр қылып айтады. Сол тұста Бейжің газеттерінде «Орындықта отырып жотасымен дирижерлік жасаған, қимылы мен ымды үндестіріп, оркестрдің реңкін келтірген мұндай музыкантты бұрын-соңды көрмеппіз», деп жазылды.
Нұрғиса Тілендиев «Секен тыңға түрен салған дарын» десе, «Секен асу» деген күй жазған Асқар Сүлейменов «Ұлылыққа дауа жоқ, сол дарыған Секенге» деген қолтаңба қалдырған. «Секен асуды» жеке орындауда Жанғали Жүзбаев, оркестрде «Ақжауын» орындайды. 1989 жылы Жұматай Жақыпбаевтың «Сенің «Көңіл толқыны» атты алақандай күйтабағыңды тыңдау үшін сандықтай проигрыватель (пластинка ойнатқыш) сатып алдым» дегенінен Секен талантына тәңірдей табынуды аңғарамыз. Ал Секен сияқты күй жазуға ұмтылған жастар қаншама? Бірақ бәрібір Секен – Дарабоз, Секен – тарлан, Секен – дүлдүл, Секен – шедевр.
Секен шығармаларының тақырыбы сан қырлы әрі оның бітім мәнеріне эпикалық суреттеу тән. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне арналған «Боздақ» деген күйі туралы 1994 жылы шыққан «Көңіл толқыны» жинағында: «Сол күндері менің көз алдымда бұл ғана емес, үнемі құрбандықтан тұратын бүкіл қазақ тарихы, адамның қанымен салық төлеп өзіне тіршілік-тыныс алып отырған кезең оқиғалары, әр заманда ел үшін, жер үшін шейіт болған қазақтың қисапсыз ұл-қыздары елестеді», дейді автор. Бірақ бұған негізгі түрткі 1986 жылғы көзімен көрген, өзі де бел ортасында жүрген «Желтоқсандағы қанды қырғын». Бұл жерде «Боздақ» сөзінің астарында ел мен жер үшін қасық қанын қиып, құрбандық болу, «шейіт кету» деген мағына тұр. «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш» деп жар салған Алаш алыптарының халықтық сипат алған «Алаш баласы – Қазақ баласы» деген ел бостандығы жолындағы Алашорда қозғалысына бүгінгі тәуелсіз ел ұрпақтарының бәрі де қарыздар.
Міне, Секен күйіндегі айтылатын ой да, ұлттық ояну да осы кезеңмен үндес. Шығарманың танымдық, тәрбиелік мәні де, эстетикалық әсері де, сыршылдық сипаты да осында жатыр.
«Аруана» күйінде де сары даланы желмаясымен қақ тіліп, белден бел, қырдан қыр асып, бірі ботасын аңсаған, бірі «тірі шейітке» айналған мәңгүрт ұлын іздеген шерлі көкіректегі зар тұнып тұр. Бұл өткен күннің елесі емес, мұнда халық тағдырының нақты сорабы бар. Мұның астарында желмаясымен Асанқайғының Жерұйықты іздегені сияқты келмеске кеткен көшпенділер өмірі мен ел болашағы бой көрсетеді. Ал «Ақжүністе» батырлар жырындағы жар сүю мотиві сақталған.
«Төлегетай» күйі – ата-баба рухына тағзым. «Көк бөрі» күйі – бөрілі байрақ көтеріп, көк бөрі киесімен күн кешкен қадым заманнан бергі ержүректіктің символы. Бұл күй халық арасына «Одинокий волк» деген атпен тараған. «Бесік күйі» (Балауса) балалық шақпен қоштасу іспетті.
Секен күйлерінің біршамасы арнау жанрының даму фазасын көрсетеді. Мәселен, «Күлтегін» күйінде «Елім бар халық едім, елім қайда? Қағаны бар халық едім, қағаным қайда?» деген сөз тіріліп, ата-баба еншісі, белгісі, ырысы, қасиеті, білігі, таңбасы, киесі, рухы, мақтанышы, арысы тарих қойнауынан сыр шертіп тұрғандай әсер етеді. Мұнда тарихын тасқа қашаған көне заманның қасиетті мұрасы Күлтегін ескерткішінің Қазақстанға көшірілуіне орай күйші эмоциясын білдіретін асқақ пафос бар.
Түптеп келгенде Секен – Тәттімбет мектебін жалғастырушы ғана емес, ХХІ ғасырдағы қазақ музыкасына, дәлірек айтқанда күй жанрына түрен салған бірегей тұлға. Оның күйлерінде халықтық өнердің сілемі сақталғанымен, ол шертпе күй мен төкпе күйдің арасын жымдастыра отырып, шертпе күй де болмаған үлкен сағаны қосты. Бұл – күй әлеміндегі ұлы жаңалық. Секен күйлері ешкімге ұқсамайтын өзіндік қағыс ерекшеліктерімен, оң қол басбармақтың беретін дыбыс бояуларымен, заманауи үн ұйқасымен, әр ғасырдың, әр заманның өзіне тән саз иірімдерімен айшықталады. Сондықтан да ол елдің «қымбаттыларының ішіндегі ең қымбаттысына» айналды. Міне, сол себепті «Ақ жауын» оркестрі жаһандық құбылыстардың шаңына көміліп қалмай, ұлттық өнердегі ортақ тенденцияларды рухани өркендету үшін ауадай қажет.
«Ақ жауын» оркестрі қазақтың атақты күйші-композиторларының шығармаларын да шебер орындауымен ерекшеленеді. Мысалы, Құрманғазы, Дина, Тәттімбеттен бастап, Нұрғиса, Төлеген, Кенжебек, Мағауия, Мәлгеждар сияқты өнер тарландарының шығармаларын тыңдаудың өзі бір ғанибет.
Төкпе күйдің алыбы Құрманғазы атамыз кейінгі жастар күйімнің ширыққан, шамырқанған тұстарын ала алар ма екен деп уайымдаған екен. Қазіргі небір қосымша аспаптар арқылы «Құрманғазы» оркестрінің орындауындағы күйлерін көргенде, өнер дүлдүлі қандай қуанар еді деген ой келеді. Төлеген Момбеков те сол сияқты. Оның «Салтанатындағы» нәзік иірімдерді Секеннен басқа ешкім жеткізе алмайтындығын кәрі тарлан алдын-ала сезіп, Секенге өтініш еткен екен-ау!..
Секен әндерінің өзі бір төбе. Айталық, «Отаным – Қазақстаным», «Асыл ана», «Ерке құсым», «Қоңыр жел», «Шағала», «Тарбағатай», «Өсиет», «Бауырым, сонау күн қайда», «Аяулы арман, дүние», «Айхай, заман», «Қос жұлдызым» (бұл әндердің өлеңін жазған Н.Айтұлы), «Аққу сазы», «Қарлығашым», «Қоңырқаз» (әні де, өлеңі де өзінікі), «Көктемім менің көктемім» (өлеңі Иран-Ғайыптікі) әндері мен «Мен бір жұмбақ адаммын» (Абай) романсы, «Аяқталады бәрі де» (өлеңі Ұ.Есдәулеттікі), «Жанымнан тәтті өмір» (өлеңі Б.Беделхандікі) сияқты толғаулары жұртшылыққа кеңінен таныс. Секен әндерінде де өзіне тән стиль бар, қай әнін алсаңыз да, өлең мен әннің үндестігі әдемі қабысып отырады.
2008 жылы жазушы-ғалым Ақселеу Сейдімбек Қорқыт заманынан бері келе жатқан күй тарландарын санамалай отырып, «ХІХ ғасырда – Құрманғазы, ХХ ғасырда – Нұрғиса, ХХІ ғасырда – Секен» дей келе: «Рас, ұлы дәстүрдің үзіліп қалмауын тәңірден тәуап етіп тілейтініміз де жасырын емес. Күйдің шежіре көкірек тілін жорып-түсіне алмайтын, қасаң нотаның ізінен жаңылмауды ғана мұрат тұтатын пенде-дирижер пультіне шыққанын жүрек шіркін қаламайды-ақ! Әзірше ұлы дәстүрдің жығасын (дулығаның төбесіне қадап қоятын зат. – Р.З.) қисайтпай, туын төмендетпей келе жатқан бірден-бір өнерпазымыз Секен Тұрысбек екеніне, ол жетекшілік ететін «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрі екеніне шүкіршілік етеміз» – деп жазған екен. Бұдан күй жанрын арнайы зерттеген қарымды қаламгердің ыстық ықыласы мен шын пейілін анық аңғарамыз.
Ұлттық музыка арнасында Секен салған алтын сарай уақыт жылжыған сайын биіктеп, жарқырай түсетіндігінде шәк жоқ.
Руда ЗАЙКЕНОВА,
Қазақ ұлттық қыздар педагогика университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы