Қазақстан • 24 Тамыз, 2022

Елеусіз қалмаған батылдық

256 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордалық 5573 әскери бөлімде Есіл өзеніне батып бара жатқан елорда тұрғынын құтқарған Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне құрмет көрсетілді.

Елеусіз қалмаған батылдық

Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының бұйрығымен кіші сержант Айбат Есіркеп пен қатардағы жауынгер Оралбек Жиенбай «Қазақстан Республикасының құқықтық тәртіп әскеріне – 30 жыл» медалімен марапатталды. Сондай-ақ қатардағы жа­уынгерлер Нұрбол Тілеубек пен Ерболат Қанатбекке астаналық жедел құрама командирінің грамотасы табыс етілді.

Жауынгерлерге марапатты салтанатты түрде Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы­ның тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, Халық қаһарманы, полковник Қайрат Үмбетов табыс етті. Бас тәрбиеші сарбаздарға батыл іс-әрекеттері үшін алғыс білдіріп, ағалық ақ тілегін жеткізді.

– Бүгінде Ұлттық ұланның жеке құ­рамы өздеріне жүктелген жауынгерлік міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Біз­дің сарбаздарымыздың бұл әрекеті ұлан­дықтардың антқа адал екенін және азамат­тардың құқықтары мен қауіп­сіз­дігін қорғауға айтарлықтай үлес қосаты­нын тағы да дәлелдеді. Сол күні олар жан­қиярлық танытып, өз өмірлерін қатерге тігіп, батылдықтың жарқын үлгісін көр­сет­ті. Олардың үйлесімді әрекеттерінің арқа­сында адам өмірі аман қалды. Барлық жас жауын­герге қызметте табыс, бар­лық бас­та­маларына сәттілік, лайықты қызмет және үйлеріне аман-есен оралуын тілеймін, – деді полковник Қ.Үмбетов.

Естеріңізге сала кетейік, оқиға 9 тамызда болған еді. 5573 әскери бөлімінің әскери жасағы патрульдеу барысында ер адам­ның Есіл өзенінің жағалауы жағы­нан көмек сұрап айқайлағанын естіп қала­ды. Ұландықтар жедел әрі батыл әрекет­терімен суға батып бара жатқан азаматты судан шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен.