Ресейлік «Югра» іздестірушілер отрядының мүшелері 2006 жылғы тамыз айында Ржев ауданының Дорогино деревнясының маңынан соғыс кезінде қаза болған жауынгердің сүйегін тауып алады. Оның медальонында «Тулешов Ибрай (медальон) 1911 г.р., красноармеец, призван Молотовским РВК Казахской ССР. Адрес семьи: Казахская ССР, Акмолинская область Молотовский район п. Куру...» деген жазулар болған. Мәйіт көп кешікпей Ржев қаласында салтанатты жағдайда жерленген. Міне, содан бергі уақыт ішінде Тулешов Ибрайдың кім екендігі анықталмай келеді.
Іздестірушілер тапқан деректерге қарағанда Ибрай Тулешов Ақмола облысы, Дзержинск ауданында туған, соғысқа Молотов әскери комиссариаты арқылы шақырылған. Егер құжаттарға сүйенсек, И.Тулешов 1942 жылдың қараша айында қаза тапқан. Оның Семега Тулешова есімді әйелі болған. Бұл жерде Семега деген оның нақты есімі болмауы әбден-ақ мүмкін. Құжат толтыру барысында қате кету мүмкіндігін де ескеру керек. Әйелінің тұрғылықты жері «Дзержинск ауданы, Торғай селолық советі, Қазақ КСР-інің 20 жылдығы атындағы колхоз екендігі де жазылған. Демек, И.Тулешовтің өзі де осы колхоздың мүшесі болған деуге толық негіз бар. Әрине, бұл жерде елді мекендер мен колхоз, аудан атаулары соғысқа дейінгі немесе соғыс тұсындағы атаулар екендігі белгілі. Содан бері жер-су атаулары қаншама өзгерістерге түсті десеңізші! Бұл, әрине, өз кезегінде іздестіру жұмыстарын қиындата түсетіні анық. Тіпті, ресейлік іздестірушілер аудан аты Дзержинск емес, Зерендинск екендігіне де күмәнсіз. Өйткені, олар Абилов Салим есімді жауынгердің құжаттарындағы Ақмола облысы Зеренді ауданы, Торғай сельсоветі, Қазақ КСР-інің 20 жылдығы атындағы колхоз» деген жазбаларға қарап, «Зерендинск» дегеннің Дзержинск» болып жазылып кетуін де жоққа шығармайды. Іздестірушілер ізіне қаншама түссе де таба алмай, анықтай алмай жүрген елді мекен атауы «КУРУ» деп басталатын поселке .
Іздестірушілерді тығырыққа тіреген тағы бір жауап, бұл олардың Зеренді аудандық архивінің олардың сауалына орай қайтарған жауабы болып тұр. Бұл жауапта «Тулешев Ибрай, 1911 года рождения призванный Зерендинским РВК остался жив и умер в 1980 году» деп жазылған. Бұл екеуі бір адам ба, жоқ әлде екеуі екі адам ба? Туған жылдары мен әскерге шақырылған комиссариаттарының бір екендігі ойландырмай қоймайды. Қазақтарда кісі аттарының қайталанып, сәйкес келе беруі өте сирек кездесетіні белгілі. Сондықтан, егер Зеренді мұрағаты өз жауабында «соғыстан оралып, бертінде қайтыс болған Тулешев Ибрайдың соғысқа дейін қайда тұрғанын, әйелінің есімі кім болғанын анығырақ жазғанда біршама түсініктірек бола түсер еді. Бір қызығы, Сандықтау аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі мен мұрағатынан іздестірушілер алған жауапқа қарағанда, И.Тулешовтің есімі осы ауданның «Боздақтар» (Книга Памяти) кітабында жазылған. Ал онда қалай жазылғаны жөнінде кеңірек мәлімет берілмеген. Тек «туған-туыстарынан хабарымыз жоқ» деген қысқаша ғана жауап бар. «Мы проверили по хозяйственные книги с названием, которые начинаются на Куру..., но таких сел у нас не было. А книги по хозяйственного учета в архиве имеются. Если вы уточните полное наименование села, то мы сможем проверить по его названию» деген жауаптан Сандықтау аудандық архиві басшысының И.Тулешов туралы деректерді іздестіруге соншалықты ынталылық танытпай отырғаны аңғарылады. Егер, ресейлік іздестірушілер елді мекеннің толық атауын білетін болса, сұрау салатын ба еді? Олар «бір көмегі тие ме екен?» деп жергілікті жерге қолқа салып отыр емес пе?
Абдолла ДАСТАНОВ,
Жезқазған аймақтық «Мысты өңір» газетінің директоры.
Қарағанды облысы.