Экология • 25 Тамыз, 2022

Үлкен Шабақты көліндегі балықтардың қырылу себебі анықталды

456 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақмола облысы бойынша экология департаментінің және Балық шаруашылығы ҒПО Солтүстік филиалының мамандары Үлкен Шабақты көлінде жүргізілген зерттеу нәтижелерімен бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үлкен Шабақты көліндегі балықтардың қырылу себебі анықталды

Мамандардың қорытындысына сәйкес, Үлкен Шабақты көліне адамдардың әсер ету белгілері табылған жоқ. Көлдегі балықтың қырылуына көлдің түбінен табиғи газдың шығуы немесе су қоймасының маусымдық гүлденуі себеп болуы мүмкін.

Еске сала кетсек, 2022 жылдың 12 тамызында Үлкен Шабақты көлінде балықтың қырылу деректері анықталды. Ұлттық парк қызметкерлері шамамен 250 келі өлген балықты жинап, кәдеге жаратты. Бұл негізінен ақ балық болды.

«2022 жылғы 14 тамызда алынған сынамаларда тұз құрамы, рН мөлшері, фторид, химиялық оттегі көлемі жоғары болғаны анықталды. Балық өлген тұста және солға қарай 300 метр аумақта судың рН құрамы 9,06-9,08 болды. Шекті мөлшер 6-9 деңгейінде болуы тиіс. Балықтардың өлігі табылған жерде химиялық оттегі көлемі 33-38 мгО2/л екені анықталды, қалыпты жағдайда ол 30 мгО2/л шамасында болғаны шарт. Биохимиялық оттегі де шекті мөлшерден асып түсті. Фторид құрамы 7,31-8,52 мг/л, оның қалыпты нормасы - 1,5 мг/л. Алайда бұл көрсеткіштер табиғи сипатқа ие, бұл суқойма ластанды дегенді білдірмейді. Су тұздылығының жоғарылауы да табиғи құбылыс. Аммоний азотының жоғарылауы жаз маусымында өсімдіктердің гүлдеуімен байланысты болуы мүмкін. Балық қырылған аймақта антропогендік әсер анықталмады. Бұл аумақта өнеркәсіптік кәсіпорындар мен елді мекендер жоқ», деп түсіндірді облыстық Экология департаментінің зертханалық-аналитикалық бақылау бөлімінің бастығы Максим Шлымов.

Қазір балық өлімінің жаңа фактілері анықталған жоқ.

Айта кетсек, қосымша зерттеулер қыркүйек айында жүргізіледі.