Білім • 25 Тамыз, 2022

Оқу-ағарту мен Ғылым және жоғары білім министрлігін қайта құру аяқталды

647 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкімет тиісті қаулыны қабылдады. Бұл жайында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Facеbook-тегі парақшасына жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оқу-ағарту мен Ғылым және жоғары білім министрлігін қайта құру аяқталды

«Мемлекет басшысының министрлікті бөлу туралы шешімі - отандық ғылымның да, жоғары білім беру жүйесінің де, жалпы білім беру саласының дамуы үшін де өте маңызды. Бұл құрылған екі министрлікке алға қойылған міндеттерге және проблемаларды шешуге егжей-тегжейлі назар аударуына мүмкіндік береді.

Енді Оқу-ағарту министрлігінің құзырына мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, қосымша білім беру, балалардың құқықтарын қорғау мәселелері кіреді. Министрліктің қарамағында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету мәселелері де бар», деп жазды министр.

Айта кетейік, енді еліміздегі жоғары білім және ғылым мәселелерімен Ғылым және жоғары білім министрлігі айналысады. Көзіқарақты оқырман жаңа министрліктің басшысы болып Саясат Нұрбек тағайындалғанын жақсы біледі. Сөз барысында Асхат Аймағамбетов әріптесіне сәттілік тіледі.

«Саясат Нұрбекұлының мол тәжірибесі, білімі мен жоғары кәсібилігі министрлік жұмысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретініне сенімдімін. Бұған дейін әріптесім Білім және ғылым министрлігі жанындағы жұмыс топтарының құрамында болып, осы салалардың көркейіп, дамуына септігін тигізген маңызды жобаларды жүзеге асыруға үлес қосты.

Әріптестеріме қазақстандық ғылым мен жоғары білімді елімізде және шет елдерде дамыту үшін алға қойған барлық жоспар мен жобаны жүзеге асыруға тілектеспін!», деді ол.