Кездесуде «Қазақстан халқына» ҚҚ жұмысы таныстырылып, қордың білім беру, денсаулық сақтау және спорт саласындағы іске асырылып жатқан қайырымдылық бағдарламалары мен жобалары кеңінен талқыланды. Спикерлер медициналық және оңалту орталықтарын жабдықтау, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін білім беру бағдарламаларын енгізу, соның ішінде қайта даярлау, шығармашылық және спорттық бағдарламаларды қолдау бойынша мәселелерді ортаға салды. Жұртшылықтың атынан да көптеген ұсыныстар келіп түсті.
Жиынға қалалық құрылымдардың басшылары, ҮЕҰ және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, медициналық мекемелердің, жоғары оқу орындарының басшылары, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері мен меценаттар қатысты.
«Қыркүйек айының ортасында ұлттық қайырымдылық конференциясы өтеді деген жоспар бар. Бұл конференцияға үш ай бойы дайындалдық. Іс-шараның мұндағы мақсаты - қордың қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларының жаңартылған тұжырымдамасын бекіту», деді Болат Жәмішев өз сөзінде.
«Медициналық ұйымдарды офтальмологиялық скринингке және шала туған нәрестелердің ретинопатиясын емдеуге арналған жабдықпен қамтамасыз ету» бағдарламасы аясында елордадағы Ана мен баланың ұлттық ғылыми орталығы, №2 Көпбейінді қалалық аурухана жабдықталады.
«Қазақстан халқына» ҚҚ білім гранттары бағдарламасына елорданың 11 жоғары оқу орны қатысуға тілек білдірді. Айта кетсек, қалада мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған «Тұсау кесер» дене шынықтыру-сауықтыру үйірмесі жұмыс істейді.
Кездесу аясында Нұр-сұлтан әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
«Бүгінде қор жүйелі жұмыс жүргізіп жатқаны белгілі. Ынтымақтастық туралы меморандум бізге әлеуметтік жобаларды кеңейтуге мүмкіндік береді. Бүгінгі пайдалы кездесу барысында келіп түскен ұсыныстар мен нақты жобаларды бірге пысықтайтын боламыз. Бізге ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау маңызды. Мәселен, қалада инклюзивті мектептердің санын көбейту, церебральды сал ауруы, аутизм, даун синдромы диагнозымен ауыратын балалармен айналысатын перинаталды орталықтарды, оңалту орталықтарын және онкологиялық орталықты қажетті жабдықтармен жабдықтау қажет», деді бас шаһар басшысы Алтай Көлгінов.